Без рубрики

МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫ КОРЕЯ ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІМЕН КЕЗДЕСТІ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Корея Республикасының Премьер-министрі Хан Сон Сукпен кездесті.

Кездесу барысында Мемлекет басшысы Корея Үкіметінің басшысы болып тағайындалуымен құттықтап, жаңа қызметіне табыс тіледі. Сонымен қатар тараптар қазақ-корей стратегиялық әріптестігінің қазіргі жағдайы мен оны одан әрі дамыту перспективаларын талқылады.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Корея арасындағы қарым-қатынастың тұрақты әрі қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, стратегиялық әріптестік аясында екі ел үшін де өзара тиімді бірқатар маңызды бастама жүзеге асырылуда.

Корея Республикасы Қазақстанның сауда және инвестиция саласындағы он ірі серіктесінің қатарына кіреді. Қазіргі таңда Қазақстанда корей капиталының қатысуымен 1 мыңнан астам бірлескен кәсіпорын жұмыс істейді.

Мемлекет басшысы екі ел алдында тұрған міндеттердің ауқымды екенін айтып, алдағы жоспарларды Корея Үкіметімен бірлесіп нәтижелі жүзеге асыруға ниетті екенін жеткізді.

Кездесуде инвестициялық және іскерлік ынтымақтастықты одан әрі нығайту мәселесіне де назар аударылды. Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда қолайлы іскерлік және инвестициялық ахуал қалыптасқанын атап өтті.

Қазақстанда Кореяның ірі корпорацияларымен қатар, шағын және орта бизнес өкілдерінің де жұмыс істеуіне қажетті жағдай жасалған. Екі елдің үкіметтері бұл бағыттағы ынтымақтастықты жүйелі түрде дамытып келеді.

Атап айтқанда, Сауда-экономикалық және ғылыми-техникалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссия мен Іскерлік кеңес тиімді жұмыс жүргізуде. Сонымен бірге екіжақты экономикалық байланыстарды дамытуға қажетті құқықтық база қалыптасқан.

Мемлекет басшысы Қазақстан мен Корея арасындағы өзара тиімді серіктестік алдағы уақытта да жаңа жобалармен толығып, сауда-экономикалық және инвестициялық байланыстар одан әрі нығая түсетініне сенім білдірді.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button
Close