ХАЙП ҮШІН ЖАЗА
Ішкі істер министрлігі әлеуметтік желілерде құқыққа қайшы контент жариялап, қоғамдық тәртіпті бұзған азаматтарға қатысты шара қабылданғанын мәлімдеді. Ведомствоның мәліметінше, заң талаптарын елемеген тоғыз әлеуметтік желі қолданушысы әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Анықталғандай, олар көрермен жинап, лайк пен донат табу мақсатында тікелей эфир барысында балағат сөздер айтып, қоғамдық моральға қайшы әрекеттер жасаған. Сондай-ақ қауіпті пранктер ұйымдастырып, қоғамдық тәртіпті бұзатын контент таратқан.
Жиналған материалдар сот қарауына жолданып, нәтижесінде құқық бұзушыларға әкімшілік айыппұл салынды және бірқатары әкімшілік қамауға алынды.
Ішкі істер министрлігі интернет кеңістігі де заң талаптары толық қолданылатын орта екенін еске салды. Ведомство өкілдерінің айтуынша, әлеуметтік желіде лақап атпен тіркелу немесе өзін жасырын ұстау жауапкершіліктен босатпайды. Кез келген құқыққа қайшы әрекетке құқықтық баға беріліп, заң аясында тиісті шара қабылданады.
Министрлік азаматтарды әлеуметтік желілерді жауапкершілікпен пайдалануға, заң талаптарын сақтауға және хайп пен танымалдық үшін қоғамдық тәртіпті бұзатын әрекеттерге бармауға шақырды. Заң мен тәртіп қағидалары цифрлық кеңістікте де бұлжытпай сақталуы тиіс екені атап өтілді.



