«ПАРИ СЕН-ЖЕРМЕН» АСТАНАДА ФУТБОЛ АКАДЕМИЯСЫН АШАДЫ
Францияның әйгілі «Пари Сен-Жермен» футбол клубы Қазақстанда өз академиясын ашатынын ресми түрде жариялады.

Жаңа спорт орталығы Астана қаласында жұмысын бастап, 6 мен 14 жас аралығындағы 300-ге жуық жас футболшыны қабылдайды.
Академияны кәсіпкер Алмаз Әлсенов басқарады. Іріктеу жұмыстары биылғы қыркүйек айынан басталып, маусым бойы жалғасады.
Жаттығулар FIFA талаптарына толық сәйкес келетін елордадағы заманауи жабық спорт кешені – «Эйр Арена» стадионында өтеді.
Бағдарламаға 6–14 жас аралығындағы ұлдар мен қыздар қатыса алады. Олар жас ерекшелігі мен дайындық деңгейіне қарай арнайы топтарға бөлінеді.
Әрбір топ үшін апталық жаттығуларды, жазғы оқу-жаттығу лагерлерін, түрлі турнирлер мен халықаралық іс-шараларға қатысуды қамтитын арнайы оқу бағдарламасы әзірленген. Жоба жас спортшылардың футболдағы шеберлігін шыңдап қана қоймай, олардың жан-жақты дамуына мүмкіндік беруді көздейді.



