ДЕНИС ТЕННІҢ АТЫНА КӨШЕ БЕРІЛДІ
Алматы қаласы әкімдігінің қаулысымен мегаполистегі бірнеше көшеге қоғам, мәдениет және спорт қайраткерлерінің есімдері берілді.

Жаңа атаулардың қатарында қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы, Олимпиаданың қола жүлдегері Денис Теннің есімі бар. Оның аты «Архат» ықшамауданындағы 7-көшеге берілді.
Сондай-ақ осы ықшамаудандағы 2-көше қазақ анимациясының негізін қалаушылардың бірі, кинорежиссер Әмен Қайдаровтің құрметіне аталды.
Бұдан бөлек, Бостандық ауданындағы 26-көшеге Қазақстанның халық жазушысы Әбдіжәміл Нұрпейісовтің есімі берілді. Ал «Мамыр-1» мен «Мамыр-2» шағынаудандары арасындағы 3-көше көрнекті тілтанушы ғалым Рәбиға Сыздықтің атымен аталды.
Жаңа атаулар қатарында Хо Ши Мин, режиссер Наталья Сац және академик Әбдуәли Қайдар есімдері де бар.
Қала әкімдігі бұл шешім мегаполистің топонимикасын жаңарту және ел тарихында, мәдениеті мен спортында із қалдырған тұлғалардың еңбегін ұлықтау мақсатында қабылданғанын мәлімдеді.
Жаңа көше атаулары алдағы уақытта ресми құжаттар мен қалалық карталарға енгізіледі.



