ҒАЛЫМ ҚАЛИАҚБАРОВТЫҢ АЛМАТЫДАҒЫ КОНЦЕРТІ ДЕ ТОҚТАТЫЛДЫ
Стендап-комик Ғалым Қалиақбаровтың Алматыда өтуі тиіс концертіне бір күн қалғанда тоқтатылды. Бұл оның Астанадағы өнер көрсетуі үзілгеннен кейінгі жағдай.

Қалиақбаров Алматыда 21 тамызда Central Standup Almaty алаңында өнер көрсетуі керек болған. Алайда ұйымдастырушылар концерттің болмайтынын іс-шараға бір күн қалғанда хабарлады.
Central Standup Almaty таратқан мәлімдемеде концерттің ұйымдастырушыға байланысты емес себептермен тоқтатылғаны айтылған. Алайда іс-шараның нақты қандай себеппен өтпейтіні түсіндірілмеді.
«Іс-шара ұйымдастырушыға байланысты емес себептерге байланысты тоқтатылды. Қолайсыздық үшін кешірім сұраймыз», – делінген хабарламада.
Осыған дейін Ғалым Қалиақбаровтың Астанадағы концерті де күтпеген жерден тоқтаған болатын.
АСТАНАДАҒЫ КОНЦЕРТТЕ НЕ БОЛДЫ?
19 тамызда комиктің Астанадағы Carlin мекемесінде өтіп жатқан стендабы аяқталмай қалған. Әлеуметтік желіде тараған видеоларда залға келген азаматтардың бірі іс-шараның заңсыз өтіп жатқанын айтқан.
Қалиақбаров пен көрермендер қандай заң талабының бұзылғанын нақтылауды сұраған. Кейін оқиға орнына полиция қызметкері келіп, комиктің өнер көрсету барысында бейәдеп сөздер қолданғанын айтқан.
Көрермендер бұл уәжге қарсылық білдіріп, айтылған талаптың нақты дәлелін көрсетуді сұраған.
Кейін Есіл ауданы әкімдігінің өкілдері оқиғаға қатысты түсініктеме берді. Әкімдік мәліметінше, концерт ұйымдастырушылары іс-шара өткізілетіні туралы жергілікті атқарушы органдарға заңда белгіленгендей 10 күн бұрын хабарламаған.
Осыған байланысты әкімдік өкілдері концерттің ресми түрде келісілмегенін айтқан.
Әкімдік қызметкерлері оқиға орнына заң талаптарын түсіндіру үшін барған. Алайда олардың айтуынша, ұйымдастырушылар мекеме ішіне кіргізбеген.
Осыдан кейін іс-шара ұйымдастырушылары Есіл аудандық полиция басқармасына жеткізілген. Полицияда олармен профилактикалық әңгіме жүргізіліп, қолданыстағы заң талаптары түсіндірілген. Кейін ұйымдастырушылар босатылған.
Ал Алматыдағы концерттің тоқтатылуына Астанадағы оқиға себеп болды ма, әлде басқа да мән-жайлар бар ма – әзірге белгісіз. Ұйымдастырушылар бұл жөнінде қосымша түсініктеме берген жоқ.



