Без рубрики

ОТЫРАР АУДАНЫНДА ТҰРҒЫНДАРҒА ҚҰҚЫҚТЫҚ ЖӘНЕ ҚАРЖЫЛЫҚ САУАТТЫЛЫҚ БОЙЫНША ТҮСІНДІРУ ЖҰМЫСТАРЫ ЖҮРГІЗІЛДІ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ел дамуының негізгі кепілі ретінде заңның үстемдігін қамтамасыз ету мен азаматтардың қауіпсіздігін күшейтуге ерекше назар аударып келеді.

Осы бағытта еліміздің барлық өңірлерінде халықтың құқықтық мәдениетін қалыптастыруға арналған түрлі іс-шаралар ұйымдастырылуда. Соның бірі Отырар ауданында өтті. Аудан тұрғындарына құқықтық және қаржылық сауаттылықты арттыруға бағытталған арнайы семинар-кездесу ұйымдастырылып, көпшілікке күнделікті өмірде жиі кездесетін өзекті мәселелер бойынша жан-жақты түсіндіру жұмыстары жүргізілді.

Бүгінде қаржылық сауаттылық әрбір азамат үшін аса маңызды. Өйткені несие рәсімдеу, жеке қаражатты дұрыс жоспарлау, алаяқтардың арбауына түспеу немесе өз құқығын заң аясында қорғай білу – заман талабы. Сондықтан ұйымдастырылған кездесудің негізгі мақсаты да тұрғындардың құқықтық білімін арттыру, қаржылық мәселелерге саналы көзқарас қалыптастыру және интернет арқылы жасалатын алаяқтық әрекеттердің алдын алу болды.

Кездесуге әр салада тәжірибесі бар мамандар қатысып, тұрғындармен ашық пікір алмасты. Атап айтқанда, «Қарызсыз қоғам» жобасының Түркістан облысы бойынша қаржы сарапшысы Жасұлан Меңдіқұлов, «Бәйтерек» жастар ұйымы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы әрі заңгер-кеңесші Ролан Қонысбеков және PhD доктор, доцент, психолог Салтанат Асанова өз салалары бойынша маңызды ақпараттармен бөлісті.

Семинар барысында ең алдымен қазіргі қоғамдағы қаржылық сауаттылықтың маңызы кеңінен сөз болды. Мамандар азаматтардың қаржылық шешім қабылдар алдында барлық тәуекелді мұқият саралауы қажет екенін айтты. Әсіресе, несие рәсімдеу кезінде келісімшарттың әр тармағын мұқият оқып шығу, ай сайынғы төлем көлемін алдын ала есептеу және өз мүмкіндігін дұрыс бағалау қажеттігі түсіндірілді. Себебі көптеген азаматтар келісімшарт талаптарын толық түсінбей, кейіннен қиындыққа тап болып жатады.

Сонымен қатар тұрғындарға жеке және отбасы бюджетін жүргізудің тиімді жолдары таныстырылды. Мамандар күнделікті шығындарды жоспарлау, қажетсіз шығындарды азайту, қаржы қорын жинақтау және төлемдерді уақытылы өтеудің маңызын атап өтті. Мұндай қарапайым қағидаларды сақтау қаржылық тұрақтылыққа қол жеткізуге көмектесетіні айтылды.

Кездесуде соңғы уақытта көбейіп кеткен интернет-алаяқтық мәселесіне де ерекше назар аударылды. Мамандар алаяқтардың қандай тәсілдерді жиі қолданатынын нақты мысалдар арқылы түсіндірді. Атап айтқанда, өзін банк қызметкері немесе құқық қорғау органы қызметкері ретінде таныстырып, жеке мәліметтерді сұрау, күмәнді сілтемелер жіберу, бөтен адамның атына несие рәсімдеу сияқты жағдайлар туралы кеңінен айтылды. Осындай әрекеттерге тап болған кезде не істеу керектігі, жеке деректерді ешкімге бермеу, банк картасының құпия мәліметтерін жарияламау және күмәнді қоңырауларға сенбеу қажеттігі ескертілді.

Заңгер-кеңесші Ролан Қонысбеков азаматтардың заңмен қорғалатын құқықтары жөнінде кеңінен тоқталды. Ол кез келген құқықтық мәселе туындаған жағдайда заң аясында әрекет етудің маңызын айтып, тұрғындарға қажетті құқықтық кеңестер берді. Сондай-ақ құқықтық сауаттылықтың артуы қоғамдағы құқықбұзушылықтың алдын алуға және азаматтардың өз құқықтарын тиімді қорғауына ықпал ететінін жеткізді.

Психолог Салтанат Асанова қаржылық қиындықтардың адамның психологиялық жағдайына әсері туралы әңгімеледі. Оның айтуынша, қарыздың көбеюі, тұрақты қаржылық қиындықтар мен алаяқтықтың құрбаны болу адамның күйзеліске ұшырауына себеп болуы мүмкін. Сондықтан кез келген мәселені сабырмен шешіп, қажет болған жағдайда мамандардың көмегіне жүгінудің маңызы зор екенін айтты.

Кездесу барысында тұрғындар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, мамандардан нақты жауап алды. Әсіресе, несие төлеу, борыштық жүктемеден шығу жолдары, заңдық көмек алу тәртібі және интернет арқылы жасалатын алаяқтықтан қорғану тәсілдері көпшілікті қызықтырды. Мамандар әрбір сұраққа жеке тоқталып, түсінікті тілде кеңес берді.

Мұндай кездесулердің басты ерекшелігі – тұрғындар мен мамандар арасында ашық диалог орнап, азаматтардың көкейіндегі мәселелердің талқылануында. Қатысушылар бұл бағыттағы жұмыстардың алдағы уақытта да тұрақты жалғасуы қажет екенін айтып, құқықтық әрі қаржылық сауаттылықты арттыруға арналған семинарлардың халық үшін өте пайдалы екенін жеткізді.

Бүгінде құқықтық және қаржылық сауатты қоғам қалыптастыру – мемлекет үшін де, әрбір азамат үшін де маңызды міндеттердің бірі. Өз құқығын білетін, қаржысын дұрыс басқара алатын және алаяқтардың арбауына түспейтін азаматтардың саны артқан сайын қоғамдағы қауіпсіздік пен тұрақтылық та нығая түседі. Осы тұрғыдан алғанда Отырар ауданында өткен бұл кездесу тұрғындарға пайдалы мәлімет ұсынып қана қоймай, олардың құқықтық мәдениеті мен қаржылық жауапкершілігін арттыруға өз үлесін қосты.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button
Close