Білім

МИГЕЛЬ ДЕ СЕРВАНТЕС: АЙЛАКЕР ИДАЛЬГО ЛАМАНЧАЛЫҚ ДОН КИХОТ

Даңқты Дон Кихоттың Сьерра Моренада бастан кешкендері жөнінде, яғни осынау барынша шыншыл хикаяда әңгіме болатын шытырман оқиғалар ішіндегі ең сирек кездесетіндерінің бірі жайында

Даңқты Дон Кихоттың Сьерра Моренада бастан кешкендері жөнінде, яғни осынау барынша шыншыл хикаяда әңгіме болатын шытырман оқиғалар ішіндегі ең сирек кездесетіндерінің бірі жайында

Осынша жәбір көргеніне өкінген Дон Кихот атқосшысына қарап былай деді:

— Ноқайларға жақсылық жасау да бір, тор көз бақырашпен су алып ішу де бір, дегенді жиі естуші ем, Санчо. Сенің ақылыңды тыңдаған болсам, мынадай қасіретке ұрынбас едім. Бірақ, енді болар іс болды. Әзірше төзіп бағу керек, ал болашақта абайлармыз.

— Абайлармын деген уәдеңізді орындағанша, мен де түрікке айналармын, — деді Санчо келіспей. — Бірақ, жаңа “сені тыңдаған болсам, осындай жаманшылыққа ұрынбас едім” дегенді айтып қалдыңыз емес пе? Ендеше, тыңдап алыңыз мені, сонда бұдан да асқан бақытсыздықтан аман қаласыз, — осы сөзіме сеніңіз, Қасиетті ағайындық рыцарьлық салт-дәстүріңізбен санасып жатпайды: олардың кезбе рыцарь дейтіндерге түкіргені бар; қазірдің өзінде-ақ құлағым солар атқан жебелер ызыңынан тұнып кетті.

— Сен тумысыңнан сужүрексің, Санчо, — деп ескертті Дон Кихот. — Солай бола тұрғанымен, мені бірбет, айтқаныма ешқашан құлақ аспайды деп кінәламауың үшін, осы жолы ырқыңнан шықпағанды жөн көріп тұрмын, сөйтіп олардың дегбіріңді алған ашу-ызасынан аулақ кетпекпін. Бір ғана шартым бар: көзің тірі кезінде де, өлгеннен кейін де, ешқашан ешкімге мені қорыққаннан бой тасалады, қауіптен қашып құтылды деп айтпайтын боласың, — мен тек сенің жалынып сұраған өтінішіңді ғана орындамақпын. Ал егер әлгіндей дейтін болсаң, онда бұл сөзің өтірік сөз боп шығады, онда мен сенің жалпы жалған сөйлейтініңді аймандай ғып әшкерелеп, бұл жайында ойға алған немесе біреу-міреуге айтып берген кездеріңнің барлығында да соның бәрі шылғи өтірік болатынын және қашан да өтірік айтатының жайында жария етем. Бірдеңе айтып ақталам деп әуреленбе, өйткені әлденендей қауіптен, — және бұл нендей алып бара жатқан қауіп дейсің, — бар-жоғы әлдекімнің бойында қорыққаннан пайда болған сезіктен жасқанып, жылыстап кеттім-ау деген ойдың өзінен-ақ осы жерде жалғыз өзім қалуға және әлгінде өзің еске салған, зәре-құтың қалмай қорқатын Қасиетті ағайындықты ғана емес, оған қоса барлық он екі ұрпақ Израильдық ағайынды да, жеті ағайынды Маккавейлерді де, Кастор мен Поллуксті де, сондай-ақ жер-дүниеде қанша ағайын мен ағайындық бар, солардың бәрін де тосып алуға дайынмын.

— Сеньор! — деп Санчо қайта сөйлеп кетті. — Бой тасалау — қашу деген сөз емес, оған қоса қатер төніп тұрғаны айдан анық кезде оны күтіп отыру ақымақтық боп табылады, ақылды адамдар бар күш-қайратын бір күнде сарқа жұмсап тауыспай, ертеңге де шақтап қалдыру жайын ойлайды. Мен өзім дөрекілеу әрі надандау адам болғаныммен, инабатты мінез-құлық дегеннің жайынан азды-кем түсінігім бар, сондықтан қосқан ақылыма құлақ астым деп өкінбей-ақ қойыңыз, — одан да отыра алсаңыз Росинантқа отырыңыз, әйтпесе өзім демеп жіберейін, сосын соңымнан еріңіз, өйткені әрлі-берлі ой жүгірте келіп, ақыры қазір қолымыздан гөрі аяғымыздың қызметі бізге көбірек қажет-ау деген қорытындыға кеп тұрмын.

Дон Кихот артық сөзге келместен атқа отырды да, есегіне мініп жол бастаған Санчоның соңынан ерді, сөйтіп көп ұзамай Сьерра Моренаның өздеріне жақындау бөлегіне келіп жетті, ал Санчо болса жотадан әрі асып, Висоға немесе Альмодовар дель Кампоға қарай өтіп, Ағайындық іздеріне түсер болса тұтылып қалмас үшін бір шатқалдың қалтарыс-қуысында екі-үш күн жата тұрмақ еді. Есегіне артқан азық-түліктері каторгаға кесілгендермен қақтығыс кезінде аман қалғанын көрген сәтінде, — қылмыскерлердің олжа іздеп қалай тіміскілегенін және қанша дүниені тонап кеткенін еске алған ол бұны шынымен ғайыптан болған ғажайып деп тапты, — Санчоның бұл құлшынысы тіптен күшейе түсті.

Кешке қарай олар Сьерра Моренаның нақ орта тұсына келіп жетті, Санчо осы жерде қонып шығуға және азық-түліктері таусылғанша тағы бірер күн осында бола тұруға ұйғарым жасады, сөйтіп олар жартастар арасынан бой көтерген тығындық емендер саясына қоналқаға орналасты. Алайда, шынайы діни сенім шуағына шомылмаған жандар ойлайтындай, ненің де болса бәрін өзі қалай ұйғарса солай жетелеп, дайындап және реттеп отыратын бұра тарттырмас тағдырдың жазуымен Хинес де Пасамонте де, Дон Кихоттың мейірімділігі мен мәнжубастығы арқасында бұғаудан босап шыққан атышулы сұм, арамза алаяқ та, Қасиетті ағайындықтан зәресі қалмай, — одан қорқып іннен інге тығылар себебі жетерлік болатын, — тау арасына жасырынуға ниет қылған-ды, ал тағдыр мен үрей оны Дон Кихот пен Санчо Панса жайғасқан жерге айдап келген және өзі бұлардың кім екенін анық ажырата алатын мезгілге, ал аналар бұның тарапынан еш кедергі көрмей ұйқыға бас қойған шаққа тап қылған. Зұлым атаулының бәрі жақсылықты білмейтін жан болғандықтан, сондай-ақ әлдебір нәрсеге мұқтаждығы арсыздыққа баруға жеткілікті себеп саналатындықтан, оған қоса тап осы сәтте туып тұрған мүмкіндікті пайдаланып қалу олар үшін болашақта табар бақытынан әлдеқайда бағалы көрінетіндіктен, Хинес те, жақсылықты білмейтін, қара ниет адам ретінде, Санчо Пансаның есегін ұрлап кетуді ұйғарды, ал кепілге беруге де, сатуға да мүлдем жарамсыз болғандықтан Росинант оны қызықтырмады. Санчо Панса ұйқтап жатты; Хинес есекке мініп алды да, таң ағарып атқанша соңынан ешкім қуып жете алмайтындай жыраққа ұзап кетті.

Таңның қызыл шапағы жер бетін қуанышқа бөлегенімен, Санчо Пансаны қайғыға батырды, өйткені есегінің қолды болғанын байқаған-ды; сөйтіп сұр есегінен қапыда қол үзіп қалғанына кәміл көзі жеткен оның егіл-тегіл еңірей жылап, даланы басына көтергені сонша, боздаған дауысы Дон Кихотты ұйқысынан оятып жіберді; атқосшысы былай деп зар илеп жатқан болатын:

— Қолымда өскен балапаным-ай, өз үйімде туып едің, балларымның ермегі, қатынымның қызығы, көршілерімнің қызғанышы болып едің, жүгімді жеңілдететін едің, оған қоса жұбайымды жартылай асырап жүруші едің, өйткені өзің күн сайын табатын жиырма алты мараведи оның азық-түлігіне кететін шығынның жартысын құрайтын!

Оның зарлаған даусын естіп, себебін сұрап білген Дон Кихот атқосшысын қолынан келгенше жұбатып бақты, шамалы шыдай тұруын өтініп, өз үйіндегі бес есектің үшеуі Санчоның жеке меншігіне өтетіні көрсетілген қол хат беруге уәде етті.

Санчо бұған жұбанды, көзінің жасын сүртіп, өксігін тыйып, осынау қайырымдылығы үшін Дон Кихотқа алғыс айтты. Көп ұзамай тау арасына тереңдей енген Дон Кихоттың бойы сергіп, көңілі көтеріліп кетті, өйткені бұл өңір өзі іздеп жүрген шытырман оқиғалар үшін өте бір қолайлы орын секілді көрінді. Кезбе рыцарьлардың осындай меңіреу шатқалдарда бастан кешкен не түрлі ғажайып оқиғалары ойына оралып, соларға елтіп, елігіп кеткен ол тек осы төңіректе ғана ой кешіп, өзге дүниені тарс есінен шығарды. Қауіп-қатер үрейінен арылған Санчоны да жалғыз арман мазалап келе жатқан: әлгі діни қызметшілерден тартып алған азықтың қалған-құтқанымен қалай қарын тойғызудың жайын ойлаумен болған; есегі алып жүруге тиісті нәрсенің бәрін арқалап алған ол, мырзасының соңынан еріп келе жатып осы жағдайға байланысты қолын қапқа қайта-қайта жүгіртіп, қарнын қампайту шарасын қарастыруға кірісті; және дәл осындай серуенді ол қандай керемет шытырман оқиғаға да айырбастамаған болар еді.

Бір мезгілде оқыс басын көтерген ол мырзасының Росинантты тоқтатып қойып, жердегі әлде бір буманы найзасының ұшымен көтермек боп әлекке түсіп жатқанын көрді, бұл көрініске таңырқаған ол қол ұшын бермекке жылдам жүгіріп қожайынының жанына жетті, бірақ бұл келген кезде Дон Кихот әлденендей көпшік пен оған байланған жартылай, тіпті толықтай дерлік шіріп, бүлінген шамаданды шолақ найзасының ұшына іліп көтере бастаған да еді; алайда бұл заттардың ауырлығы сонша оларды көтеру үшін Санчоға арқалап жүрген жүгін жерге тастауға тура келді; бұдан соң Дон Кихот оған шамаданда не жатқанын қарауға әмір етті. Санчо айрықша ыждағаттылық көрсетті, осынау іріп біткен, тесік шамаданда не барын білуге оның құлпы да, шынжыры да бөгет жасай алмады, — онда жұқа голланд кенебінен тігілген төрт көйлек пен тап сондай таза әрі тап сондай қымбат іш киімдер жатыр екен; ал бет орамалдан қос уыстай алтын теңге табылды. Соны көрген Санчо:

— Бізді осындай өте пайдалы шытырман оқиғаға жолықтырғаны үшін жаратқанға мың алғыс! — деп дауыстап жіберді.

Одан соң іздеуін әрмен жалғастырып, тәп-тәуір мұқабамен тысталған қойын дәптер тауып алды. Дон Кихот дәптерді алды да, ақшадан бас тартып, Санчоға оны қалтаңа салып қой деді. Есі кетіп қуанған Санчо бұл жомарттығы үшін оны қолынан қайта-қайта сүйіп, алғысын жаудырды, сосын шамадандағы барлық киімді азық-түлік дорбасына сықастырып салып алды. Осыны үнсіз бақылап тұрған Дон Кихот былай деді:

— Маған мынандай ой келіп тұр, Санчо: шамасы, бағдарын жоғалтқан әлдебір жолаушы осы тауларда адасып қалған шығар, оған қаныпезерлер тап беріп, өлтіріп тастаған болар, ал денесін адам жүрмейтін мына жапан түздегі бір жерге көміп кеткен шығар — шынымен-ақ осындай оқиғаның орын алғанына еш күмәнім жоқ.

— Олай болуы әсте мүмкін емес, қарақшылар ақшаны қалдырып кетпес еді, — деді Санчо келісіңкіремей.

— Бұның көңілге қонады, — деді Дон Кихот, — бірақ, ондай жағдайда мұның бәрінде нендей мән барын түсіне алмай тұрмын, тіптен ақылым жетпейді. Алайда, тоқтай қал: мына қойын дәптерді қарайық, бәлкім, мұнда өзімізге ой-түрткі болуға жарайтын, білмекке аңсарымыз ауып тұрған нәрселеріміз жайында әлденендей бір мәлімет беретін жазба бар шығар.

Ол қойын дәптерді ашты, оның беттерінен ең алғаш ұшырасқаны — сонет болды, қайта көшіріліп жазылмағанымен жазуы анық та әдемі екен, Дон Кихот сонетті Санчоға алғашқы жолынан ақырғы жолына шейін дауыстап оқып берді:

Әлде Купидон салды ма мені мазаққа,
Әлде мүлдем жаңылды ма жобадан,
Әлде нендей тауқымет бар ма зобалаң —
Тең келмейтін тағдырым берген азапқа.
Бірақ, Купидон құдай ғой биік айбары —
Ол кемеңгер, емес және тас бауыр.
Азабымның қайда, ендеше, бастауы,
Қайда күллі қуаныш-шаттық қайнары?
Сенде деп те, Филида, айтпан әңгіме:
Жақсылыққа жуыспайды жамандық,
Ізгілік пен зұлымдық қоңсы қонбайды.
Бір нәрсе анық: қабірге кетем мәңгіге,
Өйткені, енді қалмады қызық маған түк —
Себебі жоқ сырқатқа дауа болмайды.

— Бұл жырдан бірдеңе түсіне қою қиын екен, — деді Санчо, — оған қоса онда қайдағы бір бәңгілер жайында айтылады екен.

— Қандай бәңгілерді айтып тұрсың? — деп сұрады Дон Кихот.

— Маған сіз бәңгіге деген секілді болдыңыз.

— Ау, бәңгіге деген жоқпын, мәңгіге дедім ғой, — деп түзетті оны Дон Кихот. — Шамасы, автор өзінің ұзамай ана дүниеге аттанатынын айтқысы келген сықылды. Байқауымша, бұл әжептәуір жақсы ақын тәрізді, егер поэзиядан бірдеңе білетін болсам.

— Сонда сіздің, тақсыр, өлең жайынан да хабарыңыз болғаны-ау? — деп сұрады Санчо.

— Хабарым бар және өзің ойлағаннан гөрі тәуірірек, — деп жауап қатты Дон Кихот. — Жүрегімнің әміршісі Дульсинея Тобосскаяға арнап бастан-аяқ өлеңмен жазылған жолдамамды қолыңа ұстатқан кезімде бұған анық көз жеткізерсің әлі-ақ. Сен біліп қой, Санчо, өткен ғасырдағы кезбе рыцарьлардың бәрі дерлік ұлы ақын және ұлы музыкант болған: өйткені, осынау екі қабілет немесе, дұрысырақ айтқанда, екі қасиет кезбе ғашықтардың бәріне тән еді. Бірақ, жасыратын да ештеңесі жоқ, бұрынғы өткен рыцарьлардың өлеңінде шеберліктен гөрі сезім молырақ болатын.

— Әрмен қарай оқи беріңіз, тақсыр, бәлкім кейінірек түсінікті бола түсер, — деді Санчо.

Дон Кихот парақты аударып:

— Бұл қара сөз екен, шамасы, хат шығар, — деді.

— Шаруа жайын айтқан хат па екен, сеньор? — деп сұрады Санчо.

— Басталуына қарағанда, сүйіспеншілік жайындағы жазба секілді, — деп жауап қатты Дон Кихот.

— Ендеше, оны дауыстап оқып берсеңізші, тақсыр, — деді Санчо, — махаббат жайындағы хикаяны тыңдаудан артық жаным сүйер нәрсе жоқ.

— Қазір оқып берейін, — деді Дон Кихот.

Санчоның өтінішіне құлақ қойған ол осы хатта жазылғанның бәрін бастан-аяқ оқып берді:

“Сенің жалған уәдең мен өзімнің дауасыз сормаңдайлығым бастап алып бара жатқан жақтан саған, абзалы, менің бұл дүниеден баз кешкенім жайындағы хабар жетпесе, жалынышты сөзім жете қоймас. Сен менен бездің ғой, беу, жақсылықты білмейтін сұлуым-ай! Оның жалғыз ғана себебі: анау менен гөрі дәулеттірек көрінеді, адамгершілік қасиеттері артық болса бір сәрі ғой; бірақ егер ізгі қасиеттерді қазына-байлық айырбастайтыны анық болса, онда мен ешкімнің бақытын қызғанбаған болар едім, өзімнің жолы ауыр сорлы екеніме де күйінбес едім. Өз сұлулығың тұрғызған үміт мұнарасын, өз қылығың қиратты: сұлулығыңа қарап сені періште екен деп ойлағам, ал істерің әйел екеніңді ғана көрсетті. Бақытты бол, қайғы-қасіретімнің себепкері, жұбайыңның өзіңе жасаған опасыздықтарын жаратқан иеміз қашан да жауып-жасыра берсін, сонда сен істеген ісіңнің терістігіне өкінбес едің, ал мен болсам кек қайтару сынды өзіме мүлдем жат нәрседен іргемді аулақ салар едім”.

Хатты оқып шыққан Дон Кихот:

— Өлеңнен ештеңе аңғару мүмкін болмаса, мына хаттан білеріміз одан да аз екен, тек бұны жазған адамның талақ етілген нақсүйер екенін ғана көрдік, — деді.

Қойын дәптерді түгелдей дерлік парақтап шыққан ол тағы бірнеше өлең мен хатты кездестірді, кейбірін ажыратып оқи алғанымен, өңгелерінің қол таңбасын айыру мүмкін болмады, бірақ бұлардың бәрінің де мазмұны өкініш-нала, күйініш, көңіл шаттығы мен уайым-мұңы, жақын тартқан шақтағы тебіреніс пен кеудеден итерген кездегі күңіреністен тұратын. Дон Кихот дәптерді парақтап жатқан кезде Санчо шамаданды битін салып тінтіп шыққан-ды, сөйтіп шамадан мен көпшіктің ол шұқыламаған, тексермеген, зерттемеген бірде-бір бұрышы, ол сөгіп қарамаған бірде бір тігісі қалмаған-ды — жүзден астам алтын теңгені олжа қылып дәндеген ол салақтығы пен ұқыпсыздығының қырсығынан қапы қалып жүрмейін деген. Алайда алғаш іліктірген олжадан басқа ештеңе таба алмағанымен, көрпеге салып қақпақылдау да, құсып тастаған сұйықтық та, сілесін қатырған сойылдар да, малшының темір жұдырығы да, қоржынының қолды болуы да, жадағайын жоғалтуы да, сондай-ақ қайырымды мырзасына қызмет ете жүріп бастан кешкен аштық та, шөліркеу мен шаршау да — бәрі де текке кетпеген екен деген ойға келді, өйткені аталмыш олжадан бас тартуы арқылы Дон Кихоттың жасаған мейірім-қайырымы атқосшымызға осының бәрін артығымен өтейтіндей көрініп еді.

Қайғылы Бейне Рыцары шамадан иесінің кім екенін білгісі келіп шыдамсызданды. Сонет пен хат, алтын мен сәнді көйлектер мұның текті әулеттен шыққан, сүйген ханымының қатыгездігі мен жек көрушілігі әлденендей оғаш іске итермелеген ғашық біреу екенін аңғартатын. Бірақ, мына адам аяғы баспаған жапан түзде бұның жайын сұрап білетін ешкімнің жоқтығы себепті ол уақытты босқа жібермей, Росинант таңдаған жолмен алға басты — ал, Росинант өзі ғана өте алатын жолмен жүріп келе жатқандықтан Дон Кихоттың осынау тар жол, қыспақты қуыста әйтеуір бір ерекше шытырман оқиғаның болмай қоймайтынына сенімі кәміл-ді.

Осындай ойдың шырмауында келе жатқан ол кенет тура қарсы алдынан, жатағандау төбенің үстімен әлдебір адамның асқан әбжілдікпен тастан тасқа секіріп, бұталардан қарғып өтіп бара жатқанын көріп қалды. Оған қоса, бұл адамның жарым-жартылай жалаңаш екенін, қою қара сақалы, ұйпа-тұйпа қалың шашы барын, жалаң аяқ, балтыры тізесіне дейін жалаңаш екенін де байқап үлгерді; бұтында, шамасы, сарғыш барқыттан шығар, шалбары бар екен, бірақ жұлым-жұлымы шыққаны сонша, кей жерінен жалаңаш тәні көрініс беріп қалатын; ол, сондай-ақ, жалаңбас еді. Әлгінде айтылғандай, бұл адам жылдам жүгіріп өткен болатын, алайда Қайғылы Бейне Рыцары оның осы ерекшеліктерінің бәрін байқап, есте сақтап үлгерген-ді; оны қуып жетпекке әрекет қылғанымен, онысынан түк шықпады, өйткені қауқарсыз Росинант, әсіресе адымының қысқалығы мен туа бітті ебедейсіздігін ескергенде, бұл араның ойқы-шойқысымен шабуға жаратылмаған жануар болатын. Дон Кихот көпшік пен шамаданның иесі осы екенін сол сәтте-ақ аңғара қойды, сөйткен соң оны жолықтырғанша тауда тіпті бір жыл бойы тентіреп жүруіне тура келсе де оны қалайда іздеп табуға өзіне-өзі сөз берді; осы мақсатпен ол Санчоға есегінен түсіп, төбенің сол жақ баурайын айналып өтуге әмір етті, ал өзі қарсы бетімен орағытатынын айтты, сонда, бәлкім, осыншама жедел қарасын батырған адаммен ақыры жолығысатын шығармыз, деді.

— Бұған шамам жоқ, — деп шынын айтты Санчо, — өйткені, сізден бір адым былай жырақтасам болды, жан-жақтан үрей қамап алады да, не түрлі құбыжықтар мен елестер есімді шығарады. Осы себепті, ашу шақырмауыңызды өтініп, алдын-ала ескертіп қояйын: өле-өлгенімше өзіңізден бір адым аулақ кетпеймін.

— Ендеше, солай-ақ болсын, — деді Қайғылы Бейне Рыцары, — рухымның мықтылығынан пана іздейтінің мені шынымен қуантады, ондай жағдайда, тіпті жаның тәніңнен ажыраған күнде де, ол сені жалғыз қалдырмайтын болады. Енді соңымнан қыл елі қалмай немесе шамаң қалай келсе солай ер де отыр және жан-жағыңды қалт жібермей қадағала. Біз мына төбені айналып өтеміз, бәлкім, сонда әлгінде көрген адамымызды кездестіріп қалармыз, — өзіміз тауып алған дүниелердің иесі сол екенінде ешқандай күмән жоқ.

Оған Санчо былай деп жауап қатты:

— Абзалы, соны іздемей-ақ қойсақ неғылады: өйткені, біз оны жолықтыра қалсақ, ақша ойламаған жерден соныкі боп шықса, онда оны амалсыз өзіне қайтаруыма тура келеді ғой, сондықтан көп әуре-сарсаңға түспей-ақ, басымды босқа қатырмай-ақ қашан ғайыптан-тайып заңды қожайыны табыла кеткенше өзімді соның иесі санап жүре берейін де, оны өзіміз іздеп табуға талаптанып, әуестік жасап қайтеміз. Бәлкім, оған дейін ақша жұмсалып та кетер, ал жоққа сот жоқ екені белгілі ғой.

— Бұның дұрыс емес, Санчо, — деп келіспеді Дон Кихот. — Ақшаның иесі — жанымыздан жүгіріп өте шыққан адам екені жайында ақыры күдік алдық екен, оны іздеп табуға және ақшасын өзіне қайтарып беруге міндеттіміз. Ал, егер оны іздеуге шықпасақ, онда оның нақ сол адам екені жайындағы осынау көңілге қонымды күдігіміздің өзінен-ақ біздің айыбымыз оның анық сол екенін біле тұра іздемегенімізден кем болмайды. Сөйтіп, достым Санчо, оны іздейтінімізге бола күйініп-қапаланба, өйткені оны тапқан бойда-ақ менің де күйініп-қапаланудан тиылатынымды ұмытпа.

Осы сөзді айтып ол Росинантты шпормен тебініп жүріп кетті, ал Санчо болса Хинесұмпай де Пасамонтенің аярлығы салдарынан қожайыны соңынан жүктерін арқалап жаяу борсаңдады; сөйтіп төбенің жарты бөлегін артта қалдырған олар жылғаның жағасынан қашырдың жарым-жартылай ит жұлмалап, қарға шұқып тастаған өлімтігін жолықтырды: қашырдың ерттеулі әрі жүгендеулі күйде жатқаны қашыр мен көпшіктің иесі әлгі қашқын деген жорамалдарына көздерін жеткізе түсті.

Олар өстіп қашырдың өлімтігін төңіректеп жүрген кездерінде кенет мал қайырып жүрген бақташының ысқырығынан аумайтын ысқырық естіліп, сол жақ беттен ойда жоқ жерден қара-құра көп ешкі шыға келді, сосын қыраттың төбесінен егде жастағы бақташының өзі бой көрсетті. Дон Кихот оған дыбыс беріп, етекке түсуін сұрады. Анау даусын қатайтыңқырап үн қатып, адам аяғы сирек басатын, бәлкім, тіпті, өмірі бірде бір рет баспаған, тек ешкілер, қасқырлар және басқа да жабайы аңдар жүретін бұл өңірге оларды не айдап келгенін сұрады. Санчо, алайда, одан төмен түсуін өтінді, — содан соң ғана оған егжей-тегжейлі есеп беретіндерін айтты. Төмен түскен бақташы Дон Кихоттың жанына жақындап:

— Мына шұңқырда өліп жатқан қашырға қарап тұрғаныңызға бәс тігуге бармын. Оның мұнда жатқанына, жаңылмасам, жарты жылдай болды ғой деймін. Айтыңызшы, мұның қожайыны кездескен жоқ па сіздерге? — деп сұрады.

— Жоқ, кездескен жоқ, бірақ осы араға жақын маңнан көпшік пен шамадан таптық, — деді Дон Кихот.

— Ол заттар маған да ұшырасқан, — деді бақташы, — бірақ мен жерден көтермек түгіл, жақындап баруға да батпадым: басым бәлеге қалар деп қорықтым, кім біледі, ұры деген айып тағулары да мүмкін ғой. Шайтанға керегі шатақ, тобығыңнан қағып қалса бітті, сүрініп барып тыраң ете түсесің — одан соң не болғанын, қалай, неліктен болғанын анықтап көр.

— Мен де солай ойлаймын, — деп қоштай кетті оны Санчо. — Әлгі заттар маған да ұшыраса жаздаған, бірақ мен жүз қадамға да жақындай алмадым. Мен оларға тиген жоқпын, қазір бәрі сол баяғы орнында жатыр, әйтпесе жуыссаң болды-ақ бір қырсыққа ұрынарың кәміл.

— Айтыңызшы, туысқан, бұл дүниелердің иесі кім екенін білмейсіз бе? — деп сұрады Дон Кихот.

— Білетінім біреу ғана, — деп жауап қатты бақташы. — Бұдан жарты жылдай ма әлде соған жуық па уақыт бұрын осы арадан үш мильдей жердегі бақташы қашаларының біріне мына шұңқырда тырайып жатқан қашырға салт мінген, әлгі өздеріңіз тапқан және орнынан қозғамадық деген көпшігі мен шамаданы бар, сыпайы да сымбатты бір жас жігіт келді. Бізден мына тау жотасының әсіресе қай жағы адам аяғы баспаған жапан түз екенін сұрады. Біз оған осы қазір өзіміз тұрған жақ екенін айттық, бұл шындығында да солай, өйткені егер тағы да жарты мильдей тереңірек енсеңіздер барған жақтарыңыздан қайтып шыға алмай қалуларыңыз да мүмкін. Бұл араға қалай тап болғандарыңызға таңырқауым әлі таусылмай тұр: өйткені бұл жерге бастап әкелетін бірде бір жол, не соқпақ жоқ қой. Сөйтіп, әйтеуір, не керек, бізді тыңдап алған соң жігіт қашырының басын бұрды да, өзіміз көрсеткен жақты бетке алып жөнеп берді, біз бәріміз оның сымбатына сүйсініп, сұқтана қарап қалдық және қойған сұрағына, одан соң асығыс-үсігіс тауға қарай қайта бағыт ұстаған қылығына таңырқандық. Содан оны көрген ешкім болмады, алайда арада екі-үш күн өткеннен кейін ол жол бойына шығыпты, дәл сол кезде жолмен бақташыларымыздың бірі өтіп бара жатыр екен, ешқандай балағат, жаман сөз айтпастан жетіп келіп жұдырықтың астына алып, тепкілеп тастапты да, есегіне жүгіріп барып, артып әкеле жатқан барлық наны мен сүтсірнесін тонап алыпты. Одан соң көз ілеспес жылдамдықпен таудың арасына кіріп жоқ болыпты. Бұл жайдан бақташылардың біразы хабардар болған соң, біз таудың ең бір қу медиен жықпылдарын шарлап, екі күн бойы дерлік іздеп, ақыры оны бір еңселі де жуан еменнің кеуегінде отырған жерінен таптық. Ол бізге ешқандай жаулық танытпай, жайдары мінез көрсетті, үстіндегі киімі жыртылып та қалыпты, ал беті әлем-тапырық боп кетіпті әрі күнге күйіп қошқыл тартыпты — әзер таныдық, расын айтқанда, алдымызда тұрған жанның өзіміз іздеп жүрген адам екенін жырым-жырымы шыққанымен, бәрімізге жақсы таныс сол киімдеріне қарап қана ажыраттық. Ол бізбен сыпайы сәлемдесіп, қысқаша түрде әрі көкейге әбден қонымды сөздермен өзінің мұндай тіршілікті таңдағанына таңырқаудың қажеті жоқтығын, өйткені кешірілмес күнәлары үшін өзін-өзі осындай азапты өмір кешуге мәжбүр етіп жүргенін мәлім етті. Есімін сұрап едік, айтудан бас тартты. Бұдан соң біз оған азық-түлік қажет болса, — ал оның азық-түліксіз бәрібір күнелте алмайтыны белгілі, — өзінің қайда жүргенін айтып хабар беруі керегін, сұрағанының бәрін қуана-қуана және уақытылы жеткізіп беретінімізді ескерттік, ал егер оған бұл да онша ұнамаса, онда оның, тым құрығанда, жол бойына шығып жейтін асты бақташылардан сұрап алуына болатынын, тартып алмауы керегін құлаққағыс еттік. Ол бізге рақмет айтып, қарақшылық жасағаны үшін кешірім сұрады және болашақта ешкімге ешқандай залал келтірмей, Христос атынан өтініш білдіретініне уәде етті. Қай араны тұрғылықты мекен ететінін сұрағанымызда, ол ондай орыны жоқ екенін, қараңғылық түскен кезде қай жерде жүрсе, сол жерге түней кететінін айтты. Сөзін аяқтай келе ол еңіреп жылап жіберді, осынау жан тебірентер зарлы үнді тыңдап тұрып және алғаш көргенімізде оның қандай болғанын, қазір қандай күйге түскенін ойша салыстыра тұрып көзімізге жас алмасақ, біздің де жүрегіміздің қара тастан айырмашылығы болмас еді. Қайталап айтам, жігіт аса көрікті де сымбатты болатын, оның сыпайы да салмақты лебізі текті әулеттен шыққан, жақсы тәрбие көрген адам екенін аңғартатын, оның сөзін деревня тұрғындары ғана тыңдап тұрғанымен, ізеттілігі тіпті сол қарабайыр адамдардың да назарын аударған еді. Сөйтіп, қыза сөйлеп лапылдап тұрған ол сөзін аяқ асты үзіп, жерден көз алмаған күйі тымырайды да қалды, не істерімізді білмей абдырап, әңкі-тәңкіміз шыққан біз оның бұлайша тырп етпей, тым-тырыс тұрып қалуының соңы не боларын тостық; оған айрықша жанашырлықпен көз салып тұрдық, өйткені оның біресе көзін ашып, жерге кірпік қақпай ұзақ қадала қарайтынына, біресе көзін қайта жұмып, тістеніп, қабағын түйетініне қарап, ақыл-есін ауытқытар талмасы қайталап қалғанын айтпай-ақ аңғарған едік. Ұзамай болжамымыз шындыққа айналды, өйткені ол құлап түсті, бірақ сол бойда-ақ құтырына ұшып түрегеліп өзіне жақын тұрған бақташыға тап берді; өрекпи әрі долдана ұмтылғаны сонша, егер аулақ сүйреп әкетпегенімізде бақташыны шайнап тастарына немесе жұдырықпен бір-ақ ұрып мерт қылып жібереріне күмән жоқ-ты. Ал, бақташыға ол мынадай сөздерді айтып тап берген еді: “Ә, опасыз Фернандо! Маған жасаған сатқындығыңның сазайын сен қазір, тап осы қазір тартатын боласың. Азғындықтың неше атасы жайлаған, негізінен залымдық пен екі жүзділік орын тепкен жүрегіңді кеудеңнен мына өз қолыммен жұлып алам!” Бұл сөздерге қосымша ол басқа да біраз сөз айтқан-ды, бірақ бәрі де Фернандоның басына жаңа бір қарғыс жаудырып, оны опасыз және аяр адам ретінде айыптауға саятын. Сөйтіп, бақташыны зордың күшімен босатып алдық, ал ана жігіт болса ләм деп тіл қатпастан бізден жырақтай берді де, жүгіріп барып қалың бұтаның арасына қойып кетті, оны қуып жетерліктей шама бізде болған жоқ. Осының бәрінен біз оның оқтын-оқтын ақылын жоғалтып алатынын, Фернандо есімді әлдекімнің оған үлкен қиянат жасағанын және мына қазіргідей жағдайға жеткеніне қарағанда бұл қиянаттың өкініші өлшеусіз болғанын білдік. Осы долбарымыз кейін ол жол бойына шыққан сайын (жолдың бойына ол талай мәрте шыққан-ды) дәлелденіп отырды: кейде ол бақташылардан ішіп-жемімен бөлісуін сұрайтын, ал кейде күшпен тартып алатын, өйткені есі кіресілі-шығасылы жағдайда бақташылардың ырза-пейілмен ұсынғандарынан бас тартып, оларға жұдырығын ала жүгіретін. Ал, ақыл-есі сау кезде аса кішіпейілділікпен және ізеттілікпен Христос атынан өтініш білдіретін және шын жүректен, тіпті көзіне жас алып тұрып, алғыс айтатын. Сөзіме сеніңіздер, сеньорлар, — деп әңгімесін әрмен жалғады бақташы, — кеше мен өзім және тағы төрт жігіт — екі көмекшім мен екі танысым — бәріміз оны қалай да таппай қоймайық деп уәделескенбіз, ал тапқан жағдайда келіссе өз еркімен, келіспесе күшпен осы арадан сегіз мильдей жердегі Альмодовар қаласына алып барып, сырқаты емге көнетіндей болса емдетейік, тым құрығанда, ақыл-есінен айрылғанға дейін кім болғанын білейік, басына түскен бақытсыздығы жайында хабар беретін жақын-жуықтарын іздейік дегенбіз. Міне, қойған сауалдарыңызға жауап ретінде айтарымның ұзын-ырғасы осы, сеньорлар, сондай-ақ, есте жүргені артық етпес, тауып алған нәрселеріңіздің иесі — жаныңыздан соншалықты шапшаң шауып өткен, әлгінде өздеріңіз көрген жартылай жалаңаш адам. (Жігіттің тастан-тасқа қарғып жүргенін көргендері жайында Дон Кихоттың оған айтып үлгергенін еске сала кеткен жөн.)

Бақташыдан естігендері Дон Кихотты қатты толғандырып, осынау есалаң байғұстың кім екенін білуге деген құштарлығын бұрынғыдан да бетер күшейте түсті, сөйтіп ол ойға алған ісін аяғына дейін жеткізуге өзіне-өзі серт берді, анығырақ айтқанда: тауды түгел сүзіп, барлық қуыс-қалтарысы мен үңгірін тінтіп, қайткен күнде де оны тауып алмақ болды. Алайда, тағдыр бәрін өзі жобалағаннан немесе күткеннен әлдеқайда тәуір үйлестіріп берді, өйткені дәл осы қас-қағымда бұлардың тура қарсы алдынан, таудың аңғарынан өздері іздеп жүрген жігіт бой көрсетті: ол әлдене жайында өзімен-өзі сөйлесіп келе жатыр еді, оның не деп келе жатқанын тіпті жақын жерден де ешкім ұғып болмайтын, ал жырақтан екібастан. Үстіне кигені жоғарыда сипатталған киім еді; оған қоса, оның қасына таяп келген Дон Кихот бұның жыртық-жыртық бешпетіне амбра иіс суы себілгенін сезді, бұл жағдай рыцарымызды мұндай киім киетін адам қара халықтан шықпайды деген ойға біржола орнықтырды.

Жақындап келген жас жігіт бұларға қарлығыңқы бәсең дауыспен, бірақ мейлінше инабаттылықпен сәлемдесті. Дон Кихот оның иіліп берген сәлеміне одан артық болмаса кем түспейтін ізеттілікпен жауап қатып, атынан түсіп, оны ешбір қысылып-қымтырылмастан айрықша достық пейілмен құшағына қысты және бейне баяғыдан білетін адамынша ұзақ уақыт бойы құшағынан босатпай тұрып алды. Дон Кихотты Қайғылы Бейне Рыцары дейтініміз сияқты, Аянышты Бейне Мүсәпірі деп атауымызға әбден болатын жас жігіт әу баста өзін құшақтауға ерік бергенімен, кейін Дон Кихотты сәл-пәл әрі итеріп, иығына қолын қойған қалпы, бұл өзі бұрын көрген адамы ма, әлде жоқ па, соны ажыратып алғысы келгендей оған тесіле қарап тұрып қалды; өзі Дон Кихотты қаншалықты қатты таңғалдырған болса, Дон Кихоттың кескін-кейпі, сымбаты мен сауыт-сайманы да оны, шамасы, тап сондай дәрежеде таң-тамаша қалдырған болса керек. Құшақтасқаннан кейін, ақыр соңында, әлгі мүсәпір бірінші боп сөз бастады, ол жайында алдағы тарауда әңгіме болады.

ХХІҮ тарау

Мұнда Сьерра Моренадағы шытырман оқиға жайындағы әңгіме әрмен жалғасады

Тарихта Дон Кихот үсті-басы адам көргісіз алба-жұлба Тау Рыцарын мейлінше зор ықыласпен тыңдады деп жазылған, ал анау әңгімесін былай бастаған еді:

— Әлбетте, сеньор, сіз кім болсаңыз да, — өйткені, сізді танымаймын, —көрсеткен құрмет-қошеметіңіз үшін ырзашылығымды білдіруді парызым санаймын, сонымен бірге осы арада өзіңіз көрсетіп те үлгерген ізгі ықылас-пейіліңізге жауап ретінде өзім де сізге сондай ықылас-пейіл білдірумен ғана шектеліп қалмасам деп едім, алайда тағдыр маған өзіме жақсылық жасаған жандардың қай-қайсысына да бар болғаны тек оның қарымтасын қайтару жайындағы ізгі ниетім арқылы ғана ырзашылық таныту мүмкіндігін қалдырып отыр.

— Ал, енді маған келсеңіз, сізге қолымнан келгенінше көмектессем бе деген ойдамын, — деп іліп әкетті Дон Кихот, — мен тіпті қашан өзіңізбен жолығысқанша және мынадай әдеттен тыс өмір салтыңызға қарағанда, бойыңызды барынша меңдеп алған дертіңізден арылуға жәрдемі тиетін қандай дауа барын білгенше, осы тауларда қала беруге шешім қабылдап та қойдым, оған қоса ондай дауаны іздеу қажеттігі туындай қалса, оны бар ықыласымды салып іздеуге де дайынмын. Егер қайғы-қасіретіңіз қандай жұбатуға да көнбейтін қиын жағдайлар қатарынан табылса, онда мен өзіңізбен бірдей күйзеліске түсіп, көзімнің жасын көлдетуге әзірмін, өйткені бақытсыздыққа ұшыраған кезіңде шынымен жанашырлық білдіретін адамды жолықтыруыңның өзі де әжептәуір жұбаныш боп табылады. Ал, егер осы ақ-адал ниетімді әлденендей бір ізеттілік арқылы алғыс білдіруге лайық деп тапсаңыз, онда, сеньор, бойыңыздағы көзім анық жетіп тұрған көл-көсір ізеттілікке сеніп жалбарынам және өзіңіз жер-дүниеде ешкімге теңгермеген немесе қазір де теңгермейтін жанның құрметі үшін өтінем: айтыңызшы маған, сіз кім боласыз және киіміңіз бен түр-келбетіңіз куәлік етіп тұрғанындай, қалыптасқан күллі өмір салтыңыздың шырқын бұзып, неліктен мына меңіреу түзде жабайы аңдарша ғұмыр кешіп, өмірден баз кешуге ниет қылдыңыз? Ал, мен, күнәкар да кембағал пенде, — деп қосып қойды Дон Кихот, — өзім құрамына кіретін рыцарьлық орденнің атымен және кезбе рыцарь атағымен ант етем, егер сіз, сеньор, осы өтінішімді орындасаңыз, онда мен сізге лауазымым жүктейтін парызға сай барынша адалдықпен қызмет ететін болам немесе, орнына келетіндей іс болса, қасіретіңізден арашалап алам, немесе, уәде еткенімдей, өзіңізбен бірге көз жасына ерік берем.

Қайғылы Бейне Рыцарының сөзіне құлақ тосып отырған Орман Рыцары оған қадала қарап, оны зер сала бақылаумен болды, сосын басынан аяғына шейін тағы бір шолып өтті, өстіп оған қалағанынша қарап алғаннан кейін ғана:

— Егер ішіп-жейтін бірдеңеңіз болса, Христос үшін беруіңізді сұраймын, тамақ ішкеннен кейін, өзіме білдірген осыншалықты жылы ілтипатыңыз үшін қандай тілегіңізді де орындауға дайынмын, — деді.

Санчо қолма-қол қапшығын, ешкі бақташы — дорбасын қағыстырды, сөйтіп арып-ашыған мүсәпір тамаққа есі кете бас салып, асығыс-үсігіс қылғыта бастады: бір кесек бірдеңені жұтып үлгермей, екіншісін аузына тығып жатты; тамақ ішіп жатқан кезінде оның өзі де, басқалар да жұмған аузын ашқан жоқ. Ақыры, қарнын тойдырып орнынан тұрған ол соңымнан еріңдер дегендей ым жасады, мыналар оны бұлжытпай орындады, сөйтіп ол бұларды осы араға жақын маңайдағы, жартас қалтарысындағы көкорайға бастап келді. Келген соң көк шөптің үстіне тізе бүкті, серіктері де сөйтті: сол бұрынғыша жақ ашып сөйлеген жан баласы болған жоқ; жайғасып отырғаннан кейін мүсәпір былай деді:

— Сеньорлар, қайсы бірін айтарымды білмей отырған қисапсыз қайғы-қапам жайында қысқаша түрде құлағдар етсін десеңіздер, онда қасіретті хикаямды баяндау барысында бірде-бір сұрақпен және бірде-бір сөзбен бөлмеуге уәде беруге тиіссіздер, ал мұны орындамаған жағдайда, әңгімемді қай кезде бөлсеңіздер ол да сол жерден біржола тәмам болады.

Мүсәпірдің мына сөзі атқосшысы айтқан ертегіні тыңдап отырған шақта өзеннің арғы бетіне өткізілген ешкі санынан жаңыла бергенін, нәтижесінде бұл хикаяның соңы беймәлім боп қалғанын Дон Кихоттың есіне оралтты. Ал мүсәпір болса, сөзін былайша жалғастырды:

— Мұны сіздерге алдын-ала ескерткен себебім, қасірет-қайғым жайында ұзақ тәптіштегім келмейді, өйткені еске алу — оны көбейте түсу деген сөз, сондықтан маған қойылар сұрақ неғұрлым аз болса, мен де оны соғұрлым тезірек тәмамдаймын, сондай-ақ өздеріңізді толық қанағаттандыру үшін елеулі деген жайлардан да аттап өтпейтінімді айтып қояйын.

Сол арада отырғандар атынан Дон Кихот оның сөзін бөлмеуге уәде етті, анау оның уәдесін алған соң әңгімесін бастап кетті:

— Менің атым Карденьо, туып-өскен жерім — өзіміздің Андалусиядағы әдемі қалалардың бірі, мен — текті әулеттен шыққан жанмын, ата-анам — дәулетті адамдар, бірақ қасіретімнің шектен тыс ауырлығы сонша, әке-шешем қанша жерден қайғырып жүрегі қан жыласа да, туыстарым маған қанша жерден жанашырлық білдірсе де, оны жеңілдетуге олардың бар байлығы жетпейді, өйткені жаратқан иеміз жолықтырған бақытсыздықты жеңуге дүниедегі қандай кереметтің де қауқары жоқ. Туған жерімде бейне бір көктің құдіретімен жаралған деуге болатын, Амурдың өзі адам таңғаларлық сұлулық тарту еткен, одан асқан сұлулықты өз басым көз алдыма ешқашан елестете алмайтын бір ару мекен етті — иә, Лусинда сондай керемет сүйкімді қыз еді, ол да өзім сияқты әрі бай, әрі текті жерден шыққан-ды, бірақ менен гөрі бақыттылау еді және өзімнің ақ-адал пиғыл-ниетім үміт еткеннен гөрі тұрақтылығы аздау болды. Осы Лусинданы мен ерте жастан сүйгенмін, құрметтегенмін, құдірет тұтқанмын, ол да мені балғын жастағы қызға тән қылықпен шын жүректен құлай сүйген болатын. Ата-аналарымыз ой-ниетімізден хабардар еді, бірақ бұны онша уайым қылып та жүрген жоқ-ты, — түп мақсатымыз некеге отыру ғана боп шығатынын олар түсінетін, өйткені шыққан тегіміз бен дәулетіміз тұрғысынан бір-бірімізге әбден лайықты болуымыз себепті, алдын-ала осылай ұйғарым етілген деуге де келіңкірейтін. Жылдар өтіп жатты, бір-бірімізге деген ынтызарлығымыз арта түсті, ақыры Лусинданың әкесі әдеп сақтау керек деген желеумен маған үйлеріне келе беруге тыйым салғанды жөн көрді — бұл ретте ол ақындар мақтауын асырған Тисбаның ата-анасына еліктегендей болды. Бірақ мұндай тыйымнан кейін құштарлығымыздың жалыны одан бетер өршіп кетті, өйткені тілдесуге салынған тежеу аузымызға қақпақ қойғанымен, қаламымызға тұсау сала алмады, — ал, қаламның өзіміз сүйген жандарға жүрегіміздің тереңінде не жатқанын ауыздан гөрі еркінірек, кеңірек, толығырақ айтып бере алатын қасиеті бар, өйткені сүйгенің қасыңда тұрған кезде ең берік деген ниет пен ең батыл деген ауыздың да қысылып-қымтырылып, мылқау боп қалатын жағдайы жиі кездеседі ғой. Ой, дүние-ай, оған қаншама хат жаздым десеңші! Жан тебірентерлік бейкүнә лебізге толы қаншама жауап хат алдым десеңші! Оған деген махаббатым жайында жан-жүрегімнің ынтызарлық сезімін жайып салған, оттан ыстық тілегімді жеткізген, есте жүргендерімді ермек еткен және құштарлығыма барынша ерік берген қаншама ән шығарып, өлең жаздым десеңші! Ақыры, сілем қатып, оны бір көруге зар болып діңкем құрыған кезде, өзім арман еткен және соған өзімді әбден лайықты сезінген сыйымды алуға қажетті деп тапқан ойымды орындауға және оны мүмкін болғанынша тезірек іске асыруға ниет қылдым, атап айтқанда: Лусиндамен заңды некеге тұру жөнінде әкесінен рұқсат сұрауға тәуекел еттім және солай істедім де. Жауап ретінде ол маған: өзіне көрсетілген осынау құрмет үшін ырзашылық білдіретінін, мені жоғары бағалайтынын және асыл қазынасын қолыма табыс етуге әзір екенін, бірақ әкемнің көзі тірі болғандықтан, бұл тараптағы келіссөз жүргізу соның тікелей парызы екенін айтты. Оған қоса, егер бұл некеге әкемнің көңіл хошы болмаса, бұны онша оңтайлы көрмесе, Лусинданың өз қара басы жасырын түрде үйлене салуға болатындай немесе күйеуге бере қоятындай қыздардың қатарына жатпайтынын мәлім етті. Мен оған жанашыр ақыл-кеңесі үшін алғысымды жаудырдым, өйткені оның сөзі маған өте орынды көрінген, сондай-ақ сырымды жайып салсам, әкемнің келісім беретінін де сезгем. Осы мақсатта арман-ойымды ақтару үшін тура тартып әкеме бардым, бірақ бөлмесіне кірген бойда-ақ қолына әлдебір ашылған хатты ұстап отырғанын көзім шалды, әлдене айтып үлгергенімше болмай әкем әлгі хатты қолыма ұстатып: “Мына хатты оқы, Карденьо, герцог Рикардо саған қамқорлық жасамақшы”, деді. Өздеріңіз де білетін шығарсыздар, сеньорлар, герцог Рикардо — испан гранды ғой, сарайы біздің Андалусиядағы керемет көрікті жерге орналасқан. Мен хатты алып оқып шықтым, оның маған өте ұнамды болғаны сонша, егер әкем герцогтың өтінішін орындамаған жағдайда оған бірінші боп өзім қарсы шыққан болар ем; анығырақ айтқанда, ол әкемнен мені дереу өз сарайына жіберуін сұрапты, онда үлкен ұлының жанында малай емес, серік болады екем, ал ол, герцог болса, маған деген ілтипатының дәреже-деңгейіне сәйкес тиісті лауазым баспалдақтары бойынша өрлеуімді өз міндетіне алады екен. Хатты оқып шыққан соң, әсіресе әкемнің: “Герцогтың тілегіне сәйкес сен, Карденьо, екі күннен кейін соған аттануың керек, — герцогтың қабілет-мүмкіндігіңе, өз ұғымымша, лайықты нәрсенің бәріне қол жеткізуіңе жол ашып бергені үшін құдіреті күшті құдайға алғысыңды айт”, деген сөзін естігеннен кейін, не дерімді білмей сілейіп тұрып қалдым. Әлгі лебізіне әкем бірнеше ақыл-кеңесін қосақтады. Аттанар алдында кешкісін Лусиндамен жүздесіп, оған болған жайдың бәрін баян еттім, одан соң әкесімен сөйлесіп, Рикардоның өзім жайында қандай ойы барын білгенімше күте тұруын, Лусинданы ешкімге ұзатпауын өтіндім. Ол осыған уәде етті, ал Лусинда бұл уәдені сансыз көп серт беруі және сүйіспеншілік сезімін білдіруі арқылы нықтады. Сөйтіп, ақыры герцог Рикардоның иелігіне келіп жеттім. Оның мені аса жылы мейіріммен қабылдап, ерекше ілтипат көрсеткені сонша, сол сәттен бастап-ақ герцогтың байырғы малайлары бұған қызғаныш білдіріп, маған не қилы қысастық жасай бастады, өйткені олар герцогтың маған бөлекше бейіл беруі өздеріне зиян тигізеді деп ойлаған-ды. Менің келгеніме әсіресе қатты қуанған герцогтың Фернандо есімді кенже ұлы болды; Фернандоның, сымбатты да сүйкімді, қолы ашық әрі қызуқанды жас жігіттің, арада аз уақыт өткенде менімен керемет достасып алғаны сондай, сарай адамдарының арасындағы барлық әңгіме тек екеуіміздің достығымыз жайында ғана болды. Оның ағасы да мені ұнатып, оң қабақ білдіріп жүргенімен, дон Фернандоның маған деген ыстық ықыласы мен мейірімі жеткен деңгейге жуықтай қоймайтын-ды. Ал, енді достар арасында айтылмас сыр қалмайтындықтан (бұл кезде мен дон Фернандоның жолдас-жуығы болудан қалып, оның досына айналған едім), ол маған ойында жүргеннің бәрін, соның ішінде әсіресе махаббат мәселесіндегі көңіліне алаң кіргізіп жүрген жайларын, жасырмай баян ететін. Ол бір шаруа отбасынан шыққан бойжеткенді, әкесіне тәуелді дәулетті адамның қызын, ұнатып қалған-ды, ал бойжеткеннің сүйкімділігі, сыпайылығы, аңғарымпаздығы мен қарапайымдылығы сонша, оны білетін жандар осы қасиеттерінің қайсысы басым екенін, қайсысын алдымен атауға боларын білмей қиналатын. Шаруа қызының осындай сирек кездесетін қасиеттері дон Фернандоның сүйіспеншілігін күн өткен сайын өршіте түскені сонша, ақыры ойлаған мақсатын орындау үшін және қыздың қарсылығын жеңу үшін оған үйленем деп уәде етпек болды, өйткені басқа бір амал-айла қолдану — бос әурешілікпен бірдей еді. Бұл жайдан хабардар болғаннан кейін, мен, достық қақымды пайдаланып, көңілге әбден қонымды дәлелдемелер мен бұлтартпас мысалдарды алға тарта отырып, бұған көлденең тұруға және оны алған бетінен қайтаруға талпынып бақтым. Алайда бұл әрекетімнің бекершілік екеніне көзім жеткеннен кейін әкесіне, дон Рикардоға барып бәрін түгел айтып беруді ұйғардым, бірақ дон Фернандо, сұңғыла да ақылман адам болғандықтан, ішке бүгіп жүрген сырымды сезіп қойып, үрейге бой алдырды, — адал қызметші ретінде өз қожайынымнан, яғни герцогтан, абырой-атағына кір келтіретін нәрсені жасырып қалуды жөн санамайтынымды ол жақсы түсінген еді. Сосынғы жерде, мені дал қылып, басымды қатырып қою үшін маған есіл-дертін алған сұлуды ұмытудың ең тәуір амалы — бірнеше айға бір жаққа кетіп қалу дегенді айтты, яғни менімен бірге әкеме барғысы келетінін хабарлады, ал герцогқа өзіне бірнеше тәуір ат сатып алмақ ойы барын, өйткені біздің қаладағыдай жақсы аттар жер-әлемнің еш түкпірінен табылмайтынын айтпақ болды. Сүйіспеншілік сезімінің жетегіне ерген мен, оның бұл әңгімесін естігеннен кейін бұдан да гөрі келіссіз ұйғарымның өзін бірден-бір парасатты да ақылды шешім деп табудан тайынбайтын халде болғам, ал бұған себепкер жалғыз-ақ нәрсе — сүйікті Лусиндаммен жүздесудің өте бір қолайлы жағдайы мен мүмкіндігі туып тұрғандығы еді. Осы ой мен тілекті басшылыққа алған соң, оның ұсынысын құптап, мақсат-мұратын мақұлдап, бұл ниетін барынша тезірек іске асыруы керегін, өйткені, шынында да, көңілден кетпегенмен көзден кетудің, яғни ара жікті ажыратудың түбі өз нәтижесін бермей қоймайтынын айттым. Алайда, біраз кейін білгенімдей, маған осы әңгіменің шетін шығарып жүрген кезде Фернандо әлгі шаруа қызымен оның болашақ күйеуі ретінде тар төсекте табысып та қойған екен, сөйтіп енді құпиясын жария қылу үшін басына қатер төнбейтін қолайлы сәттің тууын күтіп жүр екен, өйткені бұл тентектігін білген кезде герцогтың өзіне қандай шара қолданатыны жайындағы ойдан зәре-иманы қалмай қорқатын-ды. Айта кетерлік жай, бозбаланың сүйіспеншілігі көбіне-көп махаббат емес, нәпсіге құмарлық боп табылады, ал нәпсіге құмарлықтың түп мақсаты — тояттану, тоят алғаннан кейін нәпсіқұмарлық та толас табады, ал сүйіспеншілік секілді көрінген сезім ұясына қайта қонуға мәжбүр болады, өйткені ол табиғат белгілеген шектен асып өте алмайды, ал шынайы махаббат болса мұндай шек дегенді мүлдем білмейді, — тоқ етерін айтқанда, шаруа қызының рақатына батқаннан кейін-ақ Фернандоның оған деген құштарлығы суынып, ынтығы басылып қалды. Әкесінің өзіне деген ашуы тарқауы үшін әу баста оны бір жаққа кетем деп алдаусыратып бақса, енді қазір көзге күйік бола бермес үшін шынымен-ақ жырақ кетуге құлшынып жүрген-ді. Герцог келісімін беріп, маған дон Фернандомен бірге аттануға әмір етті. Біз менің туған қалама келіп жеттік, әкем оны лайықты түрде қарсы алды, өзім келген бойда-ақ Лусиндамен жүздесіп қайттым, сөйтіп іңкәрлігім қайта өршіді (шындығында, іңкәрлігім ешқашан өшкен де, әлсіреген де жоқ-ты), бұл жайында, сорыма қарай, Фернандоға мәлім қылдым, — оған мұны мәлім еткен себебім, өзіме көрсетіп жүрген айрықша достық пейіліне қарап, өзім де одан ештеңе жасырмауға тиіс секілді сезінгем. Лусинданың сұлулығын, сүйкімділігі мен сезімталдығын аузым көпіріп мақтағаным сонша, анау бойына осындай ізгі қасиет біткен қызды бір көруге құштар болды. Сұм тағдырдың түртпегімен оның тілегін орындап, бір күні кеште Лусинданы шырағдан жарығында терезе алдында тұрған жерінен көрсеттім, ол екеуіміз әдетте осы терезе арқылы тілдесетінбіз. Үстіне кигені төсек көйлек қана еді, оны Фернандоның көзі шалған бойда-ақ осы күнге шейін назарына іліккен сұлулық атаулының бәрі түкке алғысыз боп қалды. Орнында сілейіп тұрды да қойды, өзіне-өзі келе алмай, айран-асыр күйге түсіп, аяқ асты ғашық бола салды, ал бұл қаншалықты шынайы ғашықтық еді — оны бақытсыздықтарым жайындағы кейінгі әңгімемнен біле жатасыздар. Оның маған түк ештеңе білдірмей, тек өзімен-өзі оңаша қалған кездерінде құдіретті күштерге ғана сыр ғып айтып жүрген бұл сезімін өршіте түсу үшін сұм тағдыр бір күні оны Лусинданың маған жазған хатына жолықтырды, бұл хатында ол менен әкесіне барып өзін айттыруымды сұрап жалынып-жалбарынған болатын; қыздың айрықша сезімталдығы, қарапайымдығы мен нәзіктігі аңғарылып тұрған бұл хатты оқып шыққан Фернандо маған әдетте жер бетіндегі әйел атаулыға бірдей етіп бөлініп берілетін сұңғылалық пен сұлулықтың бәрі бір ғана Лусинданың бойында жинақталған екен дегенді айтты. Ақ-адал шыным, қазір алдарыңызда отырып күлбілтелемей-ақ ашып айтуыма болады, Фернандоның Лусинданы қалай мақтауына да қисын жеткілікті екенін түсінгеніммен, мұндай мақтау сөздерді оның аузынан естуім өзіме тіптен ұнаған жоқ, сондықтан одан қорқып, сақтана бастадым, өйткені ол реті келген-келмегеніне қарамай минут сайын дерлік мені Лусинда жайында сөзге тартатынды шығарды, бұл менің бойымнан қызғанышқа ұқсас бір сезімді оятты, бірақ ақжүрек те адал Лусинда тарапынан күтпеген қадам жасалады деп әсте қауіптенген жоқ едім; қалай болған күнде де, тағдырым мені өзі табыстырмақ болған бақытымнан қауіптене бастауға мәжбүр етті. Сөздеріміздің сәнділігі мен мәнділігі өзін айрықша жан рақатына бөлейді деген желеумен дон Фернандо менің Лусиндаға жазған хатым мен оның маған жолдаған жауабын оқуға әрдайым бөлекше ықылас білдіріп отырды. Ақыры бір жолы Лусинда менен өзі қатты ұнататын рыцарьлық романдардың бірі Амадис Галльскийді оқып шығуды өтінген болатын…

Рыцарьлық романның атын естуі мұң екен, Дон Кихот сол сәтте-ақ жігіттің сөзін бөліп жіберді:

— Егерде сіз, жарқыным, сеньора Лусинданың рыцарьлық романдарға әуестігін әу бастан хабарлаған болсаңыз, онда оның ақыл-ойының асқақтығына мені иландыру үшін ешқандай мақтау мен мадақ қажет болмас еді, ол өз алдына, егер осындай қызықты кітаптарды оқуға құштарлық танытпаса, оның ақыл-ойы да өзіңіз, сеньор, мәлім еткендей, осынша сұңғылалыққа жете алмас еді, сол себепті де мен үшін оның сұлулығын, адамгершілігі мен ақылдылығын сипаттауға көп сөз шығындаудың қажеті жоқ, — оның талғамы қандай екенін білсем-ақ болды, оны сол бойда-ақ әлемдегі ең сүйкімді және ең ақылды әйел деп табам. Осыған орай, сеньор, оған Амадис Галльскиймен бірге Дон Рухел Греческийді де қоса жіберуіңізді сұрар едім, — сеньора Лусиндаға Дараида мен Гарайя да, бақташы бала Даринельдің тапқыр сөздері де, сондай-ақ оның буколиктеріндегі өзі өте ұнамды түрде, әрі асқан шеберлікпен, өз бетінше әнге қосып орындап жүретін өлеңдері де айрықша қатты ұнарына сенімдімін. Алайда өзім анықтаған бұл кемшіліктің орнын кейін толтыруға болады, оны толтыратын шақ өзіңіз маған ілесіп деревняма барған кезде туады, өйткені сол жерде жанымның жұбанышы, өмірімнің қуанышы боп табылатын үш жүзден астам романды қолыңызға ұстатам. Әйтсе де, бірде-бір романның қолымда қалмағанына да күмән жоқ, — бәрі де сол зұлым, қызғаншақ, жауыз сиқыршылардың қылғаны. Сөзіңізді бөлмеу жөніндегі уәдемді бұзғаным үшін кешірім сұраймын, жарқыным, бірақ өзім отырған жерде рыцарьларға қатысты шаруалар мен кезбе рыцарьлар жайында әңгіме қозғалған кезде мен үшін оған араласпай қалу да бір, күн сәулесінің — жер бетін қыздыра алмауы да, ай сәулесінің — жер бетін дымқылдай алмауы да бір. Сөйтіп, енді кешірім етуіңізді өтінем және әңгімеңізді әрмен жалғауыңызды сұраймын, дәл қазір бізге керегі де осы болып тұр.

Дон Кихот Карденьоға арнап осы әңгімесін айтып жатқан кезде анау басын тұқыртып, терең ойға шомғандай үн-түнсіз отырды да қойды. Дон Кихот оған әңгімесін жалғау жөнінде екі мәрте өтініш білдірді, бірақ анау басын көтерген жоқ және ләм-мим деп жауап та қатпады; арада біраз уақыт өткеннен кейін ғана, ақыры, басын сілкіп жіберіп:

— Айтқаным айтқан, атышулы алаяқ Элисабат емшінің королева Мадасимамен ашына болғаны анық — және мені бұл ойдан айныта алатын немесе олай болмады деп дәлелдей алатын адам әлі туа қойған жоқ, оған қоса, басқаша ойлап, басқаша пайымдайтын біреу шықса, оны барып тұрған ақымақ деп білем! — деді.

— Өй, сіз, анандай-мынандай! — деп айқайлап жіберді аяқ асты ашу шақырған Дон Кихот (дағдылы әдетінше, ол, әрине, жеріне жеткізіп сыбап салған болатын). — Өй, бұныңыз сіздің тарапыңыздан жасалып тұрған шектен тыс қиянат қой, немесе, ашығын айтқанда, пасықтық! Королева Мадасима — аса қадірменді сеньора, сондықтан осындай текті әулеттен шыққан әйелдің қайдағы бір ноқай оташымен төсектес болуын көз алдыңа елестетудің өзі мүмкін емес, ал кімде-кім олай емес, басқаша дейтін болса — ол нағыз жексұрын суайт боп табылады. Және мен мұны оған жаяу да, аттың үстінде де, қарумен де, қарусыз да, күндіз де, түнде де, қалай хош көрсе солай дәлелдеп бере алам.

Карденьо оған қас қақпай қарап отырды; қазір ол ақыл-естен ажыраңқырап қалған халде еді, сондықтан әңгімесін жалғай алмайтын, ал Дон Кихот болса, ештеңе тыңдағысы келмейтін жағдайда болатын, өйткені королева Мадасима жөнінде естігендері оны шамадан тыс шамдандырып жіберген. Таңғаларлық нәрсе: ол королеваға бейне бір өзінің шын мәніндегі, яғни туа бітті сеньорасы ретінде ара түскен-ді, ал соның бәрі әлгі түкке тұрғысыз жеркенішті романдардың қырсығы болатын! Карденьо, әлгінде айтылғандай, онсыз да ауытқыңқырап отырған, ал оған суайт, жексұрын және басқа осындай атақтар таңылған кезде быт-шыт боп ашуланды да, жерде жатқан тас кесекті ала салып Дон Кихотқа жіберіп қалды, тас оның кеудесіне барып тиіп, анау отырған жерінде етпетінен құлап түсті. Қожайынына жәбір жасалып жатқанын көрген Санчо Панса делқұлыға жұдырығын ала жүгірген, бірақ анау оны лайықты қарсы алды: бір-ақ ұрып жалпасынан түсіріп, іле-шала үстіне қонжия кетіп, айызы қанғанша соққылады. Санчоны қорғамаққа талпынған бақташы да соның кебін киді. Сөйтіп үшеуін үш жаққа лақтырып, сілейтіп салған мүсәпір түк ештеңе болмағандай асықпай аяңдап тау арасына кіріп қарасын жоғалтты. Санчо орнынан тұрып, жоқ жерден бостан-бос таяқ жегеніне жаны күйіп, ашуын бақташыдан алды: бәріне кінәлі сен, өйткені бұл адамның есі кіресілі-шығасылы екенін алдын-ала ескерткен жоқсың, егер ондайын білген болсақ қам жасар едік те, сыбағасын берер едік, дегенді айтты. Бақташы ескерткенін, егер оны Санчо естімесе, онда өзінің кінәсі жоғын айтып қарсылық білдірді. Сөйтіп, Санчо Панса оны бір сөзбен мұқатып, анау оған екі сөзбен жауап қатып, осындай қызды-қызды сөз алмасудың нәтижесі бір-бірінің сақалына жармасып, бір-бірін төмпештің астына алуына әкеп соқтырды, егер Дон Кихот келіп тыныштандырмаса, екеуінің де пәрша-пәршасы шығатыны кәміл-ді.

Бақташымен айқастан айызы қанбаған Санчо айқайын салып:

— Неңіз бар менде, тақсыр, сеньор Қайғылы Бейне Рыцары! Ол да мен сияқты қарапайым пенде ғой, рыцарьлар қатарына қабылданған адам емес қой, ендеше жәбір көрсеткені үшін оны еш қысылып-қымтырылмастан төмпештеп алуыма және әділдікті сүйер адам ретінде жекпе-жек күш сынасуға қақым бар ғой! — деді.

— Солайы солай, бірақ, менің білуімше, болған жайда оның ешқандай кінәсі жоқ, — деді Дон Кихот.

Оның бұл ескертпесі қарсыластарды сабасына түсірді де, Дон Кихот сол арада бақташыдан Карденьоны қалай іздеп табуға болатынын тағы сұрады, өйткені оның бастан кешкен оқиғаларын аяғына шейін тыңдауға айрықша құштар көрінеді. Бақташы оған әу баста айтқанын қайталады, яғни Карденьоның анық қай жерді мекен ететінін білмейтінін, бірақ егер Дон Кихот осы өңірді асықпай араласа, онда оны — есі дұрыс қалпында ма әлде ауыш күйінде ме — әйтеуір бір таппай қоймайтынын айтты.

ХХҮ тарау

Ламанчалық ержүрек рыцарьдың Сьерра Моренада бастан кешкен ғажайып оқиғалары және оның Қапалы Серіге еліктеп басына азап артуы жайында

Бақташымен қоштасқан Дон Кихот қайтадан Росинантқа қонып, Санчоға соңынан еруге әмір етті, есегі секілді бұл да бұйрықты өте ықылассыз орындады. Ақыры олар таудың адам жүре алмайтын нағыз ойқы-шойқысына келіп жетті, сол арада Санчоның мырзасымен қалай тілдесерді білмей қыпылықтап есі кетті, бірақ өткен жолғы ескертпесі жадында жүргендіктен, бірінші болып өзі сөз бастауын күтті. Алайда үнсіздік тым ұзаққа созылып кеткендіктен, төзімі таусылған ол былай деп тіл қатты:

— Сеньор Дон Кихот! Батаңызды беріп, жөніме жіберіңізші мені, тақсыр: тап осы қазір үйіме, қатын-балама қайтқым кеп тұр — әйтеуір, қалай болғанда да, ойымдағының бәрін айтып, олармен құмардан шыққанша қауқылдаса алам ғой, ал өзіңізге еріп мынадай меңіреу түзді күн демей, түн демей шарлау, оған қоса сөйлегім келіп тұрғанына қарамай аузын буған өгіздей үндемеу де бір — өзімді тірілей жерге көміп тастау да бір. Тағдыр тәртіп беріп, анау әлгі Укроп па әлде Езоп па еді, соның заманындағыдай, жануарларды сөйлей алатын етсе де жаман болмас еді: ойыма не келсе соның бәрін есегіме жыр қып айтып берер ем, жаным да жай тауып қалар еді. Әйтпесе, шытырман оқиға іздеп өмір бойы сергелдеңге түсу оңай нәрсе емес және оған кез-келген адамның шыдамы жете бермейді, оның үстіне тапқан оқиғаңның түрі үнемі сені тепкілеу, көрпеге салып қақпақылдау, таспен ұру, жұдырық жегізу боп шығады, ал сенің аузыңа қақпақ қойылған, құдды бір мылқау сияқтысың, ішіңді тесіп бара жатқан нәрсең жайында айтуға да ықтиярың жоқ.

— Иә, саған да оңай тиіп жүрген жоқ, Санчо, — деді Дон Кихот, — аузыңа салған тыйымды алып тастағанымша асық боп, шыдамың таусылып жүр. Ендеше, ол тыйым алынды деп есептей бер, ойыңа не келсе соны айта бер, бірақ бір ғана шартым бар: бұл еркіндік тек таудан әрмен өткенімізше ғана күшінде болады.

— Мейлі, — деп келісті Санчо, — менің осы қазір сөйлегім кеп тұр, ал кейін құдай тағы не бермес дейсің. Ал, онда, аталмыш еркіндік күшіне енсе, өзіңізге мынадай бір сауал тастасам деп ем: анау, қалай еді, королева Мұндарсимаға соншалықты есіңіз кетіп ара түскеніңіз неғылғаныңыз? Әлгі, қалай еді, аббат оның көңілдесі болды ма әлде болмады ма, соған соншалықты тіреліп тұрған қандай шаруаңыз бар еді? Өйткені, сіз оларға жөн сілтеп, жол көрсететін адам емессіз ғой, егер сол арада үндемей қалсаңыз, ана есерсоқтың әңгімесін асықпай аяқтап шығары кәміл-ді, сөйтіп бұл іс кеудеңізге келіп тиген тас кесексіз, тепкілеусіз және жарты дюжина29 жұдырықсыз-ақ аяқталар еді.

— Әңгіме былай ғой, Санчо, — деп Дон Кихот қайта сөйлеп кетті, — егер королева Мадасиманың қандай қадірлі де зиялы әйел болғанын мен секілді жақсы білсең, онда шамадан тыс шыдамдылық көрсеткенімді өзің-ақ мойындар едің: менің орнымдағы басқа біреу осындай былғаныш сөзді жария қылған тілді жұлып алар еді. Шын мәнінде де, әлдебір королеваны емшімен төсектес болды деу ғана емес, солай ойлаудың өзі шектен тыс қиянат қой. Ал, бұл істің шындығы мынадай: әлгі жындысүрей тілге тиек еткен дәрігер Элисабатты, осынау ізгі ниетті адамды және кемеңгер кеңесшіні, королева өзінің қасында емші әрі тәлімгер ретінде ұстаған-ды. Алайда, оны сол емшінің көңілдесі болды деу — қатаң жазалауға лайықты сорақылық. Егер мұны айтқан кезінде Карденьоның ақыл-естен айныңқырап та қалғанын ескерсең, онда, сірә, не айтып, не қойғанын оның өзі де білмегеніне келісерсің деп ойлаймын.

— Менің де айтып тұрғаным осы ғой, жынды адам аузына келгенді соға бермей ме, оған көңіл аудармауыңыз керек еді, — деп құлаққағыс етті Санчо. — Егер өзіңізге сәттілік қол ұшын бермегенде, тас кесек кеудеңізге тимей, тура барып басыңызға тигенде, онда халіміз мүшкіл болған болар еді, ал осының бәрі сол құдай атқан королеваның қырсығынан ғой. Карденьо болса, қылшығы да қисаймай оп-оңай құтылып кетер еді, өйткені ол ақылынан адасқан адам ғой!

— Кез-келген кезбе рыцарь әйел заты атаулының ар-намысын, олар кім болсын мейлі, соның ішінде әсіресе королева Мадасима сынды құдіретті де құрметті королевалардың ар-намысын, есі бүтін адамдардан да, есі ауысқан адамдардан да қорғауға міндетті; мен өзім бұл королеваны ізгі істері үшін айрықша құрмет тұтам, өйткені ол көз тартатын көрікті әйел ғана емес, сонымен бірге қайғы-қасіретте де мейлінше ұстамды әрі шыдамды әйел болған-ды, ал қайғы-қасірет оған қас-қағым сәт мұрша таптырмаған-ды. Дәрігер Элисабатпен әңгімелесу, ақыл-кеңесін тыңдау оған көп пайда келтірді, көп нәрсеге көзін ашып, өмірдегі алуан ауыртпалыққа шыдамдылық танытуға көмектесті. Ал, әрі надан, әрі бәле баққан қара тобырға бұл жағдай королева оның көңілдесі деп ойлауға және сондай сөз таратуға желеу болды. Бірақ, мен тағы айтам және тағы екі жүз рет қайталаймын, осындай ойда жүргендер мен осындай сөз тарататындардың бәрі де өтірікші.

— Ал, өз басым ештеңе ойламаймын да, ештеңе таратпаймын да, — деді Санчо, — неғылса о қылсын, керек еді маған солар. Көңілдес болды ма, болмады ма — бұған жауапты олар құдай алдында береді. Менің ештеңеде шаруам жоқ, мен ештеңе де білмеймін, біреудің ісіне араласып, бірдеңесін тіміскілеу маған жат нәрсе, әлдекім біреуге ор қазса, әуелі соған өзі түседі. Оның үстіне мен жарлы болсаң арлы болма дегендей ептеп-септеп күнімді көріп жүрген жанмын, мейлі тіпті олар көңілдес болса болған да шығар — маған одан келіп-кетер не бар? Ал, жұрттың жайы мәлім, басқаларды үріп ішіп, шайқап төгіп отыр-ау деп ойлайды, ал шындығында, бақсам бақа екен дегендей, іліп алар ештеңесі жоқ. Бірақ, енді кімнің екі елі аузына төрт елі қақпақ қойып болады? Тіпті, оны айтпағанда, жаратқанға да тіл тигізіп, шұнақ құдай деп жататындар бар.

— О, жасаған! — деп дауыстап жіберді Дон Кихот. — Сен бетің ауған жаққа лағып кеттің ғой, Санчо! Тізбектетіп отырған мақалдарыңның әңгімемізге қатысы қанша? Құдай ақы, үніңді өшір, Санчо, болашақта тек есегің жайында ғана қам жеуді біл, өзіңе қатысы жоқ нәрсеге алаңдаушы болма. Одан соң, барлық бес сезіміңнің бесеуімен де бойыңа сіңіретін кез жеткен нәрсе мынау: осы күнге шейін істегенім, қазір істеп жүргенім және болашақта істейтінімнің бәрі де ақылға қонымды әрі рыцарьлық іс-әрекет ережелеріне сай боп табылады, ал бұл ережелерді мен осыны ұстанған әлемдегі барлық рыцарьдың бәрінен де жақсы білем.

— Сеньор! — деп наразылық білдірді Санчо. — Ал, сонда ешқандай бағыт-бағдарсыз тауда тентіреп жүру мен жынды немені іздеу де рыцарьлық қастерлі ереже санала ма? Ол өз алдына, әлгіні іздеп тапқандай болсақ, кім біледі, бәлкім, оның бастаған ісін аяқтауға аңсары ауып кетуі де мүмкін ғой, — бітпей қалған әңгімесін емес, сіздің басыңыз бен менің қабырғаларыма қатысты әңгімені айтып тұрмын, — сөйтіп, бізге қарсы бастаған соғысын толық жеңіспен аяқтауы да ғажап емес қой.

— Айттым ғой саған, Санчо, аузыңды жап! — деді Дон Кихот. — Біліп қойғын, бұл өңірге мен тек жындысүрейді іздеу үшін ғана келіп тұрған жоқпын, оған қоса осы арада әлденендей бір ерлік жасап, сол арқылы күллі әлемде мәңгі өлмес даңқ пен құрметке бөленгім келеді. Және ендігі жерде бұл ерлігіме кезбе рыцарь атаулының бәрі өз тұрғысынан алып қарағанда еш те бір теңдесі жоқ нәрсе ретінде, өздерін атақ-даңққа жеткізетін өнеге ретінде және өз өнерлерінің өлшемі ретінде қарайтын болады.

— Немене, сонда бұл ерлік өте қауіпті ме? — деп сұрады Санчо Панса.

— Жоқ, — деді Қайғылы Бейне Рыцары. — Бірақ қолымызға мардымсыз карта түссе, таза-тақыр ұтылып та қалуымыз ықтимал. Алайда, бәрі сенің әбжілдігіңе байланысты.

— Менің әбжілдігіме дейсіз бе? — деп қайталап сұрады Санчо,

— Иә, — деді Дон Кихот, — өйткені өзім жұмсағалы отырған жақтан неғұрлым жедел оралар болсаң, онда әуре-сарсаңым да соғұрлым тез аяқталмақ, сөйтіп ұлылыққа қол берген дәуренім де жедел түрде салтанат құра бастамақ. Алайда, осылай дегенде нені меңзеп отырғаным турасында саған бұдан әрі жұмбақтай беруімнің жөні жоқ, сондықтан, Санчо, сен біліп қойғын, айтулы Амадис Галльский әлемдегі ең жақсы рыцарьдың бірі болатын. Жоқ, олай айтпауым керек еді: ең жақсы рыцарьдың бірі емес, ең жақсысы, біріншісі, алдына жан түспегені, сол тұста жер бетінде ғұмыр кешкендердің бәрінен жоғары тұрғаны сол еді. Онымен әлде бір нәрседен тең түстім дейтінді дәлелдемек болған анау әлгі дон Бельянис те және басқалар да түбі оңбайды, — оның бәрі әншейін әңгіме, шын сөзім. Бұған қоса айтарым, атағын шығаруға ынтық суретші шеберліктің шыңына шыққан тарланбоз суретшінің туындыларына еліктеп бағады, ал осы шарттың мемлекет мәртебесін асыруға септігін тигізетін, құрметке лайық қандай қызмет пен кәсіпке де қатысы бар, міне сондықтан ұстамды да шыдамды болып көрінгісі келетіндер Одиссейге еліктеуге тиіс және еліктейді де, өйткені оның бастан кешкен бақытсыздықтарын суреттеген Гомер шыдамдылық пен ұстамдылықтың шынайы үлгісін алдымызға тартқан болатын, сол сияқты Вергилий де Эней бейнесінде ата-анасын құрмет тұтатын ұлдың ұлағатты істері мен тәжірибесі мол, жау жүрек әскербасының аңғарымпаздығын сипаттаған еді және екеуі де өз кейіпкерлерін өмірде қандай болса, сондай кескінде емес, қандай болуға тиіс кескінде суреттеп, сипаттаған еді, осы арқылы бұлардың ізгі қасиеттерін болашақ ұрпақтардың еліктеуіне лайықты үлгі ретінде ұсынған-ды. Амадис те ержүрек әрі ғашық рыцарьлардың тап осындай аспандағы жол көрсетер жарық жұлдызы, ғаламшары, күні болатын, сол себепті махаббат пен рыцарьлық туы астында шайқасқа шыққан мына біздің бәріміз де соған еліктеуге тиіспіз. Ендеше, достым Санчо, менің ойымша, кезбе рыцарьлар ішінде кімде-кім Амадис Галльскийге басқалардан гөрі көбірек еліктейтін болса, сол рыцарьлық іс-әрекеттің маңдайалды машығына мейлінше маңайласа түспекші. Бірақ, Амадистің айрықша ұстамдылық, айбын, батырлық, көнбістік, шыдамдылық және сезім шынайылығын танытқан шағы Ориана өзінен теріс айналған кезде өз басына азап артып, Қапалы Сері деген жасырын атпен Жұпыны Жартасқа барып жатып алған кезі еді; оның бұл есімінде, әрине, терең мән бар-ды және өзі айрықша құштарлықпен таңдап алған тіршілік тәртібіне сай келетін. Ал, мәселе өзіме тірелсе, маған дәулерді кескілегенше, айдаһарлардың басын шапқанша, андриактарды өлтіргенше, әскерлерді түре қуғанша, флотилияларды су түбіне жібергенше және арбаушылық айла-амалдарды талқандағанша оның осы ісіне еліктеген жеңілдеу. Ал, бұл маңай өзім ойға алған істі жүзеге асыруға өте қолайлы орын болғандықтан, тағдыр-талайым асқан мейірімділікпен ретін келтіріп тұрған осынау оңтайлы жағдайдан айрылып қалуымның қисыны жоқ.

— Сонда осынау меңіреу түзде нендей іспен айналыспақсыз, соны білуге рұқсат етпес пе екенсіз, тақсыр? — деп сұрады Санчо.

— Ау, саған айтқан жоқпын ба? — деп жауап қатты Дон Кихот. — Мен Амадиске еліктеп есінен адасқан, күдер үзіп, қаһар төккен адам секілді көрінбекпін, осы арқылы әрі көзсіз батыр Роландқа да ұқсап бағуға тырыспақпын: ол бастау жанынан Сүйкімді Анжеликаның басқан ізін жолықтырып, оның Медормен құмар қандырғанын аңғарып, жынданып кетіп еді ғой — сөйтіп, ағаштарды тамырымен жұлып, жылғалардағы тұнық суды лайлап, бақташыларды өлтіріп, табындарды қырып, лашықтарды өртеп, үйлерді қиратып, биелерді айдап кеткен-ді және тарих шежіресіне мәңгілікке жазып қоюға лайықты тағы да жүз мыңдай әрекет жасаған болатын. Әрине, мен Роландтың жә болмаса Орландоның, немесе Ротоландоның, — оны олай да, былай да атай береді, — барлық істеген ісін: ақылға сыйымсыз тентектігін, айтқан сөзін, ойлаған ойын бұлжытпай қайталамақ емеспін, тек оның өзім өте маңызды деп тапқан істерін ғана мейлінше дәлдікпен қайта тірілтпекпін. Бәлкім, тек Амадиске ғана еліктеумен шектелермін, ол зардапты жын ойнақ жасамай-ақ, тек көз жасын көлдетуімен және сезімге берілуімен ғана өзін-өзі ешкімнің ешқашан қолы жетпеген даңққа бөледі ғой.

— Менің түсінігімше, — деді Санчо, — рыцарьлардың мұндай бұзақылық істерге баруы әлденендей қажеттіліктен туған секілді, олардың опық жеп, ақымақтық жасайтын себептері болған тәрізді. Ал, енді сізді айтам-ау, сізге қараптан-қарап жынданарлықтай не көрінді, тақсыр? Әлде әйел өзіңізден теріс айналды ма, немесе бір жерден басқан ізін тауып, сеньора Дульсинея Тобосскаяның әлдебір маврмен не христианмен ойнап-күлгеніне көз жеткіздіңіз бе?

— Міне, ең қызығы да осында, — деп жауап қатты Дон Кихот, — іске асырмақ нәрсемнің өзіндік ерекшелігі де осы боп табылады. Әлденендей себеппен жынданып кеткен кезбе рыцарьлар ешқандай сыйлық та сұрамайды, алғыс та күтпейді. Бұл қитұрқының мәні мынада: мен ешқандай себепсіз қараптан-қарап жынданып кетпекпін, сөйтіп ханымыма егер қараптан-қарап жүріп осылай жындансам, онда мені шынымен сондай жағдайға жеткізген кезде не болатынын ұқтырмақпын! Оған қоса, менде бұған иланымды негіз де бар, — өзімді мәңгілікке арбап алған Дульсинея Тобосскаядан ұзақ уақытқа қол үзіп кеткенімді айтып тұрмын, өткенде бақташы Амбросьо: қол үзіп қалған адамның бойын үрей билейді, оның жанын жүдетпейтін нәрсе жоқ, демеп пе еді. Сондықтан, достым Санчо, мені осындай ерекше сипаты бар, осындай қуанышты және осындай әдеттен тыс еліктеуден айнытуға тырысып уақытыңды текке шығындамай-ақ қой. Мен жынданған адаммын және Дульсинея аяшыма өзіңнен беріп жібергелі отырған хатыма жауап әкелгеніңше осы халде болам. Егер ол адалдығымды дұрыс бағаласа — онда жындануым да, басыма азап артуым да сол бойда тәмам болады. Егер дұрыс бағаламаса, онда шынымен жынданып кетуім мүмкін, жынданып кетсем, әрине, ештеңе сезбейтінім анық. Тоқ етерін айтқанда, оның нендей жауап бергеніне қарамай, қайткенде де әйтеуір алда тұрған сынағымның мерзімі аяқталмақ және қазір мені қалдырып бара жатқан кезіңдегі алаңдаушылық ахуалым сейілмек: өйткені егер қуанышты хабар әкелсең, онда төбем көкке жеткендей шаттанам, себебі ол кезде ақыл-есім бүтін болады, ал егер жанымды ауыртар болсаң, онда мен оны сезбеймін, себебі есі ауысқан күйде болам. Айтпақшы, Санчо, сендегі Мамбрин дулығасы бүлініп қалған жоқ па? Ана антұрған оны қиратып тастай жаздағаннан кейін көзімше жерден көтеріп алып ең ғой — анау оны ақыры қирата алмады, соған қарағанда жақсылап шыңдалғаны көрініп-ақ тұр.

Санчо оның бұл сөзіне былай деп жауап берді:

— Құдай атымен ант етейін, сеньор Қайғылы Бейне Рыцары, сіз қандай адамның да шыдамын тауысасыз, — кейде тіпті үш ұйқтасаң түсіңе кірмейтін нәрселерді айтасыз, — өйткені, маған өзіңіз жыр қылған рыцарьлық, корольдіктер мен империяларды жаулап алушылық, аралдарды сыйға үлестіру, басқа да жарылқаушылық пен сыйлық дегеннің бәрі де бос мылжың әңгіме, су жұқпас суайттық, барып тұрған анихея әлде ахинея30, — дұрысы қайсысы, білмеймін, — екенін енді сезе бастағандаймын. Себебі, қырынуға арналған легенді Мамбрин дулығасы деп атап және міне, қанша күн болды, осындай жалған түсініктен арылмай жүргеніңізді біреулер білсе, онда олар өзіңізді, осы ойдан айрылмай және бет бақтырмай жүрген адамды, ақылынан алжасқан демегенде не дейді? Леген қапшығымда жатыр, дымы қалмай майысқан, бірақ үйге барған соң оны жөндеп, қырынуға пайдаланатын болам, тек егер құдай қош көріп, қатын-баламмен қайта көрісетін күн туса.

— Бері қара, Санчо, — деді Дон Кихот, — осы қазір ғана берген антыңмен ант етем саған, өмірден өткен және қазір көзі тірі атқосшылардың ішінде сенен асқан су ми жоқ. Өзіммен бірге осыншама уақыт саяхат шегіп жүргенде кезбе рыцарьлардың барлық заты бояма, ерсі, еш нәрсеге орайласпайтын оғаш, өңін сыртына айналдырғандай болып көрінетініне әлі күнге шейін қалайша көз жеткізбегенсің? Алайда, шын мәнінде, бұның сыры басқада, шын мәнінде сиқыршылар үйірі қыр соңымыздан қалмай еріп жүреді, міне солар барлық затымыздың түрін өзгертіп, басқа нәрселермен ауыстырып, бізге қамқорлық жасамақ немесе түбімізге жетпек ниетіне орай өздері қажет деп тапқан пошымда қайта оралтады. Міне, сондықтан да саған қырынуға арналған леген тәрізді боп көрінген нәрсе маған Мамбрин дулығасы боп көрінеді, ал басқа адамға басқаша түр-нұсқада елес береді. Айтқандайын, өзіме қамқорлық жасап жүрген көз байлаушының Мамбриннің ақиқаттығы айдан анық дулығасын жұрттың бәрі леген деп танитындай амал жасағаны керемет көрегендік болған: өйткені бұл көрінген кісі құмартатын аса бағалы зат қой, ал оның әншейін ғана леген екенін көргендер оны менен тартып алуға әрекет жасап әлектенбейді — оған әлгі бір адамның әуелі оны қиратуға талпынып, артынан жерге лақтырып тастап жөніне кеткені дәлел бола алады. Шын сөзім, егер бұның қандай асыл дүние екенін білген болса, одан өмірі айрылмас еді. Сақтап қой оны, достым, ал әзірше оның маған қажеті жоқ, — керісінше, үстімдегі барлық сауыт-сайманымды шешіп тастап, жарық дүниеге келгендегі қалпымда қалуым керек, әрине тек берген сертімде Амадиске емес, Роландқа еліктеуді ұйғаратын болсам.

Осылайша әңгімелесе отырып олар биік таудың етегіне жақындады, тік жартасқа ұқсас бұл тау өзін айнала қоршаған басқа таулардан оқшау тұрған-ды. Беткейімен ақырын сылдырап жылға ағып жатқан-ды, ал төңірегін белдеулеген көк шалғынның көркемдігі көз арбайтын. Түрлі ағаштың, шөп пен гүлдің көптігі бұл араның шырайын әбден-ақ келтіріп тұр еді. Осы көкорайды Қайғылы Бейне Рыцары өз сертін іске асыратын орын етіп таңдады, — бұл жерді көргенде ол, құдды бір құтырған адамдай, қатты дауыстап сөйлеп кетті:

— Беу жаратқан, осы өңірді өзіме жолдаған қайғы-қасіретің жайында жылап шер тарқататын жер ретінде таңдап, соған арналған орын етіп белгілеймін. Осында, тап осы жерде, көл боп аққан көз жасымнан мына жылға тасып төгілмек, ал тынымсыз ауыр күрсіністерімнен таудағы орманның жапырағы тоқтаусыз желпілдеп тұрмақ — жұлым-жұлым жүрегімнің жапа шеккен белгісі мен куәлігі сол болмақ. Беу, осынау қу медиен өлкені мекен ететін жергілікті құдайлар, сіздер кім болсаңыздар да, бақытсыз нақсүйердің аһ ұрған ащы дауысына құлақ салыңыздар, ұзақ мерзімге қол үзіп қалу мен қызғанышқа толы армандар оны жер бетіндегі сұлулықтың асқар шыңы және ақырғы шегі боп табылатын, азабы мен мазағы көп сүйкімді ханымның қатал мінезіне өкпе айтып, шағым білдіру үшін осы шатқалға жетелеп әкеп тұр. Беу, тау беткейлеріндегі орманға қоныстануға құштар напейлер мен дриадтар! Мамыражай тыныш тіршілігіңізді өздеріңізге үмітсіз ғашық, аяғы аяғына жұқпас сумақай, нәпсіқұмар сатирлер бұза көрмесін, сендер де басыма түскен тауқыметке жанашырлық білдіріп маған қосыла жылаңдар, жә болмаса, тым құрығанда, зар илеген даусымды бар зейінмен тыңдаңдар. Беу, Дульсинея Тобосская, түнімнің күні, азабымның шаттығы, жолымның қадасы, тағдырымның жұлдызы! Жаратқан иеміз саған таңданарлық тағдыр тарту еткей-дағы және не сұрасаң соның бәрін бергей-дағы, ал сен, жалбарынам саған, өзіңнен қол үзгенім себепті қай жерде және қандай ахуалда жүргенім жайында ойланшы, өзіңе деген адалдығымды лайықты бағалай білші! Беу, жалғыздан-жалғыз дара тұрған ағаштар, ендігі менің саяқ тіршілігімнің достары! Бұтақтарыңды жеңіл ғана діріл қақтыру арқылы осы жерде жүргенімнің өздеріңе салмақ түсірмейтіні жайында маған белгі беріңдерші! Беу сен, атқосшым, қуанышты да, қайғыны да бірге бөлісіп жүрген сүйкімді серігім! Қазір іске асырмақшы әрекетімді есіңде сақта, осы арада өтіп жатқан барша оқиғаның жалғыз ғана себепкеріне айналған аяшыма бәрін түгел баян етуің үшін ұмытпа!

Осы сөздерді айтқан бойда ол атынан түсті де, Росинанттың жүгені мен ерін қас-қағым сәтте сыпырып алып, сауырынан қолымен бір салып, былай деді:

— Беу, сәйгүлік, бостандығынан өз еркімен бас тартқан адам сол еркіндікті саған тарту етеді! Тағдырың қандай татымсыз болса, еңбегің сонша ерекше ғой сенің. Қайда барғың келсе сонда бара бер, өйткені Астольфтың Гиппогрифі де, Брадамантеге тым қымбатқа түскен атақты Фронтин де жүрдектігі жағынан өзіңмен тең келмейтіні маңдайыңа жазылған ғой сенің.

Осы арада оны Санчо бөліп жіберді:

— Құдай жамандық көрсетпегір әлдебіреу бізді сұр есектің ерін сыпыру әрекетінен құтқарып қалды, әйтпесе мен де оны сауырынан қағар едім және, кәміл сенуіңізге болады, талай-талай тәуір сөз тауып айтар едім. Әйткенмен, егер осы арада тұрса, оның ерін сыпыруға ешкімге рұқсат бермес ем, себебі оның ерін алуға деген мұқтаждық жоқ: ғашықтар мен қапалылардың әдет-дағдыларын орындау оған шарт емес, өйткені бұның иесі олар емес қой, оның иесі сол бір шуақты күндерде мына мен болғам. Ал, енді шынымды айтсам, сеньор Қайғылы Бейне Рыцары, менің кететінім, сіздің жынданатыныңыз — осының бәрі рас болса, онда Росинантты қайта ерттеген жөн болар еді: сұр есегімнің орнына соны мінер едім де, анда барғанша да, кері қайтқанша да біраз уақытты үнемдер едім, әйтпесе жаяу жылжысам ана жаққа қашан барып жетерімді де, қашан қайтып ораларымды да құдай біледі: өйткені, шыным сол, жаяу жүріске анау айтқандай алғыр емеспін.

— Мен саған былай демекпін, Санчо, — деп мәлім етті Дон Кихот, — мейлі, солай-ақ бола қойсын, бұл ойың маған өте орынды көрініп тұр. Саған тағы айтарым, сен үш күннен кейін аттанасың, өйткені осы күндердің ішінде аяшымның құрметіне істейтін істерім мен айтатын сөздерімнің бәрін көріп, естіп кеткеніңді және кейін оған бәрін түгел жеткізгеніңді қалап тұрмын.

— Ау, мен көрмейтінді көрген адам емеспін бе, бұдан соң мен көретін тағы не қалды дейсің? — деп наразылық білдірді Санчо.

— Әккі адамсуын! — деп мысқылдады Дон Кихот. — Осы қазір үстімдегі киімдерімді пәрша-пәрша ғып жыртам да, сауыт-сайманымды әр жерге бір лақтырып шашам, жартасқа басымды ұрам және тағы басқа да нәрселер жасаймын — сонда қалай таңғалмас екенсің.

— Құдай үшін өтінем, — деді Санчо, — абай болыңызшы, басыңызды аман сақтаңызшы, әйтпесе жартастың қырына немесе үшкір тасқа тап келіп, серт беруіңізге қатысты мына қыбыр-жыбырдың бәрі әп дегеннен сап тыйылып жүрер. Ал, енді бірақ өзіңіз баспен соғылу өте қажет, онсыз іс бітпейді деп тұрсаңыз, онда мен сіздің орныңызда болсам, — өйткені, мұның бәрі көз бояу, қалжың және жасанды әрекет қой, — онда мен сіздің орныңызда болсам деймін, басыммен суға немесе мақтадан жасалған мата секілді жұмсақ бірдеңеге соғылып қанағат табар ем, ал әр жағын маған қалдыра беріңіз: мейірбан ханымыма сізді алмастан да қатты жартастың қақ төбесіне басын ұрды деп айтып барам.

— Жан ашырлық кеңесіңе көптен-көп рақмет, достым Санчо, — деді Дон Кихот, — алайда мұның бәрін қалжың ретінде емес, шын ниетіммен жасамақ ойым барын біліп қойғын, өйтпеген күнде рыцарьлар қауымының көз бояушылықты күпірлікпен тең санайтын заңын бұзған болар ем, өйткені бір нәрсенің орнына екінші нәрсені жасау — алдау деген сөз ғой. Ендеше, жартасқа басыммен соғылу жөнінде ойластырған шарам — шынымен-ақ солай, ешқандай жалған бірдеңенің қоспасынсыз, боямасыз орындалуға тиіс. Сондықтан сен маған жарақатымды емдеу үшін азын-аулақ корпия тастап кет, жоғалтып алуымыздың салдарынан тағдыр бальзамсыз қалуымызды хош көріп тұр ғой.

— Әсіресе, есегімізден айрылғанымыз жақсы болмады, — деп қоштай кетті оны Санчо, — корпия да, басқалары да сонымен бірге құрыды ғой. Тек сізден өтініп сұрарым, тақсыр, сол бір қарғыс атқыр сусынды жадыңыздан біржола шығарып тастаңызшы, — атын естігеннің өзінен-ақ тұла бойым түршігіп, құсқым кеп лоқси бастаймын. Одан соң сізден тағы бір өтінерім: іске асырмақ боп жүрген анайы әрекеттеріңізге көзімнің құрышын қандыру үшін тағайындаған үш күніңіз өте шықты, соның бәрін мені көріп алды, яғни бәрі бітті, ойдағыдай болды деп есептеңізші, ал мен мейірбан ханымыма өзіңіз жайында не ғажапты айтып баратын болам. Сөйтіп, енді хатыңызды жазыңыз да мені жылдамырақ жолға салыңыз: өзіңіз қалып бара жатқан мына күнә тазартқыштан сізді шығарып алу үшін қалай тезірек қайтып оралам деп жанымды қоярға жер таппай тұрмын.

— Сен мұны күнәдан арылтатын орын деп тұрсың ба? — деп сұрады Дон Кихот. — Одан да мұны тозақпен, егер бұл жалғанда тозақтан да гөрі азабы ауыр бірдеңе табылса, тек сонымен ғана салыстырғаның жөн болар еді.

— Тозаққа тап болғанға nula es retencіo31, — деді Санчо.

— Retencіo дегеннің не білдіретінін түсінбедім, — деді Дон Кихот.

— Retencіo — біреудің тозақтан босап шыға алмай арпалысқа түсуі деген сөз, — деп түсіндірді Санчо. — Ал, сіз, тақсыр, мүлдем керісінше кепті бастан кешпексіз: егер тек Росинантқа шпордың көмегімен дем беруге жәрдемдесетін аяғым құрысып қалып жүрмесе. Қысқасы, мен Тобосоға, тура тартып мейірбан ханымым Дульсинеяға барам да, түрлі ақымақтықтар мен анайы әрекеттер, — шындығында, бұл екеуінің арасында айырма жоқ та ғой, — жасағаныңыз және әлі де жасап жатқаныңыз жайында жеріне жеткізіп айтып берем, сонда ол осыған дейін еменнен де қатты боп келсе, одан кейін былғары қолғаптай жұмсарып сала беретін болады, содан соң оның

балдай тәтті жылы жауабын алып мұнда құдды бір көз байлаушы секілді ауамен қалықтап ұшып келем, сөйтіп сізді осынау күнә тазартқыштан шығарып алам; рас, сіз мұны тозаққа ұқсас дейсіз, алайда бұл әсте де ондай жер емес, өйткені бұл арадан босап шығатын үміт бар, ал ондай үміттен, әлгінде айтқанымдай, тозақта жатқандар құралақан, ал енді бұған, тақсыр, өзіңіз де дау айта қоймассыз деп ойлаймын.

— Жөн-ақ, — деп келісе кетті Қайғылы Бейне Рыцары. — Ал, енді хатты қалай жазсақ болар екен?

— Айтпақшы, әлгі өзіме бермекші қодықтарыңыз жайындағы бұйрықты қайтесіз? — деп құлаққағыс етті Санчо.

— Саспа, ол да ұмытылған жоқ, — деді Дон Кихот. — Қағазымыз болмағандықтан бұрынғылардың үлгісімен хатты ағаш жапырақтарына немесе балауыз тақтайшаларға жазған жөн болар еді, бірақ бұл арадан қағаз табу қандай қиын болса, балауыз тақтайша табу да сондай қиын-ау. Айтпақшы, жазатын нәрсе бар екен, енді есіме түсті және өзі өте бір оңды дүние: Карденьоның қойын дәптері бар емес пе, соны айтып тұрмын; ал сен жолыңда алғаш ұшырасқан елді мекенде бұл хатты мектеп мұғаліміне, егер ондай адам табыла қалса, болмаса тіпті пономарьға, жақсы қағазға әдемілеп көшіртіп ал, бірақ тек хатшыларға берме, — олардың қолтаңбасы адам ажырата алмайтын қиқы-жиқы, бытықы-шытықы боп келеді.

— Ал, қолыңызды кім қояды? — деп сұрады Санчо.

— Амадис ешқашан қол қоймаған, — деп жауап қатты Дон Кихот.

— Жарайды, — деді Санчо, — бірақ бұйрыққа қол қою қажет, өйткені оны көшіртіп алған жағдайда мұны иесінің қолтаңбасы емес деп табады да, қодықтарыңызды маған бермей қояды.

— Бұйрық әлгі айтқан дәптерге өз қолыммен жазылады, оны жиен қарындасыма апарып бересің, ол тапсырмамды бұлжытпай орындайды. Ал енді сүйіспеншілік сезімін білдіретін жолдауыма келетін болсақ, хаттың соңына: Өле-өлгенше бір сендік Қайғылы Бейне Рыцары деп жаздырт. Оған кімнің қол қойғанында тұрған дәнеңе жоқ: жаңылмасам, Дульсинея оқи да, жаза да алмайды, оған қоса қолтаңбамды да, хатымды да өмірі бірде-бір рет көрген жан емес, өйткені оның да, менің де бір-бірімізге деген сүйіспеншілігіміз сырттай ғана болатын, алыстан сүйсіне көз тігуден аспайтын. Тіпті өйтіп көз салуымыз да өте сирек кездесетін жағдай еді, ант ішіп тұрып айтайын, оны өзімнің ерте ме, кеш пе топырақ астында қалатын мына қос қарашығымнан да артық ардақ тұтқаныма он екі жыл болды, міне осы он екі жылдың ішінде оны бар-жоғы үш-ақ рет көрдім. Оны айтасың, өзіне көз тігіп тұрғаныма тіпті көңіл аудармаған да болар, — әкесі Лоренсо Корчуэло мен шешесі Альдонса Ногалес оны осыншалық өнегелі әрі момақан етіп тәрбиелепті.

— Мәссаған безгелдек! — деп дауыстап жіберді Санчо. — Сонда сеньора Дульсинея Тобосская деп жүргеніңіз Лоренсо Корчуэлоның қызы, — басқаша айтқанда, Альдонса Лоренсо, — боп шықты ма?

— Тап сол, — деп растады Дон Кихот, — және ол күллі әлемнің әміршісі болуға лайықты жан.

— Өй, оны өте жақсы білем, — деді Санчо, — барраны ол селомыздағы ең қайратты жігіттерден кем лақтырмайды. Ол деген ой-ой-ой, барып тұрған бесаспап бикеш, ағаш та жарады, су да әкеледі, егін де орады, қақтыққанның жынын қағып алады, егер өзін сүйген жар етуге келіссе кезбе рыцарь ма немесе енді-енді ғана кезбелік жасағалы жүрген рыцарь ма, қай-қайсысы да қауіп-қатер атаулыдан қам жемеуіне болады. Ал, енді кеңірдегін айтсаңызшы, кеңірдегін, дауысын айтсаңызшы! Бір жолы, апырай десеңізші, шіркеуіміздің қоңырау мұнарасына шығып алып, айқайды салып әкесінің жалшыларын шақырсын келіп, сонда селодан бір шақырымдай жердегі танапта жүрген әлгілер оның дауысын бейне мұнара іргесінде тұрғандай анық естіпті. Ал, ең бастысы, ешқандай қылтың-сылтың дегенді білмейді — сонысы жақсы, қандай қызмет көрсетуге де әзір, кез-келген адаммен әзілі жараса кетеді, кез-келген нәрсені көңілді күлкі, ойын-сауыққа айналдырып жібереді. Енді мен сізге турасын айтайын, сеньор Қайғылы Бейне Рыцары, сіздің оған бола не қилы анайы әрекетке баруыңызға әбден болады және солай етуге тиіссіз де, тіпті ол да аз, күллі дүниеден түңіліп, асылып қалуыңызға да негіз жеткілікті, ал бұл жайында естіген жандардың бәрі бұл ісіңізді мақұлдап, өте дұрыс жасағаныңызды айтар еді, кейін сізді тіпті шайтан алып кетсе де. Оны тек бір көру үшін ғана жолға шығуға құштар боп тұрмын, өйткені кездестірмегеніме көп болды ғой, сірә, ол қатты өзгерген шығар, құдайдың құтты күні егістікте, күннің ыстығында, желдің өтінде жүреді, ал бұдан әйел адамның бет ажары бұзылады. Ал, енді сізге ақ-адал шынымды айтайын, сеньор Дон Кихот: дәл осы кезге дейін менің дым ештеңеден хабарым болған жоқ-ты, өзіңіз ғашық боп жүрген сеньора Дульсинеяны оған біресе, айталық, бискайлық түрінде, біресе каторгаға кесілгендер түрінде тоқтаусыз жөнелтіп жатқан шүленгір тарту-таралғыңызға қарап, — сондай-ақ, өзім сізге әлі атқосшы бола қоймаған кезде де жібергендеріңіз бар шығар шамасы, себебі ол кезде де өзіңіз, тақсыр, сірә, талай-талай жеңіске қол жеткізген болуыңыз керек, — оны соған лайықты әлдебір принцесса ғой немесе, тым құрығанда, әлдебір айтулы ханым ғой деп ойлап, соған шын жүректен және қалтқысыз сеніп жүргенмін. Бірақ, егер байыппен ой жүгіртіп көрсек, өзіңіз жіберіп жатқан және болашақта да жібермек ойыңыз бар, сайыста жеңілген сорлылардың сеньора Альдонса Лоренсоның, басқаша айтқанда Дульсинея Тобосскаяның, аяғына барып жығылуынан оған қандай пайда, қандай зиян? Өйткені, олардың жүздесу сәті қыздың зығыр тазартып немесе қырманда астық бастырып жатқан сәтіне тұспа-тұс келуі әбден мүмкін ғой, әлгі сорлылар соны көргенде қандай күйде болмақ, ал қыздың өзі сыйлығыңызды мазаққа айналдыруы, оған қоса өкпелеп те қалуы кәдік.

— Мен саған бұрын да талай айтқанмын, Санчо, — деді Дон Кихот, — сен өзің барып тұрған суайтсың, табиғатыңнан топас болғаныңа қарамай қашан да өзіңше әлденендей бір қалжың айтуға құлшынып тұрасың, бірақ өзіңнің қаншалықты ақымақ, ал менің қаншалықты ақылды екенімді ұғынуың үшін саған мынадай бір хикаяны айтып берейін. Білгенің артық болмас, әрі сүйкімді, әрі жас, ерікті де дәулетті, ал ең бастысы, жайдары мінезді жесір әйел зор денелі, қайратты, жас шәкірт-монахқа ғашық боп қалады. Жесірдің діни тәлімгері бұл әңгімені құлағы шалып, оған әкелік ақыл-кеңес бермекке оқталады: “Өзіңіз секілді соншалықты текті жерден шыққан, соншалықты сүйкімді әрі соншалықты дәулетті жас келіншектің, сеньора, анандай қара табан, әрі дөрекі, әрі топас біреуге құмартып қалуы мені қатты таңғалдырады; біле білсеңіз, мына біздің құтханада дін ғылымының қаншама магистрі мен докторы жүр десеңізші, солардың ішінен кез-келгенін бейне бір алмұрт таңдағандай: “Мынау керек емес, анау керек” дей отырып талғамыңызға сай іріктеп алуыңызға болады ғой”, дейді. Оның бұл сөзіне жесір келіншек ойнақылана әрі ешбір қысылып-қымтырылмай: “Сіз қатты жаңылысып тұрсыз, мархабатты мырзам, егер таңдауым қате деп ойласаңыз, онда тым ескі түсініктердің шырмауында жүрген адам болғаныңыз, аталмыш жігіт сізге кеще біреу секілді көрінгенімен, өзіме қажетті нәрседе оның сауаты өте жақсы және тіпті Аристотельдің өзін жолда қалдырады”, деп жауап беріпті. Айтайын дегенім, Санчо, өзіме керек нәрседен Дульсинея Тобосская әлемдегі ең ізгі ниетті принцессаның өзінен кем түспейді. Оның үстіне, ақындардың мадақ-марапатына ие болған және солар өз қалауынша ат қойып алған ханымдардың бәрі бірдей бұл дүниеде болмаған жандар. Шыныңмен-ақ сен романдарға, әндерге, шаштараздар мен театрларға сыймай жүрген Амарилис, Диана, Сильвия, Филиса, Галатея, Филида сындылардың бәрі тірі жан, өздерін дәріптеген және қазір де дәріптеп жүргендердің нақсүйері деп ойлайсың ба? Әсте де олай емес, олардың көбін ақындар өлең арнайтын біреу керек болғандықтан, сондай-ақ өздерінің біреуге ғашық боп жүргенін және өздерінің де біреу ғашық болуға лайықты адам екенін көрсету үшін ойлап тапқан. Ақпейіл Альдонса Лоренсоны көз алдыма көркем де кіршіксіз таза жан ретінде елестетіп, соған сенуімнің өзі маған жеткілікті екендігінің сыры міне осында, ал оның шыққан тегі қандай — онда шаруам шамалы, өйткені орденге мүшелікке өтейін деп жатқан жоқ қой ол, ендеше оның анық-қанығын тексеру де қажет емес, бір сөзбен айтқанда, менің ұғымымда ол әлемдегі ең ізгі ниетті принцесса боп табылады. Егер әлі күнге шейін бейхабар болсаң, онда біліп қойғын, Санчо, сүйіспеншілік сезімін басқадан гөрі әсіресе мына екі нәрсе айрықша өршітеді, олар — жан сүйсінтер сұлулық пен адамның жақсы аты, ал Дульсинеяның бойында осы екі қасиеттің екеуі де бар: сұлулық жағынан онымен ешкім бақталас бола алмайды, сондай-ақ ол сияқты жақсы атқа ие жандар да кемде-кем. Қысқартып айтқанда, өз бағамымша, осы қазір өзіңе мәлім еткен жайларымның бәрі де шырылдаған шындық және бұған алып-қосар дым да жоқ; сондықтан, сұлулығы жөнінен болсын, шыққан тегі жөнінен болсын өзім оны қандай деп ұйғарсам көз алдыма ол тап сондай боп елес береді: онымен Елена да шендесе алмайды, оған Лукреция да маңдаса алмайды, өткен ғасырларда ғұмыр кешкен аты мәшһүр әйелдердің ешқайсысы оған жуықтай алмайды — гректерден де, латындардан да, варварлардан32 да онымен тең келетін ешкімді іздеп таба алмайсың. Ал, жұрт аузына не келсе соны айта берсін, өйткені надандар қанша қаралағанымен, әділ қазылар мені ақтап алатын болады.

— Айтқаныңыздың бәрі жөн, бәрі дұрыс екенін мойындауым керек, мейірімді мырзам, ал мен өзім есекпін, — деді Санчо. — Алайда, аузымнан “есек” деген сөздің қалай шығып кеткеніне қайранмын, өйткені дарға асылғанның үйінде арқан жайында айтпаушы еді ғой. Жарайды, енді хатыңызды дайындай қойыңыз, сосын сау боп тұрыңыз, мен жолға шығам.

Дон Кихот қойын дәптерді алды да, аулақтау барып хат жазуға кірісті, жазып болғаннан кейін Санчоны қасына шақырып, жаттап алуы үшін хатты дауыстап оқып бермек боп тұрғанын айтты, себебі жолшыбай жоғалтып алатындай жағдайға ұшырауың мүмкін, өйткені сенің алаңғасарлығыңнан не пәленің бәрін күтуге болады, деді.

Санчо оған былай деп жауап қатты:

— Одан да гөрі, тақсыр, оны осы дәптерге бірнеше рет көшіріп жазыңыз да қолыма ұстатыңыз, ал мен оны сол қалпында апарып табыс етейін, ал онда жазылғанның бәрін жадыма желімдеп қою деген бос әурешілік — қаперімнің нашарлығы сонша, басқа түгіл тіпті өз атымның кім екенін де ұмытып қала берем. Алайда оқып шығыңыз хатты, тақсыр, — тыңдағым келіп қатты құмартып тұрмын, — сірә, бір тал артық сөзі жоқ, ән секілді сыңғырлап тұрған шығар.

— Ендеше, тыңда, мұнда былай деп жазылған, — деді Дон Кихот.

“Аса құдіретті һәм ақ көңіл сеньора!

Қол үзіп жырақ кетуден күйзеліс тапқан және жүрегі құсаға толған жан өзінің денсаулықтан мақұрым қалғанына қарамай саған, балдай тәтті Дульсинея Тобосская, аманшылық тілейді. Егер сұлулығың мені менсінбейтін болса, егер ізгі қасиеттерің менің қас дұшпаным іспетті болса, егер жек көрушілігің қайғы-шерімді өршіте түсетін болса, онда талай тауқыметті бастан өткергеніммен мұндай азапқа одан әрі шыдауға шамам жетпейтінін айтқым келеді, өйткені бұл, ауырлығы өз алдына, оған қоса тым ұзаққа созылған ақирет. Мейірбан атқосшым Санчо саған, беу жақсылықты білмейтін ару, жаным сүйген ғашығым әрі қас дұшпаным, өзімді қандай жағдайға жеткізгеніңді егжей-тегжейлі айтып береді. Егер маған көмекке келуді хош көрсең — мен сендікпін, егер хош көрмесең, онда неғылсаң о қыл, — ал өзім болсам өмірмен есеп айырысам да, осы арқылы сенің қатыгездігіңді де, өзімнің ынтызарлығымды да тояттандыратын болам.

Өле-өлгенше бір сендік Қайғылы Бейне Рыцары”.

— Басымды бәске тігуге бармын, — деді тыңдап болғаннан кейін Санчо Панса, — сезімнің бұлайша шалқуын бүкіл өмірімде бұрын-соңды естіп көрген емен. Апырай, пәле-ай, қалай ғана бұл хатта өзіңізге не керектің бәрін түгел айтып бере алғансыз және қалай ғана бәрін Қайғылы Бейне Рыцары деп қойған қолыңызға иіп әкеп дөп қиыстырғансыз! Оллаһи рас, тақсыр, сіз адам емес, нағыз шайтансыз, білмейтін нәрсеңіз жоқ.

— Өзім қызмет көрсетіп жүрген іс үшін бәрі әжетке жарайды, — дей салды Дон Кихот.

— Ал, енді, тақсыр, — деді Санчо, — сыртқы бетіне қодықтарыңыз жайында бірер ауыз бірдеңе шимайлай салыңыз және көрген жанның бәрі жазбай тануы үшін қолыңызды барынша анығырақ етіп қойыңыз.

— Әлбетте, әлбетте, — деді Дон Кихот.

Ол қысқаша хат жазды да, онысын бастан-аяқ дауыстап оқып берді:

“Жарқыным, сеньора жиен қарындасым, қожалығымда қалдырған және өзіңіз қамқорлығыңызға алған бес қодықтың үшеуін осынау бірінші есек векселін ұсынушы атқосшым Санчо Пансаға беруге рақымшылық етіңіз. Осы хатым арқылы жоғарыда аталған үш қодықты одан осы жерде қолма-қол алған осындай үш жануардың өтемі үшін беруге әмір етемін, сөйтіп бұл қарыз осы вексельдің тапсырылуы және оның, Санчоның, қолхат беруі арқасында толық өтелген деп есептеледі. Сьерра Моренаның нақ ортасында, осы жылғы жиырма екінші тамызда жазылды”.

— Тамаша, — деді Санчо. — Қол қойыңыз енді, мейірімді мырзам.

— Қол қоюдың қажеті шамалы, — деп қарсылық білдірді Дон Кихот, — қол таңбамның өзі-ақ жетіп жатыр, бұл да бір — қол қою да бір, осының өзі үш есек емес, үш жүз есек беруге жарайды.

— Сөзіңізге сендім, тақсыр, — деді Санчо. — Ал, енді рұқсат етсеңіз, мен барып Росинантты ерттей берейін, ал сіз, тақсыр, маған батаңызды беруге даяр болыңыз, өйткені тап осы қазір жолға шығамын, жан шошырлық қылықтарыңызды тамашалап жатпаймын, — ондай нәрселеріңізді көп көргенім сонша, әбден кеңірдектеп тойдым, деп айтып барам ғой.

— Қалай болған күнде де, мұны менің өзім қалап тұрмын, Санчо, — осылай істеу керек, — тыр жалаңаш күйімде ұзын саны жиырма бес реттей құтырынғанымды көргеніңді деймін саған, өзім қалап тұрмын, оған қоса айтарым, мұның бәрін бар-жоғы жарты сағаттың ішінде-ақ жасап шыға алам, — ал кейін, осының бәрін өз көзіңмен көргендіктен, бәрін көрдім деп еш жалтақсыз ант-су іше аласың, одан соң бұған өзің ойлап тапқан басқа да нәрселеріңді қосақтауыңа болады. Алайда, шын сөзім, сен ондайдың қаншамасын сипаттап аузыңды ауыртқаныңмен, менің жасағандарым бәрі бір одан әлдеқайда көп болмақ.

— Құдай ақы шын сөзім, мархабатты мырзам, көз алдымда шешіне көрмеңізші, әйтпесе сізді қатты аяп кетем де, өзімді-өзім ұстай алмай жылап жіберем. Кеше ғана сұр есегім есіме түсіп еңіреп жылағам, әлі күнге шейін басым мәңгіріп тұр, сондықтан қайтадан тағы жылап-сықтауға зауқым жоқ. Ал, егер, тақсыр, алда-жалда кейбір құтырынды қылықтарыңызға қарағанымды қалап тұрсаңыз, онда киімшең құтырыныңызшы және оныңызды тезірек әрі қалай болса солай жасай салыңызшы. Олай дейтінім, мұның бәрінің маған текке де қажеті жоқ, өйткені, әлгінде айтқанымдай, тезірек қайтып оралу жайын қамдастыруым керек және өзіңіз күтіп отырған әрі осы үмітіңізді әбден ақтайтын хабар-ошармен оралуым керек. Ал, басқадай жағдайда байқаңыз, сеньора Дульсинея! Егер лайықты түрде жауап қатпаса, онда қандай да болсын ант үстінде уәде етуге бармын, тепкілеп әрі жұдырықтап отырып оның ішкі сарайынан тәуір жауап туындата алам. Өйткені, өзіңіз секілді, тақсыр, айтулы кезбе рыцарьдың неден екені беймәлім нәрседен нәгүманға айналуына қашанғы шыдауға болады, қайдағы бір… Ең дұрысы, бұл сеньора аяғын жұтып қойған әлгі сөзімді толық айтып беруге мәжбүр етпесін мені, әйтпесе, құдай ақы, шын сөзім, бетін аймандай қылам, одан соң не болса о болсын. Бұл мәселеде менен асқан шебер жоқ қой! Білмейтін шығар әлі ол мені! Егер білсе, ақ-адал шыным, маған құрметпен қараған болар еді.

— Оллаһи, Санчо, байқауымша, сенің ақыл-есіңнің салауаттығы да менікінен онша асып кетпеген екен, — деп құлаққағыс етті Дон Кихот.

— Мен өзіңіз секілді нәкөс емеспін, — деп қарсылық білдірді Санчо, — мен тек қызуқандылаумын. Жарайды, бұл әңгімені қоя тұралық, — одан да алдағы күндерде өзім қайтып оралғанша немен жүрек жалғамақсыз, соны айтыңызшы. Карденьоның үлгісімен жол торып, бақташыларды тонамақ ойдан саусыз ба?

— Оған қам жемей-ақ қой, — деді Дон Кихот, — тіпті азық-түлігім болған күннің өзінде де, мына ағаштар мен көк шалғын сыйға беретін шөптер мен тамырларды ғана қорек қылар ем, ойға алған ісімнің ерекшелігі де — нәр татып алмау және осы секілді басқа да тауқыметтерді бастан кешу боп табылады ғой. Жә, енді, құдай қолдасын!

— Сіз білесіз бе, тақсыр, неден қатты қорқып тұрғанымды? Осы жерді дәл тауып келе аламын ба, жоқ па, соны қауіп етіп тұрмын — жан аяғы баспаған жапан түз ғой бұл ара.

— Айнала-маңдағы жер бедерін жадыңда ұста, — деді Дон Кихот, — ал өзім бұл жерден жырақ кетпеуге тырысармын, тіпті ең биік деген жартастың басына шығудан да ерінбей, жолыңды қарап тұрармын. Оған қоса (және ең дұрысы да осы), мені жоғалтып алмауың үшін және адасып кетпеуің үшін саған дрок бұталарын, — бұл арада одан көп нәрсе жоқ, — көптеп кесіп алуға, сосын оны тегіс жерге шыққанша жолшыбай бір-бірлеп тастап отыруға кеңес етемін, қайтарыңда осы белгілер мен есте қалған нышандар арқылы, құдды бір лабиринттегі Тезей арқауы секілді мені оп-оңай іздеп табатын боласың.

— Тап солай істеймін, — деді Санчо Панса.

Ол дрок бұталарын көп етіп кесіп алды да, қожайыны батасын берген кейін онымен қоштасты, — қоштасу кезінде екеуі де егіл-тегіл еңіреп жылаумен болды. Одан соң Санчо Росинантқа отырып, — Дон Кихот оған өзіңе қандай қамқорлық жасасаң Росинантқа да сондай қамқорлық жаса деп әмір еткен еді, — жазықтықты бетке алып жүріп кетті, жолшыбай мырзасының кеңесі бойынша жерге деміл-деміл дрок бұталарын тастап бара жатты. Тым құрыса бірер құтырынысымды көріп кет деп Дон Кихоттың қанша қылқылдағанына қарамай жүрісін жалғай берді. Алайда, жүз қадам да ілгерілемей жатып қайтып оралып:

— Айтайын дегенім, сеньор, әлгінде сіз өте орынды құлаққағыс еттіңіз: құтырынған қылықтарыңызды көрдім деп кібіртіксіз ант беруім үшін соның біреуін көріп кеткенім артық болмайды екен, ал, жалпы алғанда, осы арада қалып бара жатқаныңыздың өзі-ақ сіздің тарапыңыздан жасалып отырған әжептәуір ессіздік қой, — деді.

— Ау, мен саған не деп едім? Тоқтай тұр, Санчо, әрі қара да, бері қара, сөйткеніңше мен де бір қитұрқыны жасап үлгерем, — деді Дон Кихот.

Сол арада ол асқан шапшаңдықпен дамбалын шешіп тастады да, жалғыз көйлекпен ғана қалып, еш кідірместен екі қайтара тоңқалаң асып түсті — басын төмен жіберіп, өкшелерін жоғары қаратып аунаған сәтінде ап-айқын көрініс берген әртүрлі нәрселерге екінші мәрте көз тоқтатуға жүзі шыдамаған, қожайынының құтырынысын енді еш күмәнсіз куәландыра алатынына көңілі толып, қанағат алған Санчо тізгін қақты. Енді осы арада қашан қайтып оралғанынша біз одан қол үзе тұрамыз, ал ол онша көп күттіре қоймайды.

ХХҮІ тарау

Мұнда Дон Кихоттың ғашық адам ретінде Сьерра Моренада жүзеге асырмақшы болған жаңа қисынсыз қылықтары жайында айтылады

Қайғылы Бейне Рыцарының жалғыз қалған кезде не істегені жайындағы әңгімеге ойысқанда тарихта былай делінеді: белінен төмен қарай түгел жалаңаш, белінен жоғары қарай түгел киім киген, секіруі мен тоңқалаң асуын тоқтатқан Дон Кихот мұның есерсоқтығына бола жолдан қалуды қаламаған Санчоның аттанып кеткенін көрген бойда-ақ биік таудың төбесіне өрмелеп шығып, бұрын да талай мәрте ой кешкен, бірақ әлі бәлендей бір нық шешімге келе қоймаған нәрсесі жайында, дәлірек айтқанда: Роландтың анайы жарыместігіне еліктеген жөн бе әлде Амадистің жабыңқы жындысүрейлігін үлгі еткен жөн бе дегеннің төңірегінде ой кешті; сөйтіп, өзімен-өзі сөйлесіп кеткен ол былай деді:

— Ортақ пікірге құлақ қойсақ, Роланд даңқты да жау жүрек рыцарь болған, бірақ оған таңғалатындай не бар? Қалай дегенмен де, ол жадыланған адам ғой, сондықтан оны өлтіру үшін өкшесіне түйреуіш тығу қажет-ті, сондықтан жеті қабат темір ұлтаны бар етігін аяғынан ешқашан шешпейтін. Дегенмен, бұл қулығы оны құтқара алмады — Бернардо дель Карпьо мұнысын аңғарып қойып, Ронсевальда тас құшағында тұншықтырып дымын құртты. Алайда, оның жау жүректігі жайында езе беріп неғыламыз, енді оның ақыл-есін қалай жоғалтқанына ойысайық, — ал ақыл-есін ол бастау жанынан Анжеликаның басқан ізін жолықтырғаннан кейін, бақташының бұған Анжеликаның тал түстегі апшы қуыратын аптап кезінде Аграманттың пажы, бұйра бас мавр баласы Медормен кем дегенде екі рет төсектес болғанын хабарлағаннан кейін жоғалтқанында дау жоқ-ты. Осы хабарға шынымен сенгеннен кейін, анығырақ айтқанда сүйген ханымы өзін масқараға ұшыратқанына көзі жеткеннен кейін, оның нәгүманға айналуы қиын шаруа емес-ті, бірақ мені айтам-ау, мен қалайша оның құтырынғанын аудыртпай қайталамақпын, менде бұған жуитын еш те бір сылтау жоқ қой? Өйткені, мен Дульсинея Тобосскаямның нағыз тірі маврды өмірі бірде бір рет көрмегеніне, туған анасы секілді әлі күнге шейін ар-ұяты таза қыз күйінде қалып отырғанына ант бере алам ғой. Егер оған олай емессің деп күдік келтіріп, ақыл-есті жоғалтудың Қаһарлы Роланд азабын шеккен түрін таңдасам, онда оны жазықсыз жәбірлеген боп шықпаймын ба? Екінші жағынан, Амадис Галльскийдің ақыл-естен де адаспай, не қилы құтырынуға да жол бермей, жалғыз тек сезім шынайылығымен ғана теңдессіз даңққа қол жеткізгенін де білем: тарихтың айтуына қарағанда, Ориана оған тәкаппарлық танытып, қашан өзі бейіл білдіргенше көзіне көрінбеуге әмір еткен кезде ол әлдебір тақуамен бірге Жұпыны Жартасқа барып жатып алумен ғана шектелген еді, сонда жатып көзінің жасын көлдете төгіп, құдайға күндіз-түні құлдық ұрумен болған-ды, сөйтіп аса бір қатты қайғырып, қасіретке батқан сәтінде құдіретті күш те ақыры оның зарына құлақ асқан-ды. Олай болса, қазір маған тыр жалаңаш шешініп, өзіме ешқандай жамандық жасамаған ағаштарды мазалап, қажет болған кезде шөлімді қандыратын бұлақтың мөлдір суын лайлап әуре-сарсаңға түсудің не қажеті бар? Амадистің есімі мәңгі жасай берсін, Ламанчалық Дон Кихот оның істерін шама-шарқы жеткенше қайталай берсін, ол жайында да кейін, кезінде әлдебіреу туралы айтылғандай, “Ол ерлік жасаған жоқ, бірақ ерлік жасамақ жолда қаза тапты” дейтін болады. Дульсинея Тобосская мені өңменімнен итермесе де және маған тәкаппарлық танытпаса да, қайталап айтам, одан қол үзіп жырақ кеткенімнің өзі-ақ жетіп жатыр. Сөйтіп, енді кіріс іске! Амадистің қарекеттері, қаперіме оралыңдар, сендерге еліктеуді неден бастауым керегін айтыңдар. Айтпақшы, есіме түсті, оның айрықша қатты көңіл бөлген ісі құдайға құлдық ұру мен одан шапағат тілеу болған еді ғой. Бірақ, таспиықсыз не бітірмекпін?

Алайда ол сол сәтте-ақ бұның қалай орайын келтірудің жолын тапты, атап айтқанда: көйлегінің салпылдаған етегінің едәуір бөлегін жыртып алды да, оның он бір жерінен түйін түйді, бір түйінін үлкендеу етті, сөйтіп матаның бұл жыртындысы өзі осы жерде өткізген уақыттың өне бойында оған таспиықтың қызметін атқарды және “Ave Marіa” дұғасын миллион рет оқып шығуына артығымен жетті. Сөйте тұрғанымен, бұл арада өзінің сырын тыңдап, көңілін жұбататын тақуаның болмағанына қатты өкініш білдірді, сондықтан уақытын былай өткізді: көкораймен серуендеп, таңның атысы, күннің батысы өлең жолдарын ағаштың қабығына ойып жазып, майда құмның бетіне шимайлаумен болды, бұл өлеңдерінде негізінен өзінің қайғы-шерін ақтарып, Дульсинеяны дәріптеді. Әйтсе де, Дон Кихотты ақыры іздеп тапқан кездерінде, оның барлық жазған өлеңінің, одан арғы іздестірулер көрсеткеніндей, тұтасы да, оқуға жайлысы да мына төмендегідей жолдар боп шықты:

Жалаңаш таулар жамылғысы,
Кемері қарлы шыңдардың,
Беу, бұталар, ағаш, шөптер!
Әуеніне зарлы мұндардың
Зар қосыңдар жабылып.
Сөйтіп, шерлі бұл қайғы, —
Әлем білмейді ондайды! —
Бар маңайға кетсін тарап:
Дон Кихот бұл жүрген жылап,
Сағынып қатты Дульсинеяны
Тобосолық.
Мұнда шексіз азап шегіп,
Сүйгенінен қол үзген
Нақсүйер жүр күн өткізіп.
Оны осынау жапан түзбен
Махаббат пірі, тентек бала,
Табыстырды алдап қана.
Тесік торсық секілді
Күн сайын солмақ, тамшылап.
Дон Кихот бұл жүрген жылап,
Сағынып қатты Дульсинеяны
Тобосолық.
Қатері көп қан майданда
Жетпекке даңққа асығып,
Аттанған-ды ол сормаңдай.
Шарқ ұрды іздеп ғашығын,
Қу медиен мына өлкеден.
Соқты оны Амур осы жерде,
Жота, жауырын, желкеден,
Қамшы да жеді қансырап.
Дон Кихот бұл жүрген жылап,
Сағынып қатты Дульсинеяны
Тобосолық.

Жоғарыда келтірілген өлең жолдарын тауып алғандар Дульсинея есіміне тіркелген Тобосолық деген сөзге ішек-сілелері қатып күліп алды; сосын Дон Кихот, шамасы, Дульсинея есіміне Тобосолық дегенді қосақтамаса, онда шумақтың мағынасы түсініксіз боп қалар деп шешкен ғой десті; олардың бұл жорамалының жаны бар-ды, өйткені мұны кейін рыцарымыздың өзі де мойындаған-ды. Оның бұдан да басқа жазған өлеңдері көп болатын, бірақ ілгеріде айтылып өткеніндей, толық сақталғаны және ажыратып оқуға көнетіні осы шумақтар ғана еді. Сөйтіп, оның күндері осылайша өлең құрастырумен, аһылап-уһілеумен, айнала маңдағы тоғайлардың фавндары мен сильвандарына, өзендердегі нимфаларға, көзі жасаураған қамкөңіл Эхоға мұң шағумен — зарын тыңдап, көңілін жұбатып, жанашырлық білдіруін сұрап жалбарынумен өтіп жатты; сондай-ақ, ол Санчо қайтып оралғанша қорек ете тұратын шөптерді іздестірумен де айналысты; айта кетерлік нәрсе, егер анау үш күннен кейін емес, үш аптадан кейін келсе, онда Қайғылы Бейне Рыцарының ұсқыны тіпті туған анасы да танымастай өзгеріп кеткен болар еді.

Жә, мейлі ол өлең құрастырып, күңірене күрсініп жата берсін, енді біз елшілік сапары кезінде Санчо Пансаның басынан қандай жағдай өткенін әңгімелейік, ал оның басынан мынадай жағдай өткен еді: күре жолға шығып алғаннан кейін ол Тобосоға қарай бағыт ұстаған-ды, сөйтіп ертеңіне тап сол ана жолы өзін көрпеге салып қақпақылдау секілді жағымсыз нәрсе жасалған бекетке келіп жетті; оған жөндеп көз тоқтатып та үлгермей жатып, кенет өзін ана жолғыдай әуеде жоғары-төмен ұшып жүргендей сезімге тап болды, сондықтан оның мұнда түскісі келмей қалды, ал шындығында мұнда осындай бір кідіріс жасайтындай мезгілде келіп жеткен, өйткені түскі тамақтың уақыты еді, талай заманнан ыстық ас ішпей жүрген бұған осы бір қажеттілігін өтеудің реті келіп-ақ тұрған.

Түсерін әлде түспесін білмей екі ойлы болғанымен, жаңағы қажеттіліктің жетегімен бекетке қарай жайлап жақындай берген. Бірақ, тап осы кезде іштен екі адам шыға келіп, мұны көрген бойда-ақ танып қойды. Сөйтіп, бірі екіншісіне қарап:

— Мынаны қараңыз, сеньор лиценциат! Мына салт атты — анау әлгі шытырман оқиға іздеушіміздің үйіндегі күтуші әйел айтқан, қожайынымен бірге атқосшы ретінде сапарға аттанған Санчо Панса емес пе? — деді.

— Тап соның өзі ғой, оған қоса Дон Кихотымыздың атын мініп келеді, — деп жауап қатты лиценциат.

Олардың мұны бірден таныған себебі, бұл екеуі — ана жолы Дон Кихоттың кітаптарын тексеруден өткізіп, оларға үзілді-кесілді үкім шығарған священник пен шаштараз — өзінің селоласы болатын. Санчо Панса мен Росинантты таныған, Дон Кихот жайында сұрап білуге аңсары ауған екеу бұның жанына жақындады, сол арада священник оның атын атап, оған былай деп тіл қатты:

— Достым Санчо Панса! Қожайының қайда?

Санчо Панса да оларды жазбай танып, мырзасының қай жерде және қандай ахуалда екенін бұлардан жасырып қалуға бекінді, сондықтан қожайыны аса маңызды бір іспен айналысып жатқанын, ал оның қандай іс екенін жаны шығып кетсе де айтпайтынын мәлім етті.

— Жо-жоқ, мұның болмайды, Санчо Панса, — деп қарсылық білдірді шаштараз, — егер оның қайда екенін айтпасаң, онда біз басқа ойға бекінеміз, — тіпті қазірдің өзінде солай ойлай бастадық, — атын мініп жүргеніңе қарағанда сен оны өлтіріп, дүние-мүлкін тонап алды деп білеміз. Анау-мынауды қой да, бізге мына аттың иесін тауып бер, әйтпесе көресіңді көрсетем.

— Сіз өйтіп қорқытпаңыз, мен біреуді тонап-өлтірумен шұғылданатын адам емеспін, оларды өлтірсе өз тағдыры мен жаратқан өлтірсін. Қожайыным қазір тауда өз қалауымен күнәлары үшін күңіреніп жатыр.

Сол арада Санчо өзіне өзі ие бола алмай бар сырын ақтарып салды, Дон Кихотты қандай жағдайда қалдырғанын да, оның қандай оқиғаларды бастан кешкенін де, қожайыны есі кете ғашық болған сеньора Дульсинея Тобосскаяға, яғни Лоренсо Корчуэлоның қызына, арналған хатты табыс ету үшін өзінің, Санчо Пансаның, қалай сапарға аттанғанын да айтып берді. Священник пен шаштараз Санчо Пансаның аузынан естіген мына хабарға қатты таңырқанды, Дон Кихоттың шалық ұрған адам екені және есалаңдықтың қандай түріне шалдыққаны өздері үшін құпия сыр болмағанымен, олар қашан да болсын тағы да тағы таңырқанудан танбайтын. Олар Санчо Пансадан сеньора Дульсинея Тобосскаяға әкеле жатқан хатты көрсетуін сұрады. Анау хаттың аталмыш қойын дәптердің бір парағына жазылғанын және Дон Кихоттың оны алғаш кездескен елді мекенде қайта көшіртіп алуға әмір еткенін айтты; алайда, священник хатты көрсетуін өтініп, әдемі қолтаңбамен көшіріп бере алатынын ескертті. Санчо Панса қойнына қолын жүгіртіп, әрлі-берлі іздеп, дәптерді ақыры таппай қойды, ол тіпті оны күні бүгінге шейін іздесе де бәрібір таппаған болар еді, өйткені дәптер Дон Кихоттың өзінде қалған-ды, оны бұған беруді ұмытып кеткен, ал мұны оған ескерту Санчоның қаперіне де кірмеген. Қойын дәптердің жоқ екенін білген Санчоның өңі қағаздай қуарып кетті, одан соң қайтадан о жер, бұ жерін жанталаса қармаланып, дәптердің жоқтығына қайтадан көз жеткізген соң, дереу қос қолымен сақалына жармаса кетіп, жарты бөлегін жұлып алды, онымен де тынбай өршеленіп жұдырығымен өз бетіне өзі бес-алты рет салып-салып жіберіп, мұрнын қанатып тастады. Мұны көрген священник пен шаштараз одан не болғанын, неге бұлай өзіне-өзі қол жұмсап жатқанын сұрады.

— Маған не болды дейсіздер ме? — деп дауыстап жіберді Санчо. — Оңбайтын нәрсе болды: айдың-күннің аманында дегендей, қас қағым сәтте үш қодықтан айрылып қалдым, әттең-ай, әр қайсысы тұтас бір қамал-сарайға татырлық еді.

— Қалайша? — деп сұрады священник.

— Дульсинея Тобосскаяға арналған хат пен қожалығында қалған төрт әлде бес қодықтың үшеуін маған беру жөніндегі мырзамның жиен қарындасына бұйрығы бар қойын дәптерді жоғалтып алдым, — деп түсіндірді Санчо.

Сол арада ол сұр есегінің қалай қолды болғанын баян етті. Священник оның көңілін жұбатпаққа тырысып, іздеп тапқан кезде қожайыны оған жаңа бұйрық жазып беретінін, бірақ қазіргі тәртіп пен заңға сәйкес қағаздың үлкен парағына жазатынын, себебі қойын дәптердің бетіне түсірілген вексельді ешкімнің қабылдамайтынын, төлем де жасамайтынын айтты.

Санчо бұл уәжге тоқтады да, ондай жағдайда Дульсинеяға арналған хаттың жоғалып кеткеніне онша қайғырмайтынын, өйткені түгелге жуық жатқа білетінін, оны бұлардың қашан болсын, қай жерде болсын өз аузынан жазып алуға ықтиярлы екенін хабарлады.

— Ендеше, айта бер, Санчо, біз жазып алайық, — деді шаштараз.

Хаттың мазмұнын еске түсірмекке тырысқан Санчо Панса қайта-қайта желкесін қасып, теңселіп, салмағын біресе бір аяғына, біресе екінші аяғына ауыстырумен болды, біресе жоғары, біресе төмен қарады, саусағының тырнағын жартысына шейін жеміріп қойды, сөйтіп не айтар екен деп тосып тұрған священник пен шаштаразды әжептәуір уақыт дал қылғаннан кейін ақыры былай деп мәлім етті:

— Құдай ақы, сеньор лиценциат, бұл хаттан есімде қалғанның бәрін шайтан сыпырып-сиырып кеткен секілді. Әйтеуір оның: “Аса құдіретті және көңілшек сеньора” деп басталатынын білем.

— Қой, көңілшек болмас, — деп түзетті оны шаштараз, — абзалы, “ақ көңілді” немесе “билігі үстем сеньора” болар.

— Иә-иә, солай, — деді Санчо. — Әрі қарай, егер қара басып ұмытып қалып жүрмесем былай делінетін… егер қара басып ұмытып қалмасам: “Қатты күйзелген әрі ұйқтамай жүрген, әрі жарақаттанған жан қолыңыздан сүйеді, жақсылықты білмейтін және ешкім танымайтын сұлу” делінетін, сосын оған денсаулық және түрлі ауру тілейтіні жайында айтылатын, — қысқасы, осындай біраз нәрсе сөз болатын, ал ең соңында: “Өле-өлгенше бір сендік Қайғылы Бейне Рыцары” деп аяқталатын.

Санчо Пансаның кереметтей қапері екі жолаушыны күлкіге қарық қылды, оған расымен қайран қалғандарын айтып, әлгі хатты тағы да екі рет жатқа оқып беруін сұрады, ал бұлар, өз тарапынан, оны есте сақтап қалмаққа және реті келгенде қағазға түсірмекке уәде етті. Санчо хатты тағы да үш мәрте жатқа айтып, не қилы сандырақ сөзді көзінен тізді. Одан соң қожайыны тап болған түрлі кептер жайында баяндап берді, бірақ түсуге тәуекелі жетпей тұрған мына бекетте өзін қалай қақпақылдағандарын жасырып қалды. Оған қоса, сеньора Дульсинея Тобосскаядан ұнамды жауап болатынын алдын-ала сезіп-білген қожайыны қазір императорлық немесе, құрығанда, корольдік орынтақты иемденуге құлшынып отырғанын мәлім ғып, екеуара осылай бәтуаласқандарын және Дон Кихоттың батырлығы мен білегінің күшін қаперге алғанда мұның түк қиындығы жоқтығын хабарлады; сөйтіп осының бәрі іске асқан кезде Дон Кихот оны, Санчоны, үйлендірмек, өйткені оған шейін мұның қатыны ана дүниеге аттанып та кетпек, оған тіпті зәредей күмән жоқ, сонан соң қожайыны оған император ханымының күтуші әйелін айттырады, бұл әйел орасан үлкен әрі бай қожалықтың мұрагері боп табылады және қожалығы құрлықта орналасқан, анау әлгі шағын арал, шайтан арал дейтіндерден аулақ, өйткені ондай жерлер қазір оған онша ұнамайды. Мұның бәрін Санчо деміл-деміл мұрнын тазалап тұрып, барынша байсалды әрі бейкүнә кейіпте баян етті; селоластары соны көріп, бейшара Санчоның да ақыл-ойын еліттіріп әкеткен болса, Дон Кихоттың дәнекүстігі қандай дәрежеге жеткені деген ойдан тағы да таң-тамаша болысты. Алайда олар оны бұрыс ойдан айнытып дұрыс жолға салуға талап қылған жоқ: өз ойының жетегімен жүре берсе көңілі тыныш болады деп түйді, оған қоса оның неше алуан қияли әңгімесін тыңдау да бұлар үшін бір ғанибет нәрсе еді. Сондықтан олар бұған қожайынының дені-қарны сау болуын тілеп құдайға жалбарынудан жалықпауы керегін, өйткені күндердің күнінде, өзі айтқандай, император болуы немесе, аз дегенде, архиепископ атануы, немесе басқа бір жоғары лауазымға ие болуы — әбден-ақ мүмкін және орындалуы да оңай нәрсе екенін айтты. Бұған Санчо былай деп жауап қатты:

— Сеньорлар! Расында да, тағдыр табанын тайғанақтатып, қожайыным император емес, архиепископ болу жайындағы ойға жабысып қалса не болады? Кезбе архиепископтар атқосшыларына әдетте қандай сый-сияпат жасаушы еді, соны алдын-ала біліп қойсам деп ем.

— Дәстүрлі сыйлық мынадай, — деді священник, — мұндайда әдетте оған діндарлардың шағын қауымына басшылық ету тапсырылады, сондай-ақ олардың жан сырын тыңдау міндеті қоса жүктелуі де мүмкін, немесе шіркеуге кіші діни қызметкер боп тағайындалуы ықтимал, ал олар жақсы жалақы алады, оған қоса тап сондай ірі мөлшердегі көлденең табысы тағы бар.

— Бірақ, бұл үшін, — деп қарсылық білдірді Санчо, — атқосшы үйленбеген адам болуы және, ең аз дегенде, шіркеуде қызмет етерлік қабілет байқатуы керек қой. Олай болса, бәрінің құрығаны, өйткені, ең әуелі айтарым, мен үйлі-баранды адаммын, екіншіден, сауатым жоқ! Сонда деймін-ау, қожайыным кезбе рыцарьлар арасында қалыптасқан дәстүрге сай император болғысы келмей, архиепископ болуға аңсары ауса мен қайтпекпін?

— Уайым жеме, достым Санчо, — деп шаштараз сөзге араласты, — қожайыныңды үгіттейміз, түсіндіреміз оған, архиепископ болмай, император болғаны рыцарьлық ұстанымына сай келетінінн айтамыз, оның үстіне бұл оған әлдеқайда оңайға түсетін шаруа, себебі ол өзі оқып-тоқудан гөрі опырып-жапыруға бейімдеу ғой.

— Маған да солай секілді көрінеді, — деп келісе кетті Санчо, — бірақ естеріңізге салып қояйын: оның қолынан келмейтін нәрсе жоқ. Ал енді өзім құдайға оны өзіне де оңтайлы, мені де жарылқайтын жаққа қарай бағытта деп жалбарынатын болам.

— Сен салиқалы адамның сөзін айтып тұрсың, — деді священник, — оған қоса шынайы христианша әрекет жасамақсың. Бірақ қожайыныңды әлгінде өзің әңгімелеп берген, өзіне-өзі тілеп алған мағынасыз азабынан қалай арылтамыз, міне қазір енді сол жайында ақылдасуымыз қажет. Осының жайын ойластыру үшін және жүрек жалғап алу үшін, — мезгілі болды ғой, — бекетке кіргеніміз жаман болмас еді.

Санчо оларға ішке кіре берулерін өтініп, өзі осы арада күте тұратынын, онда неге кірмегенін және не себепті оған кіруге болмайтынын кейін түсіндіре жататынын айтты, сосын өзіне ыстық тамақ, ал Росинантқа сұлы әкеп берулерін сұрады. Олар аулаға кіріп кетті де, бұл сыртта тұрып қалды, көп ұзамай шаштараз оған тамақ әкеліп берді. Бұдан кейін священник пен шаштараз ойлағандарын қалай орындауға болатыны жайында ұзақ отырып кеңесті, сөйтіп ақыры священник Дон Кихоттың көңілінен шығатындай әрі көздеген мақсаттарымен үйлесім табатындай бір амал ойлап тапты, анығырақ айтқанда — ол шаштаразға мынадай ойға келгенін мәлім етті: ол өзі қаңғыбас бикеш боп киінбек, ал шаштараз бар өнерін салып оның малайы секілді сүдін табуға тиіс, сөйтіп олар осындай кейіпте Дон Кихотқа аттанады, барған соң бұл, священник, жәбір көрген, қорғансыз бикештің түріне еніп одан бір бұйымтайын орындауын өтінеді, ал айбынды кезбе рыцарь ретінде анау бұл өтінішті, сөз жоқ, аяқ асты қалдырмайды. Айтылмақ бұйымтайдың мән-жайы мынадай болатын: Дон Кихот бикешке еріп барып, ар-намысын қорлаған әлдебір жауыз рыцарьдан кек әперуге тиіс еді; оған қоса, анау қашан жауыз рыцарьдың тиісті сыбағасын бергенше бикеш одан бетпердесін де шешпеуге, сондай-ақ егер әлдене жайында білгісі келіп сұрақ қояр болса, ешқайсысына жауап та қайтармауға кеңшілік етуін өтінбекші еді. Сөзінің соңында священник егер осындай шарт қойылса Дон Кихоттың еш ойланбайтынына, сөйтіп оны осындай жолмен ана жерден шығарып алатындарына және амалдап селоға жеткізетіндеріне нық сенім білдірді, ал селоға барған соң бұлар есалаңдықтың мұншалықты ерекше түрін емдеудің тағы бір амалын қарастыра жатады ғой.

Tags

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button
Close