ТАЗА ҚАЗАҚСТАНҒА 7 МИЛЛИОН АДАМ ҚАТЫСТЫ
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Таза Қазақстан» жалпыұлттық жобасына қатысушылармен кездесіп, экологиялық мәдениетті қалыптастырудың және қоршаған ортаны қорғаудың маңызына тоқталды. Президент саябағында өткен іс-шара барысында Мемлекет басшысы жастармен бірге ағаш отырғызды.

Қасым-Жомарт Тоқаев азаматтардың табиғатты қорғауға бағытталған бастамаларға белсенді қатысуы ел үшін аса маңызды екенін атап өтті. Оның айтуынша, туған жерге деген сүйіспеншілік ең алдымен адамның өз үйіне, ауылына және қаласына деген жанашырлығынан көрінеді.
«Бір тал кессең, он тал ек» деген халық даналығын мысалға келтірген Мемлекет басшысы табиғатты аялау мен қоршаған ортаға қамқорлық жасау қазақ халқының дәстүрлі құндылықтарының бірі екенін айтты. Бұл ұстаным кейінгі ұрпаққа аманат ретінде жеткізілуі керек.
Президент «Таза Қазақстан» жобасының мәні тек көшелерді тазалау немесе ағаш отырғызумен шектелмейтінін атап өтті. Оның пікірінше, тазалық ұғымына кең тұрғыдан қарау қажет. Адамның ойы мен ниетінің тазалығы оның күнделікті ісінен көрінеді.
«Тазалықты ең алдымен өзімізден бастау маңызды», – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев экологиялық мәдениеті жоғары қоғам қалыптастыру Қазақстан үшін маңызды міндет екенін айтты. Оның сөзінше, тазалық, ұқыптылық және жауапкершілік азаматтардың күнделікті өмір салтына айналуы қажет.
«Таза Қазақстан» жобасының негізгі мақсаты – ел аумағын көркейтіп қана қоймай, қоғамды ортақ іске жұмылдыру, азаматтардың жауапкершілігін арттыру және ынтымақ-бірлікті нығайту.
Президенттің айтуынша, жыл басынан бері еліміз бойынша 600-ден астам экологиялық іс-шара ұйымдастырылған. Оларға 7 миллион адам қатысып, 130 мыңнан астам гектар аумақ тазартылған. Сонымен қатар 1,3 миллион тал егілген.
Мемлекет басшысы бұл көрсеткіштер азаматтардың қоршаған ортаға деген жауапкершілігі артып келе жатқанын көрсететінін айтты.
«Бұл – азаматтарымыздың Отанымызға деген таза ниеті, шынайы қамқорлығы және ең бастысы, еңбекқорлығы», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент жастардың осындай қоғамдық бастамаларға белсенді араласуын ерекше атап өтті. Оның айтуынша, елдің тазалығы мен көркеюіне үлес қосып жүрген жастарды нағыз отаншыл азаматтардың қатарында қарастыруға болады.
Мемлекет басшысы «Таза Қазақстан» жобасы еліміздің халықаралық беделіне және инвестициялық тартымдылығына да әсер ететінін атап өтті. Таза әрі жайлы орта қалыптастыру – азаматтардың өмір сапасына ғана емес, елдің жалпы даму деңгейіне қатысты мәселе.
«Еліміздің әрбір азаматы бүгін де, ертең де «Таза Қазақстанда» жайлы өмір сүруі керек. Алайда осындай керемет өмір өзінен өзі аспаннан түспейді. Бұл – ең алдымен, әрбір азаматтың саналы көзқарасы мен болмысының нәтижесі», – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев тазалықты елдің болашағымен байланыстыра отырып, бұл жұмыстың түпкі мақсаты өскелең ұрпаққа қолайлы орта қалыптастыру екенін айтты.
«Таза Қазақстан» бастамасы ел бойынша бұған дейін де кең көлемде қолдау тауып келеді. Ресми мәліметке сәйкес, жоба аясында мыңдаған экологиялық іс-шара өткізіліп, қоқыс тазалау, аумақтарды абаттандыру және көгалдандыру жұмыстары жүргізілуде.
Мемлекет басшысы игі іске белсенді қатысқан азаматтарға алғыс білдіріп, нақты іске үлес қосқан отаншыл жандарды мемлекеттік деңгейде марапаттау қажеттігін айтты.
«Алдымызда келе жатқан Тәуелсіздіктің мерейлі тойында бұл құрметті міндетті орындаймын», – деді Президент.



