Без рубрики

ТОҚАЕВ ҚҰРЛЫҚ ӘСКЕРЛЕРІНІҢ БАС ҚОЛБАСШЫСЫН АУЫСТЫРДЫ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Қарулы күштері Құрлық әскерлерінің бас қолбасшысын ауыстырды. Мереке Көшекбаев қызметінен босатылып, оның орнына генерал-майор Қуанышбек Үштаев тағайындалды.

Қуанышбек Үштаев 49 жаста, Жамбыл облысында туған. Ол 1997 жылы Алматы жоғары әскери училищесін тәмамдаған. Кейін Ұлттық қорғаныс университетінде білім алып, 2018 жылы Ресей Қарулы күштерінің Бас штабы әскери академиясын бітірген.

Жаңа бас қолбасшы әскери қызметін мотожаяу әскер батальонының командирі лауазымынан бастап, бірқатар жоғары командалық қызметтер атқарған. Әскери мансабы барысында өңірлік қолбасшылық әскерлерін басқарды.

2022 жылдан бастап Үштаев «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің қолбасшысы болды. Ал 2023 жылғы қараша айынан бері «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығын басқарды.

Қуанышбек Үштаев әскери қызметтегі еңбегі үшін «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалімен марапатталған.

Ал бұрынғы Құрлық әскерлерінің бас қолбасшысы Мереке Көшекбаев бұл қызметке 2024 жылғы 26 қарашада тағайындалған еді. Осылайша, ол аталған лауазымда бір жылға жуық уақыт қызмет атқарды.

Көшекбаев та 49 жаста. Батыс Қазақстан облысында дүниеге келген. Алматы жоғары әскери училищесін және Ресейдің Бас штабы әскери академиясын тәмамдаған.

Әскери қызмет жолын танк взводының командирі болып бастаған Мереке Көшекбаев кейін Құрлық әскерлері Бас штабының бастығына дейін көтерілді. Әр жылдары Десанттық-шабуылдау әскерлерін, «Астана» және «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылықтарын басқарды.

Президенттің шешімімен Мереке Көшекбаев Құрлық әскерлерінің бас қолбасшысы қызметінен босатылды. Оның жаңа қызметі туралы әзірге ақпарат жарияланған жоқ. Қызметтен босатылу себебі де ресми түрде түсіндірілмеді.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button
Close