КЭРОЛАЙН ЛЕВИТТ АҚ ҮЙДІҢ БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ ҚЫЗМЕТІНЕН КЕТЕДІ
АҚШ президентінің баспасөз хатшысы Кэролайн Левитт қызметінен кететінін мәлімдеді. Ол Ақ үйдегі қызметін ай соңында аяқтайды.

Бұл туралы АҚШ президенті Дональд Трамп әлеуметтік желідегі жазбасында хабарлады. Президент Левитттің отбасына көбірек уақыт бөлгісі келетінін айтып, оның шешімін түсінетінін және құрметтейтінін жеткізді.
«Ақ үйдегі тамаша баспасөз хатшымыз әрі ең сенімді көмекшілерімнің бірі Кэролайн Левитт ай соңында қызметінен кетеді. Ол сүйкімді кішкентай балалары мен отбасына көбірек уақыт бөлгісі келеді. Мен оның бұл шешімін толық түсінемін және құрметтеймін», – деп жазды Трамп.
Кэролайн Левитт бұған дейін де жұмыс пен отбасы арасындағы тепе-теңдікті сақтау туралы айтқан. Шілде айында берген сұхбатында ол екі жасқа толмаған екі баланы тәрбиелеп отырғанын және сонымен қатар Ақ үйдегі жауапты қызметін атқарып жүргенін атап өткен.
Левитт Ақ үйдің баспасөз хатшысы қызметіне Дональд Трамптың қазіргі президенттік мерзімі басталғаннан кейін кіріскен болатын. Ол бұл лауазымға тағайындалған ең жас баспасөз хатшысы ретінде де танылған.
Қазір оның қызметінен кеткеннен кейін бұл лауазымды кім атқаратыны әзірге нақтыланбады.



