МАҢҒЫСТАУДАҒЫ ӘСКЕРИ ТРАГЕДИЯ БОЙЫНША АЛҒАШҚЫ ТЕРГЕУ НӘТИЖЕСІ ЖАРИЯЛАНДЫ
Маңғыстау облысында әскери оқу-жаттығу кезінде әскери қызметшілердің қаза болуына байланысты жүргізіліп жатқан тергеудің алғашқы нәтижелері белгілі болды. Қайғылы жағдайға қатысты қылмыстық істер қозғалып, қауіпсіздік талаптарын сақтамады деген күдікке ілінген лауазымды тұлғалар анықталған.

Бұл туралы Премьер-Министрдің орынбасары Қанат Бозымбаевтың төрағалығымен өткен Үкіметтік комиссияның отырысында айтылды. Комиссия оқиғаның барлық себептері мен мән-жайын анықтау жұмыстарын жалғастырып жатыр.
Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділовтің мәліметінше, қаза болған әскери қызметшілерге қатысты Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 453-бабының 2-бөлігі – ауыр зардаптарға әкеп соққан қызметке салғырт қарау және 465-бабы – кеме жүргізу қағидаларын бұзу бойынша қылмыстық істер қозғалған.
Тергеу барысында әскери қызметшілердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, оқу-жаттығуды ұйымдастыруға және құтқару жұмыстарына қатысты заң талаптарын бұзды деген күдікке ілінген лауазымды тұлғалар анықталған. Олардың әрекеттеріне құқықтық баға берілмек.
Қазір ведомствоаралық жедел-тергеу тобы жұмыс істеп жатыр. Бірқатар тергеу және жедел-іздестіру шаралары жүргізіліп, қажетті сот сараптамалары тағайындалған.
Үкіметтік комиссия отырысында оқиғадан кейін құтқарылған әскери қызметшінің жағдайы да қаралды. Денсаулық сақтау вице-министрі Манас Рамазановтың айтуынша, оның жағдайы тұрақты, өміріне қауіп төніп тұрған жоқ. Әскери қызметші қажетті медициналық көмек алып жатыр.
Қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасыларына мемлекеттік деңгейде әлеуметтік және материалдық қолдау көрсетіледі. Сонымен қатар азаматтар мен ұйымдардан көрсетілетін қосымша көмектің де нақты отбасыларға толық әрі ашық жеткізілуі бақылауға алынған. Қанат Бозымбаев бұл қаражаттың бөлінуін бақылауды тиісті мемлекеттік органдарға тапсырды.
Еске салайық, 24 қыркүйекте Маңғыстау облысында әскери оқу-жаттығу кезінде ауа райының күрт нашарлап, желдің күшеюінен әскери қызметшілер теңізге кеткен. Кейінгі нақтыланған мәлімет бойынша, 17 әскери қызметші суға кеткен. Үшеуі құтқарылып, 14 әскери қызметшінің қаза болғаны анықталды.
Қайғылы оқиғаның барлық мән-жайын анықтау үшін Қанат Бозымбаевтың төрағалығымен Үкіметтік комиссия құрылды. Тергеу мен комиссия жұмысы жалғасып жатыр.



