9 МЛРД ТЕҢГЕЛІК ҚАРЖЫ ПИРАМИДАСЫНЫҢ ҰЙЫМДАСТЫРУШЫЛАРЫ СОТТАЛДЫ
Ақтауда «Sax Invest» қаржы пирамидасын ұйымдастырған және оған басшылық еткен ұйымдасқан қылмыстық топқа қатысты сот үкімі шықты.

Тергеу мәліметінше, күдіктілер өздерін инвестициялық қор ретінде таныстырып, азаматтарға бағалы қағаздарға, қаржы құралдарына және басқа да активтерге қаржы салуды ұсынған. Сондай-ақ олар Африка елдеріндегі алмаз өндіру жобасына қатысып жатқанын айтып, салымшылардың сеніміне кірген.
2018–2022 жылдар аралығында заңсыз қаржы схемасына Астана, Ақтөбе, Орал және Ақтау қалаларынан мыңнан астам адам тартылған. Салымшылардан жиналған қаражаттың жалпы көлемі 9 миллиард теңгеден асқан.
Сот ұйымдасқан қылмыстық топтың сегіз мүшесін кінәлі деп танып, оларды 6 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасына кесті.
Сонымен қатар сот шешімімен мемлекет кірісіне жеке тұрғын үй мен цифрлық активтер тәркіленді. Азаматтық талаптардың орындалуын қамтамасыз ету мақсатында сотталғандардың мүлкіне салынған тыйым күшінде қалдырылды. Тыйым салынған мүлік қатарында екі автокөлік, екі пәтер және жер учаскесі бар.
Айта кетейік, қазіргі уақытта сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.



