АРДАГЕРЛЕР ТҮРКІСТАНҒА САЯХАТТАП ҚАЙТТЫ
Әл-Фараби ауданы әкімдігінің ұйымдастыруымен аудандық ардагерлер кеңесінің мүшелері киелі Түркістанға зиярат етіп қайтты. Бастауыш ардагерлер үйінің төрағалары мен төрайымдарынан және тыл ардагерлерінен құралған топта 37 ардагер бар. Қарттарды сәтті сапарға аудан әкімі Рашид Мыңбаев шығарып салды.
—Ардагерлер кеңесінің төрағасы Рысбай Исамутдин ағамызбен қарттар күнінде бірқатар ардагерлерімізді құттықтап барғанда, ер түрік бесігіне бір күндік саяхат ұйымдастыру туралы ұсыныс түскен еді. Карантин басталғалы ата-әжелер ешқайда шықпапты. Шымкент қаласы қазір «жасыл» аймаққа өтті, ауа райы да қарасып тұр. Сондықтан ақылдаса келе, түрленіп түлеген Түркістанды көріп, бой жазып қайтсаңыздар деп шештік. Қауіпсіздік үшін сіздермен бірге тәжірибелі дәрігерді жібердік. Ақ жол,- деді аудан әкімі.
Әл-Фараби ауданы ардагерлер кеңесінің мүшелері Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне барып зиярат етіп, Түркістанда салынған жаңа ғимараттар мен нысандарды аралады.