ҚОРҒАНЫС МИНИСТРЛІГІНДЕ БЮДЖЕТ ҚАРАЖАТЫНЫҢ ЖҰМСАЛУЫ ТЕКСЕРІЛІП ЖАТЫР
Қорғаныс министрлігінде бюджет қаражатының жұмсалуына байланысты кешенді тексеру жүргізіліп жатыр. Аудит жұмысы Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында қолға алынған.

Тексеру жұмыстарының алғашқы нәтижелері бір апта ішінде ұсынылуы тиіс. Комиссияға Қауіпсіздік кеңесі төрағасының орынбасары Аида Балаева жетекшілік етеді. Ал оның орынбасары болып Жоғары аудиторлық палатаның төрағасы Әлихан Смайылов тағайындалды.
Комиссия құрамына Президент Әкімшілігінің, Қауіпсіздік кеңесінің, Қаржылық мониторинг агенттігінің, Қаржы министрлігінің, Бас прокуратураның, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің және Ұлттық экономика министрлігінің өкілдері кірді.
Тексеру барысында Қорғаныс министрлігіне бөлінген бюджет қаражатының мақсатты әрі тиімді жұмсалуы, қаржылық тәртіптің сақталуы және мемлекеттік сатып алуларға қатысты мәселелер қаралуы мүмкін.
Бұған дейін Мемлекет басшысы мемлекеттік аудиттің маңыздылығына бірнеше рет назар аударған. Жоғары аудиторлық палатаның дерегінше, 2026 жылдың алғашқы жартыжылдығында жалпы сомасы 5,8 триллион теңгені құрайтын 13 ірі мемлекеттік аудит жүргізілген.
Қорғаныс саласындағы қаржыны бақылау мәселесі де бұған дейін аудит күн тәртібінде болған. Мәселен, 2025 жылдың қорытындысы бойынша Қорғаныс министрлігіне республикалық бюджеттен 1 триллион теңгеден астам қаражат қарастырылған. Жыл соңына дейінгі есепте министрліктің бірқатар бюджеттік бағдарламалары бойынша қаражаттың толық игерілмегені көрсетілген.
Қазіргі тексерудің нақты қорытындысы комиссия жұмысы аяқталғаннан кейін белгілі болады. Оның нәтижесінде бюджет қаражатын пайдалану барысында анықталған фактілерге құқықтық және қаржылық баға берілмек.



