АҚСУ-ЖАБАҒЫЛЫ ҚОРЫҒЫНА 100 ЖЫЛ
Түркістан облысының Түлкібас ауданында Қазақстандағы табиғи мұраны қорғау ісінің бастауында тұрған «Ақсу-Жабағылы» мемлекеттік табиғи қорығының 100 жылдығына арналған салтанатты іс-шара өтті. Ғасырлық мерейтойға табиғат жанашырлары, ғалымдар, қоғам қайраткерлері және түрлі сала өкілдері қатысты.

Жиында Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров қорық ұжымын және барша жұртшылықты айтулы датамен құттықтады.
«Ақсу-Жабағылы» – Түркістан өңірінің ғана емес, бүкіл Қазақстанның табиғи байлығы. Ол Қазақстан мен Орталық Азияда алғаш құрылған мемлекеттік табиғи қорық ретінде бір ғасыр бойы табиғатты қорғау, ғылыми зерттеу және экологиялық мәдениетті қалыптастыру бағытында маңызды қызмет атқарып келеді», – деді облыс әкімі.
Нұралхан Көшеров қорықтың қалыптасуы мен аумағын сақтау ісіне мемлекет қайраткері Тұрар Рысқұловтың да үлес қосқанын атап өтті. Бүгінде қорықтың 131 мың гектардан астам аумағында табиғи экожүйелер мен сирек кездесетін өсімдіктер мен жануарлар дүниесі қорғалады.
Облыс әкімі табиғи мұраны сақтау Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айқындаған маңызды бағыттардың бірі екенін атап өтті. Осыған байланысты өңірде экологиялық ағарту жұмыстарын күшейту, табиғи мұраны насихаттау және экотуризм инфрақұрылымын дамыту бағытында жұмыстар жүргізіліп жатқанын айтты.
Салтанатты жиында Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің төрағасы Данияр Тұрғамбаев сөз сөйлеп, қорықтың ғасырлық тарихы мен табиғатты қорғаудағы рөліне тоқталды.
Сондай-ақ мемлекет және қоғам қайраткері Зауытбек Тұрысбеков, облыстық мәслихат төрағасы Нұралы Әбішов, ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұра жөніндегі Қазақстан ұлттық комитетінің мүшесі, ЮНЕСКО және ИСЕСКО істері жөніндегі Ұлттық комиссияның табиғи мұра бойынша сарапшысы Елина Мальцева мерейтойға орай өз пікірлерін білдірді.
Іс-шара барысында қоршаған ортаны қорғауға, табиғи мұраны сақтауға және «Ақсу-Жабағылы» қорығының тарихын насихаттауға үлес қосқан азаматтар марапатталды. Мерекелік кеш облыстың өнер ұжымдары мен әншілері және бишілерінің концерттік бағдарламасына ұласты.
«Ақсу-Жабағылы» қорығы – биологиялық алуантүрлілігімен ерекшеленетін бірегей табиғи аумақ. Мұнда сүтқоректілердің 52, құстардың 299, бауырымен жорғалаушылардың 11 және қосмекенділердің 3 түрі кездеседі. Сонымен қатар қорық аумағында жоғары сатыдағы өсімдіктердің 1312 түрі өседі. Олардың 41 түрі Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген.
Қорықтың табиғи келбетін Ақсу шатқалы, тау көлдері, мұздықтар мен бірегей ландшафттар айшықтай түседі. Бұл аумақтың халықаралық маңызы да жоғары.
«Ақсу-Жабағылы» мемлекеттік табиғи қорығы ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік биосфералық резерваттар желісіне енгізілген. Ал 2016 жылғы 17 шілдеде қорық орналасқан «Батыс Тянь-Шань» трансшекаралық табиғи аумағы ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұралар тізіміне енді.
Ғасырлық тарихы бар «Ақсу-Жабағылы» қорығы бүгінде табиғатты қорғау мен ғылыми зерттеудің маңызды орталығы ғана емес, Қазақстанның табиғи мұрасын әлемге танытатын бірегей нысан ретінде өз маңызын сақтап отыр.



