Қоғам

БАҚБАҚ БАСЫ ТОЛҒАН КҮН (ЖАЛҒАСЫ)

Ауылдан бас алған айдау жолдын ұшы Жасаңның шетіне ирелендеп сұғына кіріп жатыр. Жол танабының бірден қатайғанын арбаның салдыр-гүлдір берекесіз әнін бастап бергенінен-ақ біле қойдым.

Шабындық үлкен, қаншама шапқыласаң да шет-шегіне жете алмайсың. Бірақ географиялық картада, неге екені белгісіз, аталынбапты. Глобусты қаншама ұқыпты айналдырып қарасам да, «Жасаң» атты жерді таба алмадым. Ал географиядан сабақ беретін Роза апай барлық көлемі үлкен жер картаға түсіріледі деп еді.

Жасаңның ауыл маңайынан артықшылығы — еңкей бір кілкіген көк құрақ. Лүп етіп жел тұрса, былай бір, алай бір бас изеп, ырғалады да қалады. Класком қыз Күләштің «Жайдарманды» билегенінен аумайды-ау, шіркін! Ауыл төңірегіндегі тақырдағыдай табаныңа тікенек кіреді екен деп тіпті де ойлама. Жасаңда қурай, кәріқыз, ши өспейді. Оның есесіне гүл өте көп. Сары, қызыл, ақ, көк… Қыздар қыдырып жүріп етек-етек тереді өздерін. Ал бізге, ұлдарға, одан гөрі бақбақ ұнайды.

Аяғыңмен бассаң, борт-борт сынып езіле беретін момын өсімдік. Әбден жетіліп бас жарғанда бүкіл шабындық ылғи аппақ бақбақтан ғана тұратын секілді. Үлп деп аспанға ұшырып жібер де, әлсін-әлі үрлеп қойып қуа бер, қуа бер. Ол шыркөбелек айналады. Кейде күн көзіне шағылысып көрінбей де кетеді. Ондайда өкінбе: тоқта да тоса қал, аздан соң жылт етіп өзі-ақ шыға келеді.

Жасаңда құмарың қанғанша емін-еркін сайрандап ойна, ешкім де ұрсып зекімейді. Ауыл, оған қоса қатал аға-көкелеріміз алыста. Құрақ-құрақ арасын бұқпантайлап партизан ойнаймыз, одан жалықсақ, футбол, тығылыспақ бар. Жайылып жүрген бұзауларды ұстап алып, бас үйретеміз. Өздері момын жануарлар болғанымен, тоңқалаңдап қашып құтылып кетуге тырысады. Қашқанмен, Жасаңның таңдайға балдай тиетін шөбі мен суын қиып қайда барады. Ондайда құйрығынан мықтап ұстап алсаң болды, «Бөө-бөө!» деп мөңіреп қойып, айнала шапқылайды. Ақыры шаршап тоқтаған кезде қарғып мініп ал да, әйда, жорғалатып ауылға қарай қасқайып тарт. Ондайда ауылдағы ұсақ балалар, яғни шыбын-шіркейлер бұлттай қаптап, таңданғанынан ауыздары ашыла, көше аузынан сені қарсы алады. Су тегін бедел деген осы емес пе. Біздің Жасаң қаншама топырласаң да сынын бұзбайтын сондай жер.

Жолдан қиыстап, Қарасудың бойына тура тарттық. Бет алысымыз өзеннің бергі бетіндегі шабындықтың мәйекті, ең қалың, қамыстан таза киіз пұшпағы. Ырдуан құрақтан өтіп, қалың қурайды қақ жара жүзіп келеді. Шөптердің ұсақ сары гүлді бастары қорап ернеуінен аса шұлғып сырыла қалып жатыр. Жапырақтарына жабысып қонақтаған шыбын-шіркейлер, көбелек, масалар бұрқ-бұрқ атыла шашылады да, қанаттарын дірілдете қалықтап қатып, тымық ауада іліне қалады. Табан асты сытырлап сынған былтырғы қамыс, қурайдың ақсөңке сүйектері. Джунглидің тап өзі. Соның аты «жыңғыл-айдан» шықпады ма екен? Былтыр бір оқыған кітабымда алыс басқа жерлердің бірталай есімін біз қойыппыз депті ғой.

Африка біздің «қапырық» екен, ендеше, «джунглиді» «қалың жынғыл» деген мағынада көкемнен үлкен, мұрты көбірек, сақалы ақтау аталарымыз атап кеткен де.

Арба тоқтапты. Өткен жылғы жер көзіме оттай басылды. Қызыл бие кілт бұрылғанда сынатын доға шеп арасында ағарып жатыр. Мамам шай қайнатқан қазан-ошақтың орны қарайып, жасыл ніл түстен бөліне қапты. Алақаныммен сипап едім, өкініп қалдым, былтырғы қызыл шоктың қызуы сақталмапты.

— Әй, жер сипап еріккенше, аттарды тұсап кел, — Көкемнің қабағының ашылмайтыны жаман-ақ. Тым болмаса жалғыз рет күліп, жадырасайшы. Өз есіміммен әсте шақырмайды — таусылып бітпейтін «әй, үй». Айта берсе, мен «әй, үй» емес, Заманбекпін ғой.

Кібіртіктеп басып келіп, қолынан тұсамысты алдым.

— Қызыл биені үш аяқтап шідерле. Жаның бар ма, ыбылжымай, тезірек ұстасай.

Бір бүйірден Қоқай да қосанжарлап қоятын емес:

— Сөйт, айналайын. Қазандатқыр қызыл пәлені байлап-матап тастамасаң, ауыл қайдалап қашып береді. Көктемгі құрты тірі, көкірегіне жел лебі тисе, есіп отыратын ұрғашы тұқымнан бұл жануар. Сөйте ғой, сөйт. Айналайын, ақылы бар өзінің.

Ақылым бар екеніне онсыз да баяғыда көзім жеткен. Осы Қоқай неге біреудің айтқанын ғана қайталай береді және сөздердің ылғи есте тұрмайтын уағынан таңдап алады? Сабаққа дайындалмаған Оқастың жауабы сияқты. Оқас дегеніңіз жылпып тұрған қу ғой. Оның сабақты білмеймін дегенін, екі жыл қатар оқып, ешқайсысымыз естіген емеспіз. Тақтаға әдетте көтерген қолын мұғалімнің көзіне тығып жібере жаздап, өзі сұранып шығады. Содан соң, мысалы, континенталды климат жөнінде айта бастайды. «Континенталды климаттың қысы қатал, суық. Шеке аппақ боп үсіп кетеді, ал ауыздарынан шыққан буға адамдар тұншығып қалады екен. Көздерінің бояуы оңып, бозарады». Аппақ қырау тұтқан әйнекке көзін қадап алып, әрі қарай осы сарынмен соға береді, соға береді. Бір қызығы, Роза апай күлімсіреп қойып, оған ылғи да «орта» қояды. Жарайды, Оқас Оқастығынан, қырсықтығынан істеп отыр. Ол сабақты біле тұрса да кітапта жазылғанды бұрмалап, мазақ етеді. Жалпы, өзі басқалардан бөлініп, ерекше жүретін тұйықтау бала. Ал Қоқай ересек, үлкен адам ғой. Ендеше, оның салмақты болғаны жөн. Әлде ол да көкемді әдейі қайталап, бұрмалап, сөйтіп кек ала ма? Көкем ғой оның бес минут сөйлегенін бес сөзге оп-оңай сыйғызып айтады — табаным жерге тимей, дедектеп келе жатқаным сол корғасындай ауыр сөздердің қуғыны.

Бәрібір көкемнің дөрекі сөздерінен гөрі Қоқайдың қисық-қыңыр қалжыңы адамға әлдеқайда жеңіл әрі жақсы тиеді.

Жәнипалардың тартпа түсірген жері тап жолдың үстінде. Алыстан-ақ көрдім, апай шалғы сілтеп жүр. Оқасты қатарына сап қойыпты. Жетегімдегі аттардың ығына тығылып, көздеріне көрінбеуге тырыстым. Оқас қу сөздің майын шылқытып қуырдақ қуырғанға ғана тәуір: қимылы олақ, шабан, құлашы китің-китің қысқа. Шалғысын томарға соғып алды. Шөк-шөк, саған сол дауа. Тартпасын бар күшімен тартады, тістесе кірген болат темір қайдан шықсын. Тер шыққан маңдайын сүртіп қояды. Аяп кеттім. Өзі соншалықты жек көре қоятындай жаман да бала емес; тек болмашыға шармаяқтаса беретін мінезінің қитарлығы бар.

Әлі тартпасын шығаратын түрі жоқ.

— Әй, Оқас! Сен шалғыны тік суырма, білдің бе? Әкел, көрсетейін, — Бет-аузы тыжырайып, бір уыс болды да қалды. Онымен коймай:

— Заманбек… Зәмзәгүл-ау, шоп шабу қыздардың ісі емес. Олардың шаруасы қызыл орамал тартып, нағыз еркектердің атын жетелеу, — деді.

— Өзің біл, Оқас — қара май! Шалғы тарта алмай жатқан соң… Ол шіңкілдей әндетіп қоя берді:

Кетік, кетік, Кекшебай,

Екі тісің боқшадай…

Сөйтті де тартпаны тартып қалды, — тартпа шыдамады, мойны опырылды, Оқас шалқасынан тыраң құлады. Алақай, алақай! Тиімді басып, сайтанша сақылдап кеп күл. Күлкі көмейіме толып, тіпті қақалып қалдым. Оқастан өстіп қана өш алмаса болмайды. Жата қап екі аяғыммен көкбет көктің кеудесін дүрс-дүрс тепкілеймін. Көптенгі құмарымнан шықтым-ай, шықтым. Күлкінің түйе-есегі секілді көкелері айналайын жарқын жүзді Жәнипа апайым айыр жүзін жарқылдата найзаша тік көтеріп, Оқасты қуып бергенде басталды:

— Шалғыны құрттың, қара құрт. Жөндейтін қонжиып әкең отыр ма, қу жетімек!

Оқастың тұла бойы толған қырсық. Қашып жүріп даусын шешесінен асыра айқайлайды:

— Әй, Зәмзәгүл, класком Күләштің бәйбішесі, сегізінші мартта құттықтау жіберемін, тосып ал!

Осындайда жүгіріп барып аузына жұдырықпен қойып-қойып кету керек еді. Ол қорғасын құйған ауыр сақамен ойланып-толғанбай түзу, аппақ күрек тісімнің жартысын шыр-р ұшырып түсірді ғой. Кекшебай кетік атандырды. Зәмзәгүлге тегіннен-тегін ие болып қалғаным тағы мынау. Оқастың қорлығына осы қашанғы шыдаймын? Қап, биыл мектептегі бокс секциясына қатысып, көзіне көк шыбынды үймелетпесем. Кекті ол сияқты сақамен атып емес, одан әлдеқайда жойқын, әділетті жолмен аламын. Рингте бәленшебай баланы жеңіп болған соң, көшенің ортасында Оқасты ұстап алып, сыпайылықпен жұдырықтасуға шақырамын. Оның қатын-қыз төбелесінен өзім боксер болған соң қорқайын ба? Оқас та, сөз жоқ, шығады, шығады да тастай жұдырығын басынан асыра бұлғай иіріп тұра ұмтылады. Ойы белгілі: «Кекшебайдың бетін ет етіп, қалған тісін ұшырып түсірейін». Иә, қолыңнан келсе, ет етерсің. Басынатын адамың ба, байқап қара, бір жағыма жантая жалтарып қап: «Кекшебай кетік тіс үшін!» — деп, тайпиған қара тұмсықтан отыртамын. Қайталап соқпаймын. Өйткені бокстың ережесі бойынша, ол кездегі жалғыз соққы мұрнын қанатуға әбден жетіп жатуға тиіс. Айтқанымдай, қан дір етті. Оқас өжет бала, өкіріп-бақырып тағы ұшады. Сілтеген жұдырығын қағып қаламын да, шіреніп тұрып, түу-у… тағы тартып жіберемін. Шаруа тынды — Оқас іші-сырты бірдей мес болып қара жерді құшақтап жатыр. Мен болсам, жұдырығымды үйіріп-үйіріп қойып орғимын ба, секіремін бе, бокстың жаттығуларын жасап қоямын. Ел аузы аңқия ашылып қарап қалған. Күләш қол шапалақтап, шарқ-шарқ күледі. Өйткені Оқас оны да мазақтаған. «Класком қыз Күләш- ау, жүзіңді бізге бұрсайшы-ау…» Жә, ұруын ұрып тастадық, оны Күләштан басқа адам көрмей ме? Өзі тапа-тал түс екен, тағы көшенің ортасы. Мысалы, алдымен көкем, Оқас, Смирно ағай… Жүрегім су ете түседі. Өш алудың сәті түспейтін шығар, түспейді.

Алақанымның астындағы аттың жалын дәрменсіз уыстап тұрып жұлқи беріппін.

Айтпақшы, класком қыз неге сораңдап ылғи есіме түсе береді? Ұзын сирағын, жасқанбай, ұялмай қарайтын қара көздерін, желпілдеген шашын елестетуге тырысамын. Осы Күләш Беккиге әлде Бекки Күләшқа ұқсас па?

Бәрі Марк Твеннің «Том Сойердің басынан кешкендерін» оқудан басталды. Кітаптағы Том көрші қыз Беккиге ғашық. Том да, мен де он үш жастамыз, Былайша айтқанда, құрдаспыз. Ол секілді суда жақсы жүземін, ал мысықтарды құйрығынан тартып бажылдату үйрене келе оншалықты қиынға түспейтін өнер секілді. Ойлансам, оған теңелу үшін бір қасиет жетіспейді екен: ол — Томға ұқсап қызға ғашық болу. Класта қыздар, құдайға шүкір, өріп жүр, ендеше, дереу біреуін жақсы көру керек — міндет солай. Сонда ғана Том құрдаспен ұпайымыз түгенделіп, теңесеміз. Оның есесіне, Томда жоқ бір қасиет менде бар: «Қазақстан пионері» газетіне «Мектебім» атты өлеңім басылған ақынмын. Соны әнеукүні алыстан қонаққа келген ағайым оқып отырып:

— Ақын болыпсың, енді қыз қууын қалды, — деген. Қыз қуу жақсы көрудің, ал жақсы керу қызға сағатына екі-үш мәрте сүзіле қараудың маңындағы мағына екенін жақсы білемін.

Сонымен, не керек, жағдай қыздарға қырындамасқа амал қалдырмады. Сонда кластағы қайсысы ғашық болуыма татиды? Құлағынан тізіп таңдай бастадым. Бәтестің беті бес тиындық бақыр секілді дөп-дөңгелек қызыл болғанымен, балтырлары о әрпіне ұқсас, қисық, жіңішке. Шапжаң-шапжаң шапылдайтыны бар. Әсия әдемі, үндемейді, аяғы түзу. Алда-жалда ойнай қалсаң, қарап тұрады да, неге екенін қайдам, бетіңді шап беріп тырнап тастайды. Бет-аузыңды күнде қан-жосаға бояп отыратын қыңыр қыз кімге дәрі. Күләш ше? Қиып қойған шашы ылғи да маңдайына сусып түсіп тұрады. Әрі тақпағым газетке шыққаннан бері ара-тұра болса да күлімдей қарап қойып жүреді. Қой, көп әуреленбей, соны жақсы көрейін. Өзі тағы класком, көрші екен, ұмытпасам, Бекки де Томнан алыс тұрмапты. «Семіз қоймашы қайнымның қызы сүйкімді, әдепті, сәлем беріп жүреді», — деп мамам да айтып отырады.

Хош, ғашықтықты бір адам білгенімен іс бітпейді. Жақсы көретіндігімді Күләшқа білдірудің амалын іздестіре бастадым. Ол оңай екен. Отырған партамыз біреу. Хат жазып, қолына ұстата салмаймын ба? Ұлдар көріп қап, қыздан тартып алып оқыса ше? Басқасын білмеймін, Оқастан ол шығады. Немесе, класком қыз хатты оқыған соң, «Дүниежүзі географиясының» арасына әдемілеп тұрып төрт бүктеп тығып қояды. Оны Бәтес Мексика бойынша сабаққа дайындамақ боп сұрап алады делік. Ары қарай… быр-р-рр. Заманбек класком қызға хат жазыпты! Масқара! Көкем естиді. Қасының арасын қосып жіберіп, солидолға шылқыған жылан құйрықты бишігін қолына алады. Арқам қарадан қарап дуылдап ашып бара жатыр. Әлде мүлдем ғашық болмай-ақ қойсам ба? Он үш жастағыларға міндетті түрде ғашық болудың керегі жоқ шығар. Бірақ Том құрдас пысықтығын асырып кетеді ғой. Әрі он үш жасымда хат жазбасам да, бәрібір кейін Күләшқа ғашық болуға тиіс екенімді білемін.

Былай істесем ше? «3» әрпінің орнына «а», «а»-ның тұсына «3»-ны қойып жазсам, қалай болар еді?

Яғни 3-а, а-3;

М-н, н-м;

б-е, е-б;

Сонда ең соңындағы «к» сыңарсыз ба? Жарайды, «к» сол «к» күйінде қалсын. Сонда «Заманбек» «Азнзмебк» болып оқылады. Ал білгіштер танып көрсін. Мейлі, мұғаліміне апарып көрсетсін. Қалай айналдырып қараса да «Азнзмебк». Күнге тосып қарасын «Азнзмебк» сол «Азнзмебк». Біз осылайша бәрін алдап соғамыз, сөйтіп, жаңа алфавит жазуды ашамыз. Мұндай қулықты ойлау Томның есінде де болды ма екен?

 

Марат Қабанбаев (жалғасы бар)

Tags

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button
Close