ҚЫЗЫЛОРДАДА 26 ЖАСТАҒЫ ЖІГІТ 21 КҮН БОЙЫ ТАБЫЛМАЙ ЖАТЫР
Қызылорда облысының Жаңақорған ауданында 26 жастағы Жанболат Байділләұлы 21 күннен бері із-түзсіз жоғалып кеткен. Жақындарының айтуынша, жас жігіт жоғалар алдында Құранның ішіне хат қалдырып, бірнеше жыл бойы өзіне қысым көрсеткен адамдар туралы жазған.

Жанболат төрт жыл бұрын нәпақа табу үшін Жаңақорғанға барып, қой баққан. Бастапқыда жұмыс берушілері жалақысын уақытылы төлегенімен, кейін ақша беруді түрлі себеппен соза бастаған. Туыстарының сөзінше, жігіт жоғалар алдында сыныптасына хабарлама жазып, Құранның ішіне хат қалдырғанын айтқан.
Хатта ол бірнеше жыл бойы беттерін жауып жүрген төрт адамның түнде келіп, өзін Кентау бағытына есірткі тасуға мәжбүрлегенін және ақша талап еткенін жазған. Сондай-ақ өзіне қару қолдану арқылы қоқан-лоқы жасалғанын көрсеткен.
Жанболаттың анасы Мейрамгүл Жаңжарық ұлының аман-есен үйден кеткенін айтып, оның тағдырына алаңдап отырғанын жеткізді. Оның сөзінше, отбасыға баласының өзі қашып кеткені туралы да айтылған.
Әкесі Байділлә Жаңжарықтың айтуынша, 21 күн ішінде ұлының Шымкент, Датқа ауылы және Қарабұлақта жүргені туралы түрлі ақпарат түскен. Алайда олардың ешқайсысы расталмаған. Отбасы туыстарымен бірге таулы аймақтарды да іздеген. Іздеу жұмыстарына дрондар мен мотоциклдер де тартылған.
Жаңақорған аудандық полиция бөлімінің бастығы Асылбай Аңсатовтың айтуынша, Жанболатты іздеуге полиция, ТЖД қызметкерлері, туыстары, еріктілер, блогерлер мен жергілікті тұрғындар жұмылдырылған. Іздеу жұмыстары арнайы иттер, дрондар мен сүңгуірлердің көмегімен жүргізіліп жатыр.
Қазір жедел-іздестіру топтары облыс аумағында жұмыс істеп жатыр. Жанболаттың туыстары оның біреулер тарапынан күштеп ұсталып отырған болуы мүмкін деп күдіктенеді. Отбасы жас жігіттің аман-есен табылып, үйіне оралуын күтуде.



