АСТАНАДА 50-ДЕН АСТАМ БАЛАҒА МЕКТЕП ҚҰРАЛДАРЫ ТАБЫСТАЛДЫ
Астанада жаңа оқу жылы қарсаңында балаларға қолдау көрсетуге бағытталған республикалық «Мектепке жол» қайырымдылық акциясы өтті. Іс-шара елордадағы Достық үйінде ұйымдастырылып, оған балалар мен этномәдени бірлестіктердің өкілдері қатысты.

Акция аясында 50-ден астам балаға мектеп сөмкелері мен оқу жылына қажетті кеңсе тауарлары табысталды. Балаларға арналған арнайы мерекелік бағдарлама да ұйымдастырылып, аниматорлар түрлі ойындар өткізіп, бүлдіршіндерге көтеріңкі көңіл күй сыйлады.
«Мектепке жол» акциясы тек Астанамен шектелмей, еліміздің өзге өңірлерінде де жалғасып жатыр. Жамбыл облысында 36 балаға қажетті оқу құралдары берілсе, Тараз қаласында 75 оқушы мектеп формасы мен кеңсе тауарларымен қамтамасыз етілді.
Көкшетауда қайырымдылық шарасына бірнеше этномәдени бірлестіктің өкілдері атсалысып, мұқтаж отбасылардың балаларына қолдау көрсетті. Ал Абай облысында бірқатар мектепке оқу және кеңсе құралдары жеткізілді.
Республикалық «Мектепке жол» акциясы жыл сайын 1 тамыз бен 30 қыркүйек аралығында өткізіледі. Дәстүрлі бастама аясында мемлекеттік органдар, қоғамдық ұйымдар, кәсіпкерлер мен этномәдени бірлестіктер бірлесіп, балаларға көмек көрсетеді.
Жобаның негізгі мақсаты – әлеуметтік қолдауға мұқтаж отбасылардың балаларын жаңа оқу жылына дайындауға жәрдемдесу. Атап айтқанда, аз қамтылған және көпбалалы отбасылардан шыққан оқушыларға, жетім балаларға және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға қажетті көмек көрсетіледі.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай игі шаралар балалардың жаңа оқу жылын алаңсыз бастап, білім алуға қажетті жағдай жасауға мүмкіндік береді. Қайырымдылық акциясы аясындағы іс-шаралар республика бойынша қыркүйек айының соңына дейін жалғасады.



