АСТАНАДА «ӘDILET» ПАРТИЯСЫНЫҢ III КЕЗЕКТЕН ТЫС III СЪЕЗІ ӨТТІ
10 шілде күні Астанадағы Тәуелсіздік сарайында «Әділет» саяси партиясының кезектен тыс III Съезі өтті.

Елдің барлық өңірінен келген 1000-нан астам делегаттың басын қосқан жиынға партияның облыстық филиалдарының өкілдері, қоғамдық бірлестіктер мүшелері, сарапшылар қауымдастығы және арнайы шақырылған қонақтар қатысты.
Съездің пленарлық отырысы басталар алдында партияның Саяси кеңесінің отырысы өтіп, онда күн тәртібіне енгізілген негізгі мәселелер мен партия қызметінің басым бағыттары талқыланды.
III кезектен тыс Съезд барысында делегаттар партияның сайлауалды бағдарламасын бекітіп, Құрылтай сайлауына ұсынылатын кандидаттардың партиялық тізімін мақұлдады. Сонымен қатар партия Жарғысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу, мүшелік жарналардың мөлшерін белгілеу және қорытынды қаулыны қабылдау мәселелері қаралды.
Партияның мәліметінше, 10 шілдеге дейін ұйымның құрылымдық жұмыстары толық аяқталған. Өңірлік желі қалыптастырылып, барлық басшылық органдар жасақталды. Өңірлік Саяси кеңестердің құрамына 808 адам, ал Бақылау-тексеру комиссияларының құрамына 100 адам енді.
Партияның басқару органдарына шағын және орта бизнес, білім беру және ғылым, үкіметтік емес сектор, кәсіподақтар, мәдениет және спорт, өнеркәсіп, көлік, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, денсаулық сақтау, бұқаралық ақпарат құралдары, экономика, құқықтану, IT және креативті индустрия салаларының өкілдері кірді.
«Әділет» саяси партиясы түрлі кәсіби қауымдастықтар мен қоғамдық бірлестіктер өкілдерінің бастамасымен құрылған. Партияның құрылтай съезі 2026 жылғы 7 мамырда Астана қаласында өтті. Ал 2026 жылғы 1 маусымда Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі заңнама талаптарына сәйкес «Әділет» саяси партиясын мемлекеттік тіркеуден өткізді.
III кезектен тыс съезде қабылданған шешімдер партияның алдағы Құрылтай сайлауына дайындығын айқындап, оның бағдарламалық басымдықтары мен ұйымдық құрылымын толық бекітті.



