13 ЖАСТАҒЫ КӨКПАРШЫНЫҢ ҚАЗАСЫ: ТУЫСТАРЫ ТЕРГЕУДІ ҚАЙТА ЖҮРГІЗУДІ ТАЛАП ЕТТІ
Ақмола облысында 13 жастағы Дінмұхаммедтің өліміне қатысты оның туыстары істің жабылуына наразылық білдіріп, тергеуді қайта жүргізуді талап етіп отыр. Жасөспірім 2026 жылғы 26 мамырда Қабанбай батыр ауылында көкпар ойыны кезінде ауыр жарақат алып, кейін ауруханада көз жұмған.

Қайғылы оқиға «Жанбөбек» және «Қаражар» командалары арасындағы жаттығу ойыны кезінде болған. Марқұмның туыстарының айтуынша, Дінмұхаммед ойын барысында ат үстінде келе жатқан кезде қарсы командадағы Санжар есімді ойыншы оның мінген атына бүйірінен қатты соғылған. Олардың пайымынша, дәл осы соққы жасөспірімнің ауыр жарақат алуына себеп болған.
Марқұмның әпкесі Жәнел Асыланқызы Threads әлеуметтік желісіндегі жазбасында тергеу барысына қатысты наразылығын білдірген. Оның айтуынша, бала өліміне байланысты қозғалған қылмыстық іс екі айға жуық уақыт өткен соң тоқтатылған.
Туыстары оқиғаны жай ғана «аттан құлау» деп бағалауға болмайтынын айтып отыр. Олардың сөзінше, ойын кезінде ереже бұзылып, соның салдарынан жасөспірім ауыр жарақат алған.
«Қарсылас команда ойыншысы Санжар ойын ережесін өрескел бұзып, бар жылдамдығымен менің жиенім мінген атқа бүйірінен соққан. Соның салдарынан Дінмұхаммед ат үстінде ауыр бас жарақатын алған. Кейін алған жарақаттарынан қайтыс болды», – деп жазды Жәнел Асыланқызы.
Отбасы сот-медициналық сараптаманың қорытындысына да күмән келтіретін тұстар бар екенін алға тартады. Туыстарының айтуынша, құжатта жасөспірімнің денсаулығына қатты доғал заттардың әсерінен ауыр зиян келгені көрсетілген. Сондай-ақ баланың мойны сынып, жұлын зақымданып, басынан ауыр жарақат алғаны айтылған.
Марқұмның жақындары сараптама қорытындысында бұл жарақаттардың нақты аттан құлау салдарынан болғаны көрсетілмегеніне назар аударып отыр. Осыған байланысты олар оқиғаның барлық мән-жайы толық әрі жан-жақты зерттелуі керек деп есептейді.
Туыстарының пікірінше, оқиға кезінде болған адамдардың жауабы мен тергеу барысында жиналған материалдарға қайта баға берілуі қажет. Олар қылмыстық істің қысқа мерзімде тоқтатылғанына да наразылық білдірді.
«Бастапқыда Ақмола облысының полициясы мен прокуратурасы қылмыс белгілерін көрсететін жеткілікті деректер болғандықтан, адам өлімі фактісі бойынша қылмыстық іс қозғаған. Алайда екі айдан кейін істі жауып тастады», – дейді марқұмның туыстары.
Қазір Дінмұхаммедтің отбасы құқық қорғау органдарынан істі қайта қарауды және жасөспірімнің өліміне әкелген жағдайларға құқықтық баға беруді талап етіп отыр. Туыстарының басты мақсаты – оқиғаның нақты себебін анықтап, егер заң бұзушылық болғаны дәлелденсе, оған кінәлі адамдардың жауапкершілікке тартылуы.
Бұл ретте марқұмның туыстары айтып отырған деректер әзірге олардың нұсқасы екенін атап өткен жөн. Оқиғаның нақты мән-жайын және кімнің кінәлі екенін құзырлы органдар жүргізетін тергеу мен сот анықтауы тиіс.



