ЕЛОРДАДА ЕСІРТКІ ТАРАТУ АРНАСЫНЫҢ ЖОЛЫ КЕСІЛДІ
Астанада полиция есірткі заттарын сақтап, таратты деген күдікпен 26 жастағы ер адамды ұстады.

Жедел-іздестіру шаралары барысында күдікті екі жасырын орыннан есірткі заттарын алып жатқан жерінен қолға түскен. Полиция қызметкерлері аталған орындардан қала аумағында таратуға дайындалған тыйым салынған заттары бар 100-ден астам ораманы тәркіледі.
Кейін күдіктінің тұрғылықты жеріне тінту жүргізілген. Тінту кезінде аяқ киім қорабының ішінен ақ түсті, ұнтақ тәрізді зат салынған қосымша орамалар табылды. Алдын ала мәлімет бойынша, олардың құрамында мефедрон мен альфа-PVP болуы мүмкін. Орамалардың сырты түрлі түсті оқшаулағыш таспамен қапталған.
Тәркіленген заттардың барлығы сараптамаға жіберілді.
Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалып, күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазіргі таңда оның есірткі қылмысына қатысы болуы мүмкін өзге де тұлғалар анықталып жатыр.
Құқық қорғау органдары есірткі заттарын заңсыз сақтау, өткізу және тарату қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғатынын ескертеді.
Полиция есірткі заттарының заңсыз айналымына қарсы жұмысты тұрақты түрде жүргізіп келеді. Оның ішінде есірткіні арнайы жасырын орындарға жасыру арқылы тарату тәсілдерін анықтау және жолын кесуге бағытталған жедел іс-шаралар да бар.



