Қоғам

ТҮРКІСТАН АУМАҒЫНДАҒЫ ТАРИХИ ОРЫНДАР-2

Қожа Ахмет Ясауиге байланысты әпсаналарда, аңыздарда Ахмет Ясауидің баласы бір деректерде аң аулап жүргенде десе, екінші деректерде егін суарып жүргенде деп келетін аңыздарда қарасүйір руының сушысы Ибрахимнің басын шауып, легенге салып, бетіне ақ шүберек жауып, Әзірет Сұлтанға алып келеді.

Сонда Әзірет Сұлтан «піспей үзіпсіңдер» деген екен. «Егінің жұлма болсын, қауының алма болсын, артыңа құйрық шықсын, тұқымың сөйтіп құрысын» деген екен. Содан кейін қарасүйір әулеті азып-тозып кеткен дейді аңыздарда [12, 35-б.]. XVIII ғ. П.И. Рычков осы деректерді тыңдап, сол кездегі елден әлі де Түркістан аумағында «дүм шыққан құйрықтылар» барын естігенін айтады. Олардағы ауыр қасірет елдің өмірінде, жауынгершілікте, қоғамда негізгі орында атқа отыру мәртебесінен айырылуы болған екен. Ел ішіндегі осыған байланысты қазақ халқының салт-дәстүрінде, дүниелік, рухани құндылықтарында, өмір сүру салтында орын алған жылқыны, өмір сүру құндылықтарын қастерлеу белгілерімен бірлесе өріліп, дамығанын байқауға болады.

Қожа Ахмет Ясауи баба шығармасы «Диуани хикметте» келесі жолдарда ежелден келе жатқан жылқы мәдениетінің ұштасып, өркендеуінің көрінісін байқауға болады.

«Күмәнсіз білгін, бұл дүние барша жұрттан өтер, ә, Сенбегін сен малыңа, бір күні қолдан кетер, ә.

Ата-ана, туысқан қайда кетті, сен ойлан.

Төрт аяқты ағаш ат сағанда бір күн жетер, ә…» [13, 28-б.]. Табытты – ағаш ат деп атау көне заманнан келе жатқан дәстүр жалғастығының көрінісі деуге болады. «Қазақта өлікті зиратқа апаратын зембілді – атағаш, жерленген қабірін атбесік» деп атаған [14, 9-б.].

Қазақта «ат салысу», «ат қосу» деген түсініктер де бар. Ертеден көмектесу, көмек қолын ұсыну, болашақ жеңіс үшін құрбандыққа барып, көмектесу түсініктері осылай аталған.

Ахмет Ясауидің баласын өлтірген Сүрилер аты ортағасырлық арық, қоныс атауларында да кездеседі.

XII ғ. Ахмет Ясауи өмір сүрген кезеңдегі жер, сулар аты, XIV ғ. Әмір Темір Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне арнайы берген уақыптық жер, арықтар тізіміндегі арықтар XIX ғасырда да кездеседі. Яғни, сегіз ғасыр бойы жұмыс істеп тұрған Сүйір, Ортақ арықтарының аты осының айғағы.

Сүрилер өмір сүрген мекенді анықтау мақсатында ғалымдар зерттеу жұмыстарын жүргізіп келеді. Археологиялық зерттеу жұмыстарының нәтижесінде бұл ел Түркістанның оңтүстік-шығыс тұсында, алты шақырым жерде өмір сүрген [15]. Қожа Ахмет Ясауидің баласын өлтірген сүрилердің қонысын анықтау мәселелері көптеген зерттеу жұмыстарында қамтылып келеді. Ғалымдар К.М. Байпақовтың [16, 81-93], М. Қожаның [17, 96–99-бб.] зерттеулерінде Сүри қонысы туралы айтылады. Сүри қонысы Хафиз Таныштың шығармаларында да айтылған. К. Байпақовтың зерттеуінде бұл қоныс Түркістаннан 15 шақырым, шығысында орналасқан деп көрсетіледі [18, 64-б.]. Соңғы ғылыми зерттеулер Сүри тайпаларының өмір сүрген орнын XII ғ. Түркістанның шығысында Шобанақ ауылының маңында болған деген пікір айтады [15]. Бұл жерде Қожа Ахмет Ясауимен ілім сайысында жеңіліп, шәкірті болып, кейін осы Түркістанның тұсына келіп, ілімін таратқан, елді көкжөтелден емдеген имам Марғузидің мазары бар [12, 63–70-бб.].

Қожа Ахмет Ясауи хикметінде, ілім сайысында жеңіліп, Әзірет Сұлтанға шәкірт болған, ілім үйренген Марғузи туралы:

«Түркістан жерінде көкке қарап қойды-иә,

Ұлы-кіші көпшілік «Көк тонды деп» ат қойды… »-деген жолдар бар [19, 70-б.].

Сексен мың шәкірт ертіп, қырық қашырға жүк артып, Түркістанға келген Марғузи екен [19, 66–68-бб.].

Сүри қонысы қазіргі кезде зерттеліп, сол заманда дамыған кәріз жүйелері, қала құрылымы анықталуда. Қожа Ахмет өмір сүрген заманда Ясыға келген Марғузи ілім сайысында жеңіліп, Әзірет Сұлтанға шәкірт болады.

Кейін осы ілімін Сүрилер қоныстанып, өмір сүрген жерге келіп таратқан деуге болады. Марғузи Қожа Ахмет Ясауиге қарсы болған сүрилердің қолдаушысы емес, «Диуани Хикмет» шығармасына [13] және елдегі аңыз әңгімелерге қарағанда, Ясауи ілімінің қолдаушы шәкірті болып, осы ілімді Сүри қонысында таратқан [12] ілімді шәкірті. Елді көкжөтелден емдеп,

«Көктонды ата» деп аталып, қадірленген.

1933–1934 жылдары Көк мешіт, Жәудір мешіті, сонымен бірге (1913 жылы туылған Н. Абдуллаевтың айтуы) Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің маңында Үндемес, Қорасан, Баб Араб, Жеті Ата, Құмшық ата, әл Қожа Ата (дерек берушілер жеке мешіт үйлер деп атаған) мазарлары болған. Олар түгелдей бұзылып, «осы аталған мешіттердің қыштарынан Түркістандағы мақта заводы жанындағы май заводы салынды. Май заводы жұмыс істемей, мал сойып, құдайы берген» деп ел айтады [19, 123-б.]

Қожа Ахмет Ясауидің кесене жанында жерленген, сол кезеңдегі өмір сүрген қоныстары, ұрпақтары кесенелерінің орналасу орнын зерттеген зерттеушілер қазіргі кезеңде олардың орналасу орындарын көрсетіп отыр.

Қожа Ахмет Ясауи және оның өмірімен, қызметімен, ортағасырлық діни рәсімдердің орны болған киелі орындардың зерттелуін атап өту орынды. Өткен ғасырдың 70-ші жылдары Түркістанда жүргізілген, Кіші және Үлкен Қылует, Әулие Құмшық ата, Шілдехана, көне Ясы қаласының орындарындағы археологиялық зерттеулердің маңызы ерекше болды.

1972–1973 жж. Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің жанындағы діни ғимараттарды зерттеу жұмыстары жүргізілген. Сол кезде зерттелген діни ғимараттар Кіші Қылует, Үлкен Қылует және Шілдехана, Әулие Құмшық ата, Ясы-Күлтөбе болды.

Ахмет Ясауи кесенесінен 60–70 метр қашықтықта солтүстік-батыс тұсында орналасқан осы ғимараттардың бірінің орнын Кіші Қылуетті зерттеді. Ғимараттың құрылымы мен құрылысына зерттеу жүргізілді. Бұл 12 м диаметрлі құрылыс. Зерттеушінің сол кездегі ғылыми зерттеуінде жер бетінен 4 м тереңдікке алып баратын жер асты құрылысы зерделенген. Кіші Қылуеттің төбесі конус сипатындағы ай қойылған шатырмен жабылған ғимарат болған. Жер бетінен 3 м баспалдақпен түсетін тереңдіктегі төрт бұрышты жер асты бөлмесі орналасқан. Қылуеттің сыртында оған жалғаса тахаратхана болған [21, 138-б.]. Бұл ғимарат 1943 ж. бұзылып кеткенін айтады. Кіші Қылует құрылымы күмбезді, жер бетінен 4 м тереңдікте, X–XII ғғ. салынған діни ғимараттар секілді ежелгі дәстүрге сай салынғанын айтады.

1972–1973 ж.ж. Т.Н. Сенигованың жүргізген археологиялық зерттеуі, 1979 ж. Е.Ә. Смағұловтың зерттеулері бұл діни құрылыс туралы, тарихына, қалыптасуына байланысты жан-жақты жүйелі тұжырымдар берді. Т.Н. Сенигова «кішігірім діни қалашық» деген. Қылуеттің орталық бөлмесі төрт бұрышты (5,90х5, 50х5, 20 бм.), батыс қабырғасының ортасында михрабы бар және үлкен ғимаратқа шығыс жағынан кірген. Михрабтың ені 96 см, тереңдігі – 50 см, биіктігі – 1,80 см [22, 138-б ].

Ғимараттың тарихы Қожа Ахмет Ясауи өмірімен, ілімімен тығыз байланысты. Ежелден елде Қылует ғимараттары көп болған.Үлкен Қылует құрылымын зерттеушілер бөлмелерін ғар, мешіт бөлмесі, жамағатхана, құжыралар, ыстық су дайындайтын бөлме, жуынатын бөлме, дәрет алатын бөлме деп бөлген.

Ясауи жолын қуушылар қырық күн шілдеде жиылып, бұл кешенде діни жоралғылар өткізген. XX ғ. 40-ж. құрылыстың көп бөлігі бұзылып, күйдірілген, сапалы кірпіштері Түркістандағы май зауытын салуға қолданылады.

XX ғ. бірінші ширегіне дейін Қылуетке мыңдаған (жиырма мыңға дейін) зияратшылар жиналған. Зияратшылар үшін онда бөлмелер, атқора, қонақ үйлер орнатылған. Үлкен Қылует кешені бір бөлмеден баспалдақ арқылы жер асты бөлмесі «Ғарға» түседі. Қабырғаларында шырақ қоятын кішігірім ойықтар бар. Қожа Ахмет Ясауи 63 жасқа келгенде жер астына түсіп, қалған ғұмырын өткізген жер, ең көне бөлігі «Ғар» XII ғ. мерзімделген. Қабырғалары, күмбезі төрт бұрышты кірпіштермен қаланған. Күмбезі көне балх жүйесінде өрілген. Бұл жерде қырық күндік ораза ұстау рәсімі өтілген. Кезінде Қылует міндетін атқарған «Кіші Қылует», «Құмшық ата», «Шілдехана», Шәмет Ишан мешіті, «Имам Марғузи» мешіті құрылыстарында оңашаланатын қылуеттер болғандығы белгілі.

Әулие Құмшық ата жер асты құрылысына да 1972–1973 жж. Т.Н. Сенигова археологиялық зерттеу жұмыстарын жүргізді. Бұл жер асты діни ғимараты Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің оңтүстік-батысында орналасқан. Жер бетінен 3,5 м тереңдікте орналасқан діни құрылыс. 1973 жылы археологиялық қазба жұмыстары нәтижесінде ашылып, зерттелді. [23, 51-б].

Әулие Құмшық ата жер асты құрылысын зерттеген зерттеулер нәтижесінде ғалым бұл құрылыстың дөңгелек сипатындағы бөлменің күмбезді болғанын жазады. Осы ескерткішті зерттеу барысында табылған бояулы және бояусыз керамикаларды саралап, талдау берді. Бұл құрылыста діни-рәсімдер жүргізілгенін, археологиялық зерттеу жұмыстарының нәтижесін талдай отырып, ғалым бұл сәулет кешенінің XII ғасырдың ортасында салынған деп тұжырымдайды [23, 51-б].

XX ғ. басында Әзірет Сұлтанға зиярат еткен С. Сапабекұлының «Түркістандағы тарихи зийрат» жазбасында» …батыстағы Баба Ғарибқа барып, жеті атаға зийарат қылып, Үшбас атадан айналып,Тақанияға жеткен адам, Жеті атаның бір ұшы Сұлтанның Ибраhимнің шахид болған жерінен шығып, күн шығысында тоқсан тоғыз мың қашырға кітап артып, сексен сегіз мың әскерімен келген Имам Марғуз-Көк тонды атаның орнына зийярат қылып, он екі шақырым жердегі Қошшы Атаға зийарат ету керек…» деп жазса [24, 123–124-бб.], XX ғ. 60- жылдары жарық көрген О. Дастановтың [25, 53–55-бб.], 2009, 2011, 2014 жж. археолог ғалымдардың зерттеген қазба жұмыстарында [26, 122–125-бб.] жан-жақты қамтылды. Қожа Ахмет Ясауидің шәкірттері болған Жеті ата мазары, қақпасы, Баб Араб кесенесі, мешіті, Үндемес ата мазары туралы деректерді талдап, зерделеді. Бұл аталған кесенелердің бәрі Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің аумағында орналасқан.

Tags

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button
Close