Без рубрики

ҚАЗАҚСТАНДА БҮГІН ЖАЛПЫҰЛТТЫҚ АЗА ТҰТУ КҮНІ

Бүгін, 25 қыркүйекте, Қазақстанда Маңғыстау облысында қызметтік міндеттерін атқару кезінде қаза тапқан әскери қызметшілерге байланысты жалпыұлттық аза тұту күні өтуде.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 24 қыркүйектегі №334 өкімімен 2026 жылғы 25 қыркүйек Қазақстан Республикасында жалпыұлттық аза тұту күні болып жарияланды.

Қайғылы оқиға 24 қыркүйекте Маңғыстау облысында Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Әскери-теңіз күштерінің оқу-жаттығуы кезінде болған. Каспий теңізінің жағалауында оқу-жауынгерлік міндеттерді орындау барысында ауа райы күрт нашарлап, жел күшейген. Соның салдарынан әскери қызметшілер теңізге кеткен.

Осыған байланысты ел көлемінде аза тұтуға арналған бірқатар шаралар қабылданды.

Аза тұту мерзімі ішінде мемлекеттік және әкімшілік ғимараттардағы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы ту тұғырының биіктігінің жартысына дейін түсіріледі. Бұл талап Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздер туралы заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

Сондай-ақ бүкіл ел бойынша мәдени-бұқаралық іс-шаралар тоқтатылады. Атап айтқанда, ойын-сауық сипатындағы концерттер, шоу бағдарламалар және өзге де бұқаралық мәдени іс-шараларды өткізуге жол берілмейді.

Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі жалпыұлттық аза тұту күніне орай бұқаралық ақпарат құралдары мен мемлекеттік органдардың интернет-ресурстарын рәсімдеу жөнінде арнайы ұсынымдар жариялады.

Оған сәйкес, ақпараттық сайттар мен мемлекеттік органдардың ресми интернет-ресурстарында қара-ақ түсті безендіруді қолдану, парақшалардың жоғарғы бөлігіне аза тұту күні туралы арнайы баннер орналастыру ұсынылады. Телеарналардың логотиптерін де қара-ақ түске ауыстыру қарастырылған.

Аза тұту күні БАҚ пен мемлекеттік органдардың интернет-ресурстарындағы жарнамалық баннерлерді, ойын-сауық және интерактивті элементтерді алып тастау ұсынылады. Егер сайтта дыбыстық сүйемелдеу болса, оны өшіру де қарастырылған. Сонымен қатар аза тұтуға байланысты жарияланымдарға пікір қалдыру функциясын шектеу немесе модерация талаптарын күшейту ұсынылады.

Бұқаралық ақпарат құралдарына аза тұту күні көңіл көтеру сипатындағы материалдарды жарияламау ұсынылды. Радиоарналарда да ойын-сауық контентінен бас тартып, тыныш музыкалық шығармаларды, негізінен отандық туындыларды эфирге шығару ұсынылады.

Телерадио хабарларын тарату операторларына ұлттық аза тұту кезеңінде ойын-сауық және жарнамалық контенті бар шетелдік теле- және радиоарналарды трансляциялау мен ретрансляциялаудан бас тарту ұсынылған.

Баспа басылымдарына да аза тұту күні алғашқы беттерде қара-ақ түсті гамманы пайдаланып, ашық әрі жарқын түстерден бас тарту ұсынылады. БАҚ-тарға қайғылы оқиғаға байланысты мәйіттерді, қан іздерін және өзге де арандатушылық сипаттағы фото-видеоматериалдарды жарияламау ескертілді.

Қазақстан халқы бүгін қаза тапқан әскери қызметшілердің рухына тағзым етіп, олардың туған-туыстары мен жақындарының қайғысына ортақтасуда.

Жалпыұлттық аза тұту күніне байланысты ел аумағында қайғылы оқиғаға құрметпен қарау, белгіленген шектеулер мен тиісті ұсынымдарды сақтау көзделген.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button
Close