Без рубрики

«ӘDILET» ПАРТИЯСЫ САЙЛАУАЛДЫ БАҒДАРЛАМАСЫ МЕН ҚҰРЫЛТАЙ ДЕПУТАТТЫҒЫНА КАНДИДАТТАРДЫҢ ПАРТИЯЛЫҚ ТІЗІМІН БЕКІТТІ

Астанада өткен «Әділет» партиясының кезектен тыс III Съезінде партияның жаңартылған Сайлауалды бағдарламасы бекітіліп, Қазақстан Республикасы Құрылтайы депутаттығына ұсынылатын кандидаттардың партиялық тізімі мақұлданды.

Съезд барысында күн тәртібіндегі негізгі мәселе – партияның Сайлауалды бағдарламасын қабылдау болды. Құжат сегіз стратегиялық бағыттан тұрады. Бағдарламаның әрбір бөлігін партияның Саяси кеңесінің мүшелері таныстырып, өз салалары бойынша негізгі бастамаларды ұсынды.

Бағдат Мусин цифрлық мемлекетті дамытуға бағытталған ұсыныстарды таныстырса, Замира Кузиева өңірлердің теңгерімді дамуы мәселелеріне тоқталды. Ренат Бектұров әділетті экономиканы қалыптастыру жөніндегі бастамаларын ұсынды. Әлеуметтік саясат бағытын Динара Зәкиева таныстырды. Лаура Қарабасова адами капиталды дамыту мәселелеріне тоқталса, Қарлығаш Жаманқұлова мәдениет саласын қолдау тетіктерін ұсынды. Ал Ирина Тен экологиялық саясаттың басым бағыттарын баяндады.

Талқылауды қорытындылаған партия төрағасы Айбек Дәдебай сайлауалды бағдарлама кең ауқымды сараптамалық және қоғамдық жұмыстың нәтижесінде әзірленгенін атап өтті.

Оның айтуынша, құжаттың негізіне Мемлекет басшысының стратегиялық бастамалары, әлеуметтік зерттеулердің қорытындылары, партия өткізген сараптамалық талқылаулар және азаматтардың ұсыныс-пікірлері енгізілген.

Партия төрағасы бағдарламаның басты ерекшелігі оның азаматтардың нақты сұраныстары мен мүдделеріне негізделгенінде екенін айтты. Оның сөзінше, құжат қоғамдағы өзекті мәселелерді шешудің нақты тетіктерін қамтып, алдағы кезеңдегі партия жұмысының негізгі бағытын айқындайды.

Съезде сондай-ақ Қазақстан Республикасы Құрылтайы депутаттығына кандидаттардың партиялық тізімі бекітілді. Делегаттар ұсынылған құрамды бірауыздан қолдап, кандидаттардың елдегі реформаларды жүзеге асыруға белсенді үлес қосатынына сенім білдірді.

«Әділет» партиясы Құрылтай сайлауына барлығы 186 кандидаттан тұратын партиялық тізім ұсынды. Оның құрамына ғылым, білім, бизнес, өнеркәсіп, цифрлық технологиялар, мәдениет, спорт және азаматтық қоғам салаларының өкілдері енген.

Съезд қорытындысында күн тәртібіндегі барлық мәселе толық қаралып, делегаттар кезектен тыс III Съездің Қаулысын қабылдады. Осылайша партияның сайлауалды бағдарламасы, кандидаттардың партиялық тізімі және өзге де ұйымдастырушылық мәселелер бойынша қабылданған шешімдер ресми түрде бекітілді.

 

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button
Close