Без рубрики

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ СОЗАҚТАҒЫ БАБА ТҮКТІ ШАШТЫ ӘЗІЗ КЕСЕНЕСІ ЖАҢҒЫРТЫЛДЫ

Созақ ауданындағы тарихи-мәдени мұра нысандарының бірі – Баба Түкті Шашты Әзіз кесенесі толық жаңғыртудан өтіп, қайта пайдалануға берілді. Тарихи нысанды қалпына келтіру жұмыстары Тимур Құлыбаевтың Halyk қайырымдылық қорының қолдауымен жүзеге асқан. Жобаға шамамен 330 миллион теңге қаржы бағытталған.

Кесененің жаңғыртылуына арналған салтанатты шараға зиялы қауым өкілдері, ардагерлер, ауыл ақсақалдары мен аудан тұрғындары қатысты. Жиын барысында қонақтар кесене аумағын аралап, атқарылған жұмыстардың нәтижесімен танысты. Ақсақалдар ақ батасын беріп, елдің амандығы мен бірлігін тіледі.

Құмкент ауылынан оңтүстікке қарай үш шақырым жерде орналасқан Баба Түкті Шашты Әзіз кесенесі XVIII ғасырдан бастау алатын тарихи-мәдени мұра нысаны саналады. Кесене «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы аясында елдегі 100 ұлттық қасиетті нысанның қатарына енгізілген.

Іс-шара барысында аудан әкімінің орынбасары Алтын Күнтуқызы, академик Асқар Құлыбаев, Halyk қорының атқарушы директоры Ғалымбек Жақсылықов және аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қабылбек Еспенбетов сөз сөйлеп, тарихи мұраны сақтап, кейінгі ұрпаққа жеткізудің маңызын атап өтті. Сонымен қатар шараға қоғам қайраткері Зауытбек Тұрысбеков қатысты.

Жаңғырту жобасы аясында кесененің өзімен қатар қонақүй, асхана және кесене қараушысына арналған үй де жөндеуден өткізілді. Бұл жұмыстар зиярат етіп келетін азаматтарға қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді.

Қалпына келтіру жұмыстары ғылыми-реставрациялық құжаттама талаптарына сәйкес жүргізілген. Мамандар тарихи нысанның сәулеттік ерекшеліктерін сақтай отырып, оның қазіргі жағдайын жақсартуға басымдық берген.

Баба Түкті Шашты Әзіз кесенесінің жаңғыртылуы – Созақ өңіріндегі тарихи мұраны сақтауға бағытталған маңызды жобалардың бірі. Ежелгі нысанның қалпына келтірілуі оның тарихи маңызын сақтап қана қоймай, зияратшылар мен туристер үшін де қолайлы жағдай қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Айта кетейік, Halyk қайырымдылық қоры соңғы он жылда білім беру, спорт, мәдениет және әлеуметтік қолдау бағыттарында 100 миллиард теңгеден астам қаржыға 200-ден астам жобаны жүзеге асырған.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button
Close