ТҮРКІСТАНДА 600-ДЕН АСТАМ БОС ЖҰМЫС ОРНЫ ҰСЫНЫЛДЫ
Түркістан қаласында тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамту және еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтар бойынша жұмыс орындарын ұсыну мақсатында бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті. Іс-шараға 30-ға жуық мекеме мен ұйым қатысып, жұмыс іздеушілерге 610 бос жұмыс орнын ұсынды.

Жәрмеңкенің ашылуында облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Мекенхан Қозыханұлы, Түркістан қаласы әкімінің орынбасары Мадияр Әліпов және Түркістан қаласы мәслихатының төрағасы Ғаппар Амантайұлы сөз сөйлеп, мұндай шаралардың азаматтарды жұмыспен қамтудағы маңызына тоқталды.
Жәрмеңкеге жұмыс іздеп жүрген азаматтармен қатар, борышкерлер, пробация қызметінің есебінде тұрған және бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған азаматтар да қатысты. Бұл азаматтарға еңбек нарығына қайта қосылып, тұрақты жұмысқа орналасу мүмкіндіктері ұсынылды.
Іс-шара барысында жұмыс іздеушілер жұмыс берушілермен тікелей байланысып, ұсынылған бос орындар бойынша толық ақпарат алды. Атап айтқанда, еңбек жағдайы, жалақы мөлшері, жұмыс кестесі және жұмысқа орналасу талаптары талқыланды.
Жәрмеңке барысында азаматтарға тек Түркістан қаласындағы емес, еліміздің өзге өңірлеріндегі еңбек мүмкіндіктері де таныстырылды. Осы мақсатта «Жұмыс күшінің ұтқырлығын арттыру үшін адамдарды ерікті қоныс аудару» жобасы бойынша арнайы ақпараттық кездесу ұйымдастырылды.
Кездесуге Ұлытау, Павлодар, Шығыс Қазақстан және Солтүстік Қазақстан облыстарынан келген делегаттар қатысып, өз өңірлеріндегі еңбек нарығы, бос жұмыс орындары және қоныс аударуға ұсынылатын мүмкіндіктер туралы мәлімет берді.
Мамандар тұрғындарға қоныс аудару шарттарын, жұмысқа орналасу мүмкіндіктерін және жоба аясында қарастырылған қолдау шараларын түсіндірді. Бұл бағыттағы жұмыстар еңбек ресурстарының өңірлер арасында тиімді бөлінуіне және жұмыс іздеушілердің тұрақты жұмыспен қамтылуына мүмкіндік беруге бағытталған.
Жәрмеңкеде ұсынылған 610 бос жұмыс орны тұрғындарға өзіне қолайлы жұмыс берушіні таңдап, еңбек жағдайларымен тікелей танысуға мүмкіндік берді. Мұндай шаралар жұмыс берушілер мен жұмыс іздеушілер арасында тікелей байланыс орнатып, азаматтарды тұрақты жұмыспен қамтуға ықпал етеді.



