Без рубрики

ТОҚАЕВ ҚАЗАҚСТАННЫҢ ҚАЗБА БАЙЛЫҚТАРЫН ТИІМДІ ПАЙДАЛАНУ ҚАЖЕТТІГІН АЙТТЫ

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен аса маңызды минералдар, соның ішінде сирек кездесетін металдар саласын дамыту мәселелері жөнінде Қауіпсіздік Кеңесінің отырысы өтті.

Мемлекет басшысы жиында Қазақстанның табиғи ресурстар мен өндірістік әлеуеті жөнінен Орталық Азияда жетекші орын алатынына назар аударды. Президент елдің минералдық ресурстарын тиімді пайдаланып, қазіргі геосаяси және экономикалық жағдай қалыптастырып отырған мүмкіндіктерді мемлекет мүддесіне жарату қажеттігін атап өтті.

«Қазба байлығы мол елдер үшін әлемдегі қазіргі ахуал тиімді әрі бірегей мүмкіндіктерге жол ашып отыр», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Отырыста аса маңызды минералдарды барлау, өндіру және өңдеу мәселелері талқыланды. Мемлекет басшысы шикізатты тек өндіруге емес, оны терең өңдеп, қосылған құны жоғары өнім шығаруға басымдық беру керектігін айтты.

Қауіпсіздік Кеңесінің отырысы қорытындысы бойынша Үкіметке және жауапты мемлекеттік органдарға бірқатар нақты тапсырма берілді.

Атап айтқанда, аса маңызды минералдар саласын дамытуға қатысты жүйелі тәсіл қалыптастыру, саланы реттеу тетіктерін жетілдіру және геологиялық барлау жұмыстарын күшейту міндеті қойылды. Сонымен бірге минералдық шикізатты өңдеу өндірісін дамытуға ерекше назар аударылмақ.

Бұдан бөлек, техногендік минералдық түзілімдерді экономикалық айналымға енгізу, зертханалардың материалдық-техникалық базасын және осы саладағы кадрлық әлеуетті нығайту мәселелері де көтерілді.

Президент әкімшілік кедергілерді азайтып, инвестиция тартуға қолайлы жағдай жасаудың маңызын атап өтті.

Мемлекет басшысының пікірінше, Қазақстанның мол табиғи ресурстары мен өндірістік мүмкіндіктері ел экономикасын әртараптандыруға және жаңа өндірістерді дамытуға негіз болуы тиіс. Осы бағыттағы жұмыстар елдің минералдық-шикізаттық әлеуетін ұзақ мерзімді әрі тиімді пайдалануға бағытталмақ.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button
Close