МАҢҒЫСТАУДА ТУРИЗМГЕ БӨЛІНГЕН 117 МИЛЛИОН ТЕҢГЕНІ ЖЫМҚЫРҒАН КӘСІПКЕР 5 ЖЫЛҒА СОТТАЛДЫ
Маңғыстау облысында туризм саласын дамытуға арналған мемлекеттік қолдау бағдарламасы аясында бюджеттен бөлінген 117,2 миллион теңгені заңсыз алған кәсіпкерге қатысты сот үкімі шықты. Ол аса ірі мөлшердегі алаяқтық және қылмыстық жолмен алынған ақшаны заңдастыру бойынша кінәлі деп танылып, бес жылға бас бостандығынан айырылды. Үкім заңды күшіне енген.

Іс материалдарына сәйкес, жеке кәсіпкер «А» өкілі Маңғыстау облысындағы демалыс базасының құрылысына жұмсалған шығындардың бір бөлігін өтеу мақсатында мемлекеттен субсидия алған.
Алайда тергеу барысында мемлекеттік қолдау қаражатын алу үшін ұсынылған құжаттарда бұрмалаушылықтар болғаны анықталған. Кәсіпкер орындалған құрылыс жұмыстарының көлемін негізсіз ұлғайтып көрсететін жалған жобалық-сметалық құжаттарды пайдаланған.
Сонымен қатар демалыс базасының нысаны мемлекеттік қолдау шаралары енгізілгенге дейін салынып қойғаны белгілі болған. Яғни кәсіпкер субсидия алу кезінде бұрын орындалған жұмыстарды кейін жасалған жұмыс ретінде көрсеткен.
Тергеу барысында құжаттарда көрсетілген құрылыс жұмыстарының бір бөлігінің іс жүзінде мүлде орындалмағаны да анықталған. Осылайша, мемлекеттен жалпы сомасы 117,2 миллион теңге көлемінде бюджет қаражаты заңсыз алынған.
Бұдан бөлек, кәсіпкер жымқырылған ақшаны заңдастыру мақсатында оны банк депозитіне орналастырған. Соның нәтижесінде ол 5,6 миллион теңге көлемінде қосымша кіріс алған.
Істі қараған Ақтау қалалық соты жеке кәсіпкер «А» өкілін аса ірі мөлшерде алаяқтық жасағаны және қылмыстық жолмен алынған ақшаны заңдастырғаны үшін кінәлі деп таныды.
Сот үкімімен оған бес жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Үкім заңды күшіне енді.
Прокуратура мемлекеттік қолдау бағдарламалары арқылы бөлінетін бюджет қаражатын мақсатсыз немесе заңсыз алу заңда белгіленген жауаптылыққа әкеп соғатынын ескертеді.



