ЖАПОНИЯДА ПЛАСТИК ПАКЕТТЕР ТАПШЫ БОЛА БАСТАДЫ
Жапонияда бір реттік пластик пакеттер, азық-түлік қаптамалары және қорғаныш қолғаптарының тапшылығы байқалып отыр.

Бұл жағдай ірі сауда желілері, фастфуд мейрамханалары, супермаркеттер мен отбасылық наубайханалардың жұмысына әсер еткен.
Шетелдік БАҚ-тың хабарлауынша, мәселенің басты себебі – пластмасса өндірісінде қолданылатын негізгі шикізаттардың бірі саналатын нафтаның жетіспеушілігі. Сарапшылар мұны Таяу Шығыстағы әскери қақтығыстар мен Иран төңірегіндегі тұрақсыз жағдайдың салдары деп бағалайды. Соның кесірінен мұнай мен мұнай өнімдерін жеткізетін логистикалық бағыттарда іркілістер пайда болған.
Жапония мұнай-химия өнеркәсібі қауымдастығының мәліметінше, биылғы наурыз айында елдегі полиэтилен өндірісі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 62 пайызға төмендеген. Бұл көрсеткіш пластик өнімдерінің тапшылығына тікелей әсер етіп отыр.
Тапшылық мәселесі тек Жапонияда ғана емес. Оңтүстік Корея астанасы Сеулде де тұрғындар арасында сұраныс күрт өсіп, стандартты қоқыс пакеттерінің сатылымы наурыз айында бес есеге жуық артқан.
Мамандардың айтуынша, егер шикізат жеткізу тізбегіндегі қиындықтар шешілмесе, пластик өнімдерінің тапшылығы басқа елдерге де таралуы мүмкін.



