ҚҰРЫЛТАЙ САЙЛАУЫНА 15,5 МИЛЛИАРД ТЕҢГЕДЕН АСТАМ ҚАРЖЫ ЖҰМСАЛУЫ МҮМКІН
Тамыз айында өтуі мүмкін Құрылтай сайлауына қомақты қаржы бөлінбек. Орталық сайлау комиссиясының хатшысы Шавкат Өтемісовтің айтуынша, бұл науқанға кететін шығын көлемі АЭС бойынша өткен референдумнан да асып түсуі ықтимал.

Әзірге нақты сома ресми түрде бекітілмеген. Себебі сайлаудың нақты күні әлі анықталмаған. Шавкат Өтемісовтің сөзінше, барлық есеп сайлау мерзімі белгілі болғаннан кейін жасалады. Оның айтуынша, негізгі шығындардың бірі — комиссия мүшелерінің еңбекақысы. Сайлау учаскелерінде жұмыс істейтін мамандар саны көп болғандықтан, бұл бағытқа едәуір қаржы қарастырылады. Сонымен қатар бюллетень басу, техникалық жабдықтау, тасымал және ұйымдастыру жұмыстары да жалпы шығын көлемін арттырады. Айта кетейік, бұған дейін АЭС құрылысына қатысты өткен республикалық референдумға да миллиардтаған теңге жұмсалған болатын. Ал енді алдағы Құрылтай сайлауының шығыны одан да жоғары болуы мүмкін деген ақпарат қоғамда қызу талқыланып жатыр. Әлеуметтік желі қолданушыларының бір бөлігі мұндай ірі саяси науқандарға кететін қаражат көлеміне назар аударса, енді бірі сайлау процесінің ашық әрі әділ өтуі маңызды екенін айтуда. Қазіргі таңда Құрылтай сайлауының нақты қашан өтетіні ресми түрде жарияланған жоқ. Соған байланысты соңғы шығын көлемі де кейінірек белгілі болады.



