САЙРАМДА ЗИЯНДЫҚ ҚАЛДЫҚТАР ЖИНАЛЫП, ЕКІ АУЫЛДА ТАЗАЛЫҚ ЖҰМЫСТАРЫ ЖҮРГІЗІЛЕДІ
Түркістан облысы Сайрам ауданында «Таза Қазақстан» акциясы жалғасын табуда. Бұл жолы тазалық шаралары Қарамұрат ауылындағы карьер аумағы мен Қарабұлақ ауылындағы полигон аумағында өтпек.

Жалпы бұл акция апта сайын ұйымдастырылып отырады. Ауылдарды таза ұстау өскелең ұрпаққа тәлім-тәрбие болмақ. Сонымен қатар зиянды қалдықтарды жинау экологияның маңыздылығын көрсетпек.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық бағдарламасы аясында елді мекендердің санитарлық жағдайын жақсарту, табиғатты қорғау, заңсыз қалдықтардың алдын алу және экологиялық мәселелерді кезең-кезеңімен шешу бағытында нақты міндеттер айқындалған. Осыған сәйкес Сайрам ауданында да экологиялық мәселелерді шешуге басымдық беріліп келеді.
Осыған байланысты аудан аумағындағы экологиялық ахуалға қатысты маңызды жиын өткізіліп, Қарамұрт ауылындағы карьер аумағына және Қарабұлақ ауылындағы полигон аумағына төгілген мұнай қалдықтарын тазалау мәселесі жан-жақты қаралды. Бұл мәселе аудан тұрғындарының алаңдаушылығын туғызып отырғандықтан, қоршаған ортаға келетін зиянды азайту және санитарлық жағдайды жақсарту бағытындағы іс-шаралар кешенін жүзеге асыру көзделіп отыр.
Жиын барысында жауапты бөлім басшылары мен сала мамандары аумақтардың қазіргі жағдайы туралы баяндама жасап, мұнай қалдықтарының қоршаған ортаға тигізуі мүмкін әсерлері сараланды. Сонымен қатар тазалау жұмыстарын ұйымдастырудың кезеңдері, қауіпсіздік талаптарын сақтау, арнайы техникаларды пайдалану және қалдықтарды заң талаптарына сәйкес залалсыздандыру мәселелері талқыланды.
Қарамұрт ауылындағы карьер аумағы мен Қарабұлақ ауылындағы полигон маңындағы мұнай қалдықтарын тазалау жұмыстары қоршаған ортаны қорғау талаптарына сәйкес жүргізілетін болады. Жауапты сала мамандарымен және мердігер мекеме өкілдерімен бірлесе отырып, қажетті ұйымдастыру шаралары келісілді. Сонымен қатар демеушілер тарапынан қолдау көрсетіліп, арнайы техникалар мен қажетті құрал-жабдықтарды тарту мәселесі де шешімін тапты. Бұл жұмыстар кезең-кезеңімен жүзеге асырылып, әрбір кезеңі жауапты мекемелердің бақылауында болады.
Қазіргі таңда тазалау жұмыстарына дайындық жүргізілуде. Мамандар аумақтарды зерделеп, қажетті техникалардың жұмыс жоспарын әзірлеуде. Сонымен қатар қауіпсіздік талаптарын сақтау, қоршаған ортаға зиян келтірмеу және қалдықтарды тиісті орындарға шығару мәселелері пысықталуда. Жоспарға сәйкес тиісті тазалау жұмыстары мамыр айының соңына дейін басталады. Барлық жұмыстар белгіленген талаптарға сәйкес әрі экологиялық нормаларды сақтай отырып жүзеге асырылатын болады.
Экологиялық қауіпсіздік – халық денсаулығын сақтаудың және табиғи ортаны қорғаудың негізгі бағыттарының бірі. Сондықтан мұндай мәселелерді уақытылы шешу ауданның тұрақты дамуына, тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуға және қоршаған ортаның тазалығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Әсіресе өндірістік қалдықтарды ретке келтіру, ластанған аумақтарды қалпына келтіру және санитарлық талаптарды сақтау алдағы уақытта да басым бағыттардың бірі болып қала береді.
Сайрам ауданында соңғы жылдары елді мекендерді абаттандыру, заңсыз қоқыс орындарын жою, жасыл аймақтарды көбейту және экологиялық мәдениетті қалыптастыру бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізіліп келеді. «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында ұйымдастырылып жатқан сенбіліктер мен экологиялық акциялар тұрғындардың табиғатқа деген жауапкершілігін арттырып, қоршаған ортаны қорғау мәдениетін нығайтуға ықпал етуде.
Экологиялық тазалық пен тұрғындардың қауіпсіздігі әрдайым басты назарда болады. Сондықтан Қарамұрт және Қарабұлақ ауылдарындағы мұнай қалдықтарын тазалау жұмыстары толық бақылауда ұсталып, олардың сапалы әрі белгіленген мерзімде орындалуы қамтамасыз етіледі. Алдағы уақытта да аудан аумағындағы экологиялық мәселелерді кезең-кезеңімен шешу, табиғатты қорғау және тұрғындарға қолайлы өмір сүру ортасын қалыптастыру бағытындағы жұмыстар жалғасып, Мемлекет басшысы айқындаған экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және «Таза Қазақстан» бағдарламасының мақсат-міндеттерін іске асыруға бағытталған жұмыстар өз жалғасын табатын болады.


