ЖЕТІ ЖЫЛДА 500-ДЕН АСТАМ СПОРТ НЫСАНЫ САЛЫНДЫ
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздегі спорт инфрақұрылымының дамуына тоқталып, соңғы жеті жылда Қазақстанда 500-ден астам спорт нысаны салынғанын мәлімдеді. Президент бұл туралы ұлттық спорттың жеңімпаздары мен жүлдегерлерін марапаттау рәсімінде айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев қазіргі кезеңді Қазақстан үшін тарихи өрлеу дәуірі ретінде бағалап, елде ауқымды реформалар жүзеге асырылып жатқанын атап өтті. Мемлекет басшысының айтуынша, соңғы жылдары мемлекеттік басқару жүйесінде елеулі өзгерістер жасалып, елдің негізгі институттарын жаңғыртуға бағытталған жұмыстар жүргізілуде.
Президент Конституцияның қабылдануын ел тарихындағы маңызды бетбұрыс ретінде атап өтті. Оның сөзінше, Ата заң қоғам мен мемлекет дамуының негізгі бағытын айқындайтын темірқазық әрі жүргізіліп жатқан реформалардың берік негізі саналады.
Сондай-ақ Мемлекет басшысы жақында өткен Құрылтай сайлауына тоқталды. Оның құрамына кәсіби, іскер және жаңашыл азаматтардың енгенін, олардың арасында жастардың да бар екенін айтты. Бұдан бөлек, Вице-Президент тағайындалып, жаңартылған Үкімет жұмысын бастағанын, Қауіпсіздік Кеңесінің аппараты жасақталғанын жеткізді.
Алдағы уақытта Қазақстан Халық Кеңесінің құрамы бекітіліп, Құрылтайдың келісімімен бірқатар маңызды мемлекеттік органдардың құрамына тағайындаулар жасалатынын айтты. Президент бұл үдерістерді елдің негізгі мемлекеттік институттарын жаңғыртудың маңызды бөлігі деп бағалады.
Мемлекет басшысы қазан айында Конституцияның 46-бабына сәйкес Қазақстан халқына Жолдау жасайтынын және онда алдағы кезеңге арналған негізгі міндеттер айқындалатынын жеткізді.
Сонымен қатар Президент ұлт саулығын нығайту мен адам капиталын дамыту мемлекеттің конституциялық міндеттерінің бірі екенін атап өтті. Осы бағытта спорт инфрақұрылымын дамытуға және бұқаралық дене шынықтыруды кеңейтуге ерекше мән беріліп отырғанын айтты.
«Соңғы жеті жылда елімізде 500-ден астам спорт нысаны салынды, бірқатары жөндеуден өткізілді», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент былтыр оның тапсырмасымен «Дене шынықтыру және спорт туралы» заңға бірқатар өзгеріс енгізілгенін еске салды. Оның айтуынша, жаңа заң отандық спорттың дамуына, соның ішінде ұлттық спорт түрлерінің өркендеуіне қосымша мүмкіндік береді.
Мемлекет басшысы балалардың спортпен және дене шынықтырумен тұрақты айналысуының маңызын ерекше атап өтті. Оның пікірінше, жас ұрпақтың дені сау болуы – елдің болашағына тікелей әсер ететін маңызды фактор.
Осы мақсатта спорт мектептерінде білім алатын әр балаға бөлінетін қаражат көлемі екі есеге жуық артқан. Бұған дейін бір балаға 233 мың теңге бөлінсе, қазір бұл көрсеткіш 415 мың теңгеге жеткен.
Былтыр 220 мыңнан астам бала спорт үйірмелеріне мемлекет есебінен тегін қатысқан. Бұл бағытқа 50 миллиард теңге бөлінген.
Президенттің айтуынша, бүгінде дене шынықтырумен тұрақты айналысатын қазақстандықтардың саны 8 миллионнан асқан. Бұл – ел халқының жартысына жуығы.
Қасым-Жомарт Тоқаев спорт саласында атқарылған жұмыстардың нәтижесі көңіл қуантатынын атап өткенмен, қол жеткен жетістіктерге тоқмейілсуге болмайтынын айтты. Оның сөзінше, салауатты ұлт қалыптастыру үшін бұқаралық спортты одан әрі дамыту және балаларды спортқа кеңінен тарту жұмыстары жалғасуы қажет.
Мемлекет басшысы ұлт денсаулығы мен дене дайындығы елдің әлеуметтік және экономикалық дамуының маңызды алғышарттарының бірі екенін атап өтті. Сондықтан спорт инфрақұрылымын дамыту, балалар мен жастарды спортқа баулу және ұлттық спорттың беделін арттыру мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі болып қала береді.



