Без рубрики

ТҮРКІСТАНҒА 20 ЕЛДЕН «VOICE OF TURAN» ФЕСТИВАЛІНЕ ҚАТЫСУШЫЛАР КЕЛДІ

Түркістан қаласында халықаралық «Voice of Turan – 2026» қазақ әндері фестивалі өтеді. Биыл жетінші рет ұйымдастырылатын өнер додасына әлемнің 20 елінен өнерпаздар қатысады.

25-27 қыркүйек аралығында Түркістандағы «Керуен сарай» туристік кешенінде ашық аспан аясында өтетін халықаралық фестиваль қазақ музыкасын шетелдік көрерменге кеңінен танытып, қазақстандық авторлардың үздік шығармаларын халықаралық деңгейде насихаттауға бағытталған.

Үш күнге жоспарланған музыкалық шара Түркістан облысы әкімдігінің және облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің қолдауымен ұйымдастырылып отыр.

Биылғы фестивальге Франция, Испания, Италия, Сан-Марино, Тунис, Венесуэла, Индонезия, Ватикан, Беларусь, Болгария, Тыва, Грузия, Армения, Мексика, Қырғызстан, Куба, Гвинея, Қарашай-Шеркес Республикасы, Башқұртстан және Бразилиядан әншілер келеді.

Халықаралық байқаудың басты ерекшелігі – шетелдік өнерпаздардың қазақ әндерін орындауы. Бұл фестиваль арқылы ұлттық музыкалық шығармаларды өзге елдердің орындаушылары танып, қазақ ән өнерінің халықаралық мәдени кеңістіктегі орнын кеңейтуге мүмкіндік алады.

«Voice of Turan» фестивалі сонымен қатар Түркістанның тарихи және мәдени келбетін халықаралық деңгейде танытуға бағытталған. Ежелгі шаһарға жиналған шетелдік өнерпаздар мен қонақтар үшін қаладағы тарихи-мәдени нысандарды тамашалауға және өңірдің туристік әлеуетімен танысуға мүмкіндік қарастырылған.

Фестивальдің биыл жетінші рет өткізілуі оның халықаралық мәдени байланыстарды дамытудағы маңызын арттыра түседі. Әртүрлі мемлекеттен келген өнерпаздардың бір сахнада бас қосуы шығармашылық тәжірибе алмасуға, мәдени диалогты нығайтуға және қазақ музыкасын шетелде кеңінен танытуға жол ашады.

25-27 қыркүйек күндері «Керуен сарай» кешеніндегі ашық аспан астындағы сахнада өтетін фестиваль Түркістанның мәдени өміріндегі маңызды халықаралық шаралардың біріне айналмақ.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button
Close