ТҮРКІСТАНДА 20 ЕЛДІҢ ӨНЕРПАЗЫ ҚАЗАҚ ӘНІН ОРЫНДАЙДЫ
25-27 қыркүйек аралығында Түркістан қаласындағы «Керуен сарай» туристік кешенінде VII Халықаралық «Voice of Turan – 2026» қазақ әндері фестивалі өтеді. Биыл жетінші рет ұйымдастырылатын халықаралық мәдени жобаға әлемнің 20 елінен өнерпаздар қатысады.

Бұл туралы Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мәлімдеді.
Фестивальге Франция, Испания, Италия, Сан-Марино, Тунис, Венесуэла, Индонезия, Ватикан, Беларусь, Болгария, Тыва, Грузия, Армения, Мексика, Марокко, Куба, Гвинея, Қарашай Республикасы, Башқұртстан және Бразилиядан өнерпаздар келеді.
Халықаралық жобаның басты ерекшелігі – шетелдік орындаушылардың қазақ әндерін орындауы. Фестиваль қазақ музыкасын және қазақстандық композиторлар мен авторлардың шығармаларын халықаралық деңгейде танытып, ұлттық өнерді әлемдік мәдени кеңістікке шығаруға бағытталған.
Сонымен қатар фестиваль Түркістанның тарихи-мәдени әлеуетін шетелдік қонақтарға таныстыруға мүмкіндік береді. Қатысушылар мен көрермендер үшін қаладағы мәдени-танымдық бағдарламалар да ұйымдастырылады.
Фестивальдің алғашқы күнінде, 25 қыркүйекте түркітілдес елдердің танымал өнерпаздарының қатысуымен «Zhibek zholy әуендері» атты ауқымды гала-концерт өтеді. Кеште түркі халықтарының музыкалық мұрасы мен заманауи өнері тоғысып, көрерменге арнайы концерттік бағдарлама ұсынылады.
26 қыркүйекте фестивальдің салтанатты ашылу рәсімі өтеді. Осы күні көрермен назарына «Жұлдызды жұп» бағдарламасы ұсынылып, шетелдік қатысушылар Қазақстанның танымал өнер шеберлерімен бірге қазақ әндері мен заманауи музыкалық шығармаларды орындайды.
Ал 27 қыркүйекте фестивальдің негізгі «Қазақ әні» кезеңі басталады. Бұл кезеңде халықаралық қатысушылар қазақтың халық әндерін, сондай-ақ қазақ композиторларының шығармаларын орындайды.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, фестивальдің басты мақсаты – қазақ ән өнерінің ерекшелігін шетелдік орындаушылар арқылы таныту, ұлттық музыканы халықаралық деңгейде насихаттау және түрлі елдердің өнер өкілдері арасында шығармашылық байланыс орнату.
«Voice of Turan» фестивалінің Түркістанда жетінші рет өткізілуі қаланың халықаралық мәдени іс-шаралар орталығы ретіндегі әлеуетін де айқындай түседі. Үш күнге жоспарланған шара барысында өнерпаздар өзара тәжірибе алмасып, көрермендерге қазақ әнінің сан қырлы бояуын таныстырады.



