ҚОРҒАНЫС МИНИСТРЛІГІНДЕГІ ТЕКСЕРІСТЕН КЕЙІН 13 ҚЫЛМЫСТЫҚ ІС ҚОЗҒАЛДЫ
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қорғаныс министрлігіндегі тексерістің алғашқы нәтижелері бойынша есеп алды. Тексеру барысында мемлекет мүлкін талан-таражға салу, лауазымдық өкілеттіктерді асыра пайдалану және әскери ортадағы жарғыға қайшы әрекеттерге қатысты бірқатар заң бұзушылық анықталған. Нәтижесінде 13 қылмыстық іс қозғалды.

Бұл – жүргізіліп жатқан тексерістің бірінші кезеңінің қорытындысы. Қылмыстық қудалау органдары Қорғаныс министрлігіне қарасты ұйымдар мен құрылымдық бөлімшелердің қызметіне қатысты заң бұзушылықтарды тексеріп жатыр. Атап айтқанда, мемлекет мүлкін талан-таражға салу, қызметтік өкілеттіктерді асыра пайдалану және өзге де құқыққа қайшы әрекеттер бойынша қылмыстық істер тіркелген.
Сонымен қатар Каспий теңізіндегі әскери қызметшілердің қаза болуына байланысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жалғасуда. Тергеу қолбасшылық құрамның ықтимал қылмыстық салғырттығына қатысты жүргізіліп жатыр. Осы іске байланысты бес лауазымды тұлға тұтқындалған. Тергеу аяқталғаннан кейін олардың әрекеттеріне түпкілікті құқықтық баға беріледі.
Тексеру барысында әскери тәртіпті сақтау және құқық бұзушылықтардың алдын алу бағытында да бірқатар кемшілік анықталған. Атап айтқанда, әскери қызметшілерге әлімжеттік көрсету және әскери жарғы талаптарын бұзу фактілері әшкереленген. Осы деректер бойынша да қылмыстық істер қозғалған.
Қорғаныс министрлігіндегі тексерістің алғашқы нәтижелері бойынша есеп алған Мемлекет басшысына комиссия жұмысының жалғасып жатқаны баяндалды. Тексерудің келесі кезеңдерінде де анықталған заң бұзушылықтардың мән-жайын жан-жақты зерделеу және тиісті шаралар қабылдау көзделіп отыр.
Қылмыстық істер бойынша тергеу амалдары жалғасуда. Күдікті тұлғалардың кінәсі заңды күшіне енген сот үкімімен дәлелденбейінше, олар кінәсіз деп есептеледі.



