САУРАН АУДАНЫНДА АЛЫП ЖОБА ЖҮЗЕГЕ АСУДА: 300 МВТ КҮН ЭЛЕКТР СТАНЦИЯСЫНЫҢ ҚҰРЫЛЫСЫ ҚАРҚЫН АЛДЫ
Сауран ауданында қуаттылығы 300 МВт болатын ірі күн электр станциясының құрылысы қарқынды түрде жалғасуда.

Түркістан облысында жүзеге асырылып жатқан ауқымды фотоэлектрлік-энергия сақтау (ФЭС және ЭСЖ) жобасының алғашқы партиясының қадалы іргетасын құю рәсімі өтіп, жоба негізгі құрылыс кезеңіне ресми түрде көшті. Бұл бастама өңірдің энергетикалық әлеуетін арттырып қана қоймай, Қазақстандағы «жасыл» энергетиканы дамытуға бағытталған маңызды қадамдардың бірі ретінде бағалануда.
Салтанатты рәсімге Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров, «China Energy Overseas Investment Co., Ltd.» компаниясы бас директорының орынбасары Хэ Сюнфэй, инвесторлар, энергетика саласының өкілдері мен жауапты мекеме басшылары қатысты.
Жиында сөз сөйлеген облыс әкімі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде жаңартылатын энергия көздерін дамытуға және «жасыл» экономика үлесін арттыруға айрықша назар аударып отырғанын атап өтті.
– Өткен жылдың желтоқсан айында осы жобаның іргетасын қалап, уақыт капсуласын бірге салған болатынбыз. Бүгін құрылыс жұмыстарын ресми түрде бастап отырмыз. Түркістан облысының табиғи-климаттық жағдайы баламалы энергия көздерін дамытуға өте қолайлы. Қуаттылығы 300 МВт болатын бұл күн электр станциясы өңірдің энергетикалық инфрақұрылымын күшейтіп қана қоймай, халықаралық инвесторлар үшін облыстың инвестициялық тартымдылығын арттыра түседі деп сенемін, – деді Нұралхан Көшеров.
Облыс басшысы жобаның іске асуына облыс әкімдігімен қатар, Үкімет пен тиісті министрліктер тарапынан жан-жақты қолдау көрсетіліп жатқанын жеткізді. Сонымен қатар бұл бастама Қазақстан мен Қытай арасындағы стратегиялық әріптестіктің нақты көрінісі екенін айтты.
Кездесу барысында «China Energy Overseas Investment Co., Ltd.» компаниясы бас директорының орынбасары Хэ Сюнфэй де жобаның маңыздылығына тоқталды. Оның айтуынша, іргетасты құю рәсімі Қытай мен Қазақстан арасындағы «жасыл» энергетика саласындағы ынтымақтастықтың жаңа кезеңін айқындайды. Сондай-ақ компания «Самұрық-Энерго» АҚ секілді серіктестермен бірлесе отырып, құрылысты халықаралық жоғары стандарттарға сәйкес жүргізуге күш салатынын жеткізді.
Жобалық кеңсенің жетекшісі Асқар Амиртаев пен өзге де жауапты тұлғалар құрылыс жұмыстарының барысы туралы баяндап, жобаны жүзеге асыруға қолдау білдірген облыс басшылығына алғыстарын айтты.
Айта кетейік, аталған маңызды жобаның уақыт капсуласы өткен жылдың желтоқсан айында салынған болатын. Содан бері аумақта жер жұмыстары толық жүргізіліп, күн электр станциясының кеңсе, жатын орын және қойма ғимараттарының құрылысы аяқталған. Ал қазіргі таңда негізгі қондырғыларды орнату жұмыстары басталып кетті.
Түркістан облысындағы бұл ірі жобаның жалпы инвестициялық көлемі шамамен 307 миллион АҚШ долларын құрайды. Бұл – ШЫҰ саммитінен кейін Қытай мен Қазақстан үкіметтері арасында жасалған негіздемелік келісім аясында іске асырылып жатқан алғашқы жобалардың бірі.
Мамандардың мәліметінше, құрылыс кезеңінде 500-ге жуық жаңа жұмыс орны ашылады. Бұл өз кезегінде өңір экономикасының дамуына, жаңа өндірістік инфрақұрылымның қалыптасуына және халықты жұмыспен қамтуға оң әсер етеді. Жоба толық іске қосылғаннан кейін станция жыл сайын шамамен 674 миллион киловатт-сағат таза электр энергиясын өндіреді деп күтілуде.
Осылайша Сауран ауданында жүзеге асырылып жатқан алып жоба еліміздің энергетикалық қауіпсіздігін нығайтып, Қазақстандағы «жасыл» энергетика үлесін арттыруға елеулі үлес қоспақ. Ал күн электр станциясын 2027 жылы пайдалануға беру жоспарланып отыр.



