ҚАЗАҚСТАНДА ШЕТЕЛДІКТЕР ҮШІН СУРРОГАТ АНА ҚЫЗМЕТІНЕ ТЫЙЫМ САЛЫНДЫ
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев суррогат ана қызметін пайдалану тәртібіне өзгерістер енгізетін заңға қол қойды. Жаңа нормаларға сәйкес, енді Қазақстанда бұл қызметті тек Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылатын ерлі-зайыптылар ғана пайдалана алады.

Заңға енгізілген өзгерістерге сәйкес, шетел азаматтары үшін суррогат ана қызметін қолдануға толық тыйым салынады. Бұл ретте суррогат анамен келісімшарт жасасу тәртібіне де қосымша талаптар енгізілді.
Енді болашақ ата-аналар келісімшарт рәсімдеу кезінде өздерінің дене және психикалық саулығын растайтын медициналық-генетикалық қорытынды ұсынуға міндетті. Бұл талап суррогат ана болу бағдарламасына қатысушылардың денсаулық жағдайын жан-жақты бағалауға бағытталған.
Сонымен қатар заңда ерлі-зайыптылардың суррогат ана алдындағы қаржылық міндеттемелерін нақтылау көзделген. Бұл тараптардың құқықтары мен міндеттерін айқындап, келісімшарттың ашықтығы мен құқықтық қорғалуын күшейтуге мүмкіндік береді.
Жаңа заң нормалары суррогат ана институтын құқықтық тұрғыдан жетілдіруге, қызмет көрсету тәртібін реттеуге және оны тек Қазақстан азаматтарының мүддесіне бағыттауға арналған.



