АРЫС ӘКІМІНІҢ ҰЛЫ ҚАТЫСҚАН ЖОЛ АПАТЫНА ҚАТЫСТЫ ІС ТОҚТАТЫЛДЫ
Астана–Павлодар тасжолында болған ауыр жол апатынан кейін екі аяғынан айырылған студент Талғаттың ісіне қатысты жаңа дерек шықты. Оқиғаға байланысты қозғалған қылмыстық іс 2026 жылғы 1 шілдедегі рақымшылық туралы заң негізінде тоқтатылған.

Жол апаты 29 мамырда болған. Көлік жол жиегіндегі темір қоршауға соғылып, металл құрылым салонды тесіп өткен. Соның салдарынан студент ауыр жарақат алып, дәрігерлер оның екі аяғын да ампутациялауға мәжбүр болған.
Павлодар облысының полиция департаменті мәліметінше, жол қозғалысы ережесін бұзып, абайсызда адамның денсаулығына ауыр зиян келтіру дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалған. 16 қыркүйекте іс рақымшылық туралы заң негізінде тоқтатылып, бекіту үшін Екібастұз қаласының прокуратурасына жолданған. Зардап шеккен тарапқа келтірілген шығынды өтеу мәселесі бойынша азаматтық тәртіппен сотқа жүгіну ұсынылған.
Талғаттың әпкесінің айтуынша, студент қазір үйінде ем қабылдап жатыр. Отбасының сөзінше, жүргізушінің жақындары Талғаттың жағдайын сұрамаған және емделуіне көмек көрсетпеген. Бұл мәліметтер жәбірленуші тараптың мәлімдемесіне негізделген.
Бұған дейін Арыс қаласының әкімі Қайсар Маңқараев көлік тізгінінде өзінің ұлы болғанын растаған. Ол қызметтік өкілеттігін пайдаланбайтынын және тергеу барысына араласпайтынын мәлімдеген.
Талғаттың туыстарының айтуынша, жүргізуші бұған дейін жол қозғалысы ережесін бұзғаны үшін 29 рет әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Бұл дерек те жәбірленуші тараптың мәлімдемесі ретінде жарияланған.



