САЙРАМ АУДАНЫНДА ЖАҢА ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ЖОБАЛАР ҚОЛҒА АЛЫНАДЫ
Түркістан облысы Сайрам ауданында тағы бір ауқымды жоба қолға алынбақ.

Бұл – Манкент ауылдық округінде іске асырылатын «ZAMAN MILK PRODUCTS» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің сүт өнімдерін өндіретін зауыты. Жоба тәулігіне 70 тонна сүт өнімін өңдіретін зауыт құрылысын бастаған. Зауыт іске қосылғаннан кейін сүтті өңдеу көлемі артып, жоғары сапалы сүт өнімдері өндірілетін болады. Бұл жергілікті шаруалар үшін де тиімді кәсіп болмақ. Олар өз өнімдерін зауытқа өткізіп пайда табу мүмкіндігіне ие болмақ. Сонымен қатар бұл жоба жақын маңайда орналасқан ауыл тұрғындарының жұмыспен қамтылуына да айтарлықтай үлесін қоспақ.
Сонымен қатар, Арыс ауылдық округінде жүзеге асырылып жатқан «BeK-AGRO KZ» шаруа қожалығының инвестициялық жобасы да биыл іске қосылады. Олар бір мезгілде 5 000 басқа арналған ірі қара мал бордақылауға арналған кешен салынуда. Бұл кешен толық іске қосылған кезде жылына екі кезең бойынша 10 000 бас ірі қара малдың сапалы еті өндіріледі деп күтіліп отыр. Аталмыш жоба агроөнеркәсіп кешенінің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға мүмкіндік береді.
Жиын барысында бұдан өзге де инвестициялық жобалардың іске асырылу барысы егжей-тегжейлі қаралды. Инвесторлар өндірістік нысандарды инженерлік-коммуникациялық желілерге қосу, электр энергиясымен, табиғи газбен және сумен қамтамасыз ету жағын да қозғап олардың шешімін табу жолдарын әңгіме етті. Жол инфрақұрылымы да назардан тыс қалмады. Алдағы жобаларға жер телімдерін рәсімдеу, мемлекеттік қызметтерді алу тәртібі және басқа да өзекті мәселелер бойынша ұсыныстар айтылды. Жауапты сала басшылары көтерілген мәселелер бойынша түсіндірме беріп, олардың заң талаптарына сәйкес қысқа мерзімде шешілуі үшін нақты тапсырмалар алды.
Аудан әкімі Мадияр Мұхтарұлы Оразалиев инвестициялық жобалардың табысты жүзеге асырылуы ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына тікелей әсер ететінін атап өтті. Оның айтуынша, әрбір жаңа өндіріс орны – жаңа жұмыс орындары, жергілікті бюджетке түсетін қосымша кіріс, тұрғындардың әл-ауқатының жақсаруы және аудан экономикасының тұрақты дамуы деген сөз. Осыған байланысты аудан басшысы жауапты мемлекеттік органдар мен бөлім басшыларына инвесторлар көтерген мәселелерді созбалаңға салмай, заң аясында жедел әрі сапалы шешуді тапсырды. Сондай-ақ кәсіпкерлермен тұрақты байланыс орнатып, инвестициялық жобалардың уақтылы іске асырылуын қатаң бақылауда ұстау қажеттігін айтты.
Бүгінде Сайрам ауданында инвестициялық ахуалды жақсарту, жаңа өндірістерді іске қосу және кәсіпкерлікті қолдау бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау шараларын тиімді пайдалану, қолайлы инвестициялық орта қалыптастыру және инвесторлармен өзара сенімді әріптестік орнату ауданның ұзақ мерзімді дамуына негіз болмақ. Инвестициялық штаб отырыстары осы бағыттағы жұмыстардың тиімділігін арттырып, өзекті мәселелерді дер кезінде шешуге және жаңа жобалардың сәтті жүзеге асуына мүмкіндік береді. Алдағы уақытта да Сайрам ауданында инвестиция тарту, өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығын дамыту, жаңа жұмыс орындарын ашу және халықтың тұрмыс сапасын жақсарту бағытындағы жұмыстар өз жалғасын табатын болады.



