ІІМ БАЛАЛАРҒА БІР СӘТТІК ӘРЕКЕТТІҢ СОҢЫ АУЫР САЛДАРҒА ӘКЕЛУІ МҮМКІН ЕКЕНІН ЕСКЕРТТІ
Ішкі істер министрлігі балалар мен жасөспірімдердің қауіпсіздігіне қатысты ата-аналар мен оқушыларға үндеу жасады. Ведомство кейде ойланбай жасалған қарапайым әрекеттің өзі санаулы секунд ішінде қайғылы жағдайға ұласуы мүмкін екенін ескертті.

Министрлік балалардың «жүгіріп өтіп үлгеремін», «тек қорқытқым келді» немесе «ол маған тиісті, мен де жауап беруім керек» деген секілді оймен жасаған әрекеттері күтпеген салдарға әкелуі мүмкін екенін атап өтті. Мәселен, көлік жүргізушісі бірден тоқтай алмайды, ал қарапайым жанжал төбелеске ұласып, ауыр жарақатқа соқтыруы ықтимал.
ІІМ сондай-ақ балаларға күш көрсету мен өз дегенін кез келген жолмен дәлелдеуді батылдық деп қабылдамау қажеттігін түсіндіруге шақырды. Нағыз мықтылық — қауіпті сәтте дер кезінде тоқтай білу, қажет болса шегіну және арандатуға ермеу.
Біреу әдейі ашуға тиген жағдайда да сабыр сақтап, «Мұның соңы не болады?» деп ойланған маңызды. Өйткені ашумен қабылданған шешімнің салдарын кейін өзгерту мүмкін болмауы ықтимал.
Полиция ата-аналарды балаларымен қауіпсіздік мәселелері туралы тұрақты түрде сөйлесуге шақырды. Балаларға тек «болмайды» деп тыйым салмай, белгілі бір әрекеттің неліктен қауіпті екенін және оның қандай салдарға әкелуі мүмкін екенін түсіндіру қажет.
ІІМ балаларды қиын жағдайға тап болғанда мәселені жасырмай, ата-анасына, мұғаліміне немесе басқа сенімді ересек адамға дер кезінде айтуға үндеді. Қажет болған жағдайда тиісті қызметтерден көмек сұраудан да тартынбаған жөн.
«Кейде бірнеше секунд ішінде қабылданған бір дұрыс шешім адамның денсаулығын, болашағын, тіпті өмірін сақтап қалуы мүмкін», — деп ескертті министрлік.



