Без рубрики

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘЛЕУМЕТТІК-ЭКОНОМИКАЛЫҚ ДАМУ ҚАРҚЫНЫ ТҰРАҚТЫ

Түркістан облысында әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері бойынша оң динамика сақталып отыр. 2026 жылғы қаңтар-тамыз айларының қорытындысы бойынша өңірдің негізгі макроэкономикалық көрсеткіштер жоспары толық орындалып, қысқа мерзімді экономикалық өсім 121,9 пайызды құрады. Бұл көрсеткіш бойынша облыс республикада бірінші орынға шықты.

Бұл туралы облыс әкімінің орынбасары Қанат Қайыпбектің төрағалығымен өткен жиында айтылды. Басқосуда өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері, бюджеттің атқарылуы және алдағы кезеңге арналған міндеттер сараланды.

Жиында облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Күмісбек Жаппар 2026 жылдың сегіз айындағы негізгі нәтижелерді баяндады. Оның айтуынша, есепті кезеңде облыс экономикасының бірқатар саласында өсім байқалған.

Атап айтқанда, өнеркәсіп өнімінің көлемі 1,2 триллион теңгеге жетіп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 127,9 пайызға артқан. Оның ішінде өңдеу өнеркәсібінде 588,9 миллиард теңгенің өнімі өндіріліп, өсім 141,5 пайызды құрады. Ал тау-кен өнеркәсібіндегі өндіріс көлемі 510,8 миллиард теңгеге жетіп, 117,9 пайыздық өсім тіркелді.

Ауыл шаруашылығында 714,4 миллиард теңгенің өнімі өндіріліп, өсім 109,5 пайыз болды. Оның 360,1 миллиард теңгесі мал шаруашылығына, 346,9 миллиард теңгесі өсімдік шаруашылығына тиесілі.

Негізгі капиталға 1,1 триллион теңге инвестиция бағытталып, бұл көрсеткіш бойынша өсім 134,4 пайызды құрады. Құрылыс жұмыстарының көлемі 403,8 миллиард теңгеге жетіп, 123,5 пайыздық өсім қалыптасты. Ал сегіз айда 718,8 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді.

Сауда көлемі 713,2 миллиард теңгені құрап, 127,9 пайызға өсті. Көлік және қоймалау қызметтерінің көлемі 211 миллиард теңгеге, байланыс қызметтері 8,8 миллиард теңгеге жетті.

Жиында облыстық қаржы және мемлекеттік активтер басқармасының басшысы Гүлфари Ажиметова бюджеттің атқарылуы жөнінде есеп берді. Оның мәліметінше, шығыстар жоспарының орындалуы бойынша Түркістан облысы өңірлер арасында үшінші орынға тұрақтаған.

Облыс әкімінің орынбасары Қанат Қайыпбек жауапты басқарма басшыларына экономикалық өсім қарқынын сақтап, белгіленген жоспарлардың орындалуын тұрақты бақылауда ұстауды тапсырды. Сондай-ақ инвестиция тарту, жаңа жұмыс орындарын ашу, өндіріс көлемін арттыру, халықтың әл-ауқатын жақсарту және бюджет қаражатын уақытылы әрі сапалы игеру бағыттарын күшейтуді міндеттеді.

Өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерін жақсарту және жыл соңына белгіленген жоспарларға қол жеткізу бағытындағы жұмыстар жалғасады.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button
Close