Без рубрики

НАШАҚОРЛЫҚСЫЗ ҚОҒАМ – ҚАУІПСІЗ ҚОҒАМ!

Ел болашағы – дені сау, білімді әрі саналы жастардың қолында. Сондықтан жастарды зиянды әдеттерден сақтандыру, олардың бойында дұрыс өмірлік ұстаным қалыптастыру – қоғам алдындағы маңызды міндеттердің бірі.

Осы бағыттағы жұмыстар Отырар ауданында да тұрақты түрде жалғасып келеді.

Жуырда Отырар ауданы жастарының ұйымдастыруымен Дауренбек Құрманбеков атындағы №20 колледжде нашақорлықтың алдын алуға арналған тағылымды кездесу өтті. Іс-шараға колледж студенттері қатысып, зиянды әдеттердің адам өміріне тигізетін зардаптары туралы жан-жақты мәлімет алды.

Кездесудің негізгі мақсаты – жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттау, есірткіге тәуелділіктің алдын алу, құқықтық және рухани сауаттылықты арттыру, сондай-ақ жас буынның өз денсаулығына жауапкершілікпен қарауына ықпал ету болды.

Шара барысында алдымен сөз алған «Есен Ана» мешітінің имамы Қуаныш Есімханұлы Әділбеков жастармен еркін форматта әңгіме өрбітті. Ол адам өміріндегі рухани тәрбиенің маңыздылығына тоқталып, әрбір жас өз болашағын дұрыс таңдай білуі керектігін айтты. Имам зиянды әдеттердің адамды тек денсаулығынан ғана емес, отбасы мен қоғамдағы орнынан да айыратынын жеткізіп, жастарды жаман әдеттен аулақ болып, білім алуға, еңбек етуге және пайдалы істермен айналысуға шақырды.

Сонымен қатар, ол адамның өміріндегі ең үлкен байлық – денсаулық екенін айтып, оны сақтау әркімнің өз қолында екенін атап өтті. Жастардың бос уақытын тиімді өткізуі, жақсы орта таңдауы және дұрыс тәрбие алуы олардың болашағына тікелей әсер ететінін де ерекше айтты.

Кездесу барысында аудандық емхананың психологы Динара Тәжиева нашақорлықтың адам психикасына, мінез-құлқына және әлеуметтік өміріне тигізетін кері әсері туралы кеңінен түсіндірді. Оның айтуынша, есірткіге тәуелділік бір адамның ғана емес, тұтас отбасының өміріне ауыр салмақ түсіреді. Мұндай жағдай адамның денсаулығын әлсіретіп қана қоймай, қоғамнан оқшаулануына, білім мен жұмыстан қол үзуіне, түрлі құқық бұзушылықтарға баруына себеп болуы мүмкін.

Психолог жастарға қандай жағдайда да қиындықпен жалғыз қалмауға кеңес берді. Егер өмірде түрлі күйзеліс немесе психологиялық қиындықтар туындаса, оны зиянды әдеттер арқылы емес, жақын адамдардың қолдауымен немесе мамандардың көмегі арқылы шешу қажет екенін айтты. Сондай-ақ студенттердің қойған сұрақтарына жауап беріп, пайдалы кеңестерімен бөлісті.

Кездесуде колледждің педагог-психологы Жадыра Мұхтар да сөз алып, жастардың тұлғалық дамуы, өмірлік мақсат қоюы және дұрыс шешім қабылдай білуінің маңыздылығына тоқталды. Ол есірткіге қатысты ұсыныстар көбіне қызығушылықтан немесе қатарластардың ықпалынан басталатынын айтып, әрбір жас өз таңдауына жауапкершілікпен қарауы қажеттігін жеткізді.

Маманның айтуынша, өзін-өзі дамытуға ұмтылған, бос уақытын білімге, спортқа, өнерге және қоғамдық жұмыстарға арнаған жастар зиянды әдеттерден алыс болады. Сондықтан әрбір жас өз қабілетін жетілдіруге, пайдалы істермен айналысуға және дұрыс ортаны таңдауға мән беруі қажет.

Кездесу барысында студенттер мамандардың пікірлерін қызығушылықпен тыңдап, өздерін толғандырған сұрақтарын қойды. Еркін пікір алмасу форматында өткен жиында нашақорлықтың алдын алу жолдары, оның қоғамға тигізетін зардаптары және жастардың жауапкершілігі туралы кеңінен сөз қозғалды.

Осындай профилактикалық кездесулер жастардың өмірге деген көзқарасын қалыптастыруға, олардың құқықтық және рухани сауаттылығын арттыруға үлкен септігін тигізеді. Себебі бүгінгі жас ұрпақтың дені сау, білімді әрі саналы болып өсуі – елдің жарқын болашағының кепілі.

Нашақорлық – жеке адамның ғана емес, бүкіл қоғамның қауіпсіздігіне қауіп төндіретін күрделі мәселе. Сондықтан онымен күрес тек құқық қорғау органдарының немесе дәрігерлердің ғана міндеті емес. Бұл – ата-ана, ұстаз, қоғам және әрбір азаматтың ортақ жауапкершілігі.

Отырар ауданында ұйымдастырылып жатқан осындай ақпараттық-түсіндіру шаралары жастардың санасын серпілтіп, зиянды әдеттердің алдын алуға, салауатты өмір салтын ұстануға және өз болашағына жауапкершілікпен қарауға бағытталған. Себебі нашақорлықтан ада қоғам ғана қауіпсіз, тұрақты әрі жарқын болашақтың негізі бола алады.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button
Close