Без рубрики

ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРДІҢ САЛЫҒЫН ЕСЕПТЕУ ТӘРТІБІ ӨЗГЕРУІ МҮМКІН

Қазақстанда жеке табыс салығын есептеу тәртібін өзгерту ұсынылды. Жаңа түзетулерге сәйкес, салықты дивидендтерден басқа төлем көзінен салық салынатын барлық табыс бойынша жыл басынан бергі жиынтық сомаға қарай есептеу көзделіп отыр.

Экономика министрлігі Салық кодексіне өзгерістер енгізуді көздейтін түзетулер топтамасын қоғамдық талқылауға шығарды. Ұсыныстардың қатарында жеке табыс салығын есептеу тәсілін қайта қарау да бар. Құжатқа қатысты ескертулер мен ұсыныстар 2026 жылғы 25 қыркүйекке дейін қабылданады.

Қолданыстағы тәртіп бойынша жұмыс беруші қызметкердің табысынан жеке табыс салығын есептеп, бюджетке аударады. Ұсынылып отырған өзгерістер күшіне енсе, төлем көзінен салық салынатын табыстар жыл басынан бастап жиынтық түрде есепке алынбақ.

Мысалы, қызметкер бір жұмыс берушіден жалақы алып, сол жұмыс берушімен азаматтық-құқықтық шарт негізінде қосымша жұмыс істесе, екі табыс түрі біріктіріліп, салық ортақ база бойынша есептеледі.

Бұл ретте дивидендтер жаңа жиынтық есепке енгізілмейді. Оларға жеке салық салу тәртібі сақталады.

Салықтық шегерімдерге де өзгеріс ұсынылды

Жаңа түзетулерде негізгі салықтық шегерімнің мөлшерін айына 30 АЕК деңгейінде сақтау көзделген. 2026 жылы бұл сома 129,8 мың теңгені құрайды.

Алайда ұсынылған тәртіп бойынша негізгі шегерімді тек жалақы және азаматтық-құқықтық шарттар негізінде алынған табысқа қолдануға болады. Өзге табыс түрлеріне бұл жеңілдік қарастырылмайды.

Сонымен қатар пайдаланылмаған негізгі шегерімді келесі айға ауыстыруға мүмкіндік берілмейді.

Әлеуметтік салықтық шегерім бойынша да өзгеріс ұсынылып отыр. Қызметкер оны бірнеше жұмыс берушіде қатар қолдана алады. Ол үшін әр жұмыс берушіге жеке өтініш беріп, қолданылатын шегерім мөлшерін көрсету қажет. Дегенмен барлық жұмыс берушілер бойынша қолданылатын шегерімнің жалпы сомасы заңда белгіленген шектен аспауға тиіс.

Директорлар кеңесі мүшелерінің табысы бөлек қаралады

Түзетулердің тағы бір бөлігі директорлар кеңесінің мүшелеріне қатысты. Олардың табысын жеке табыс түрі ретінде қарастыру ұсынылып отыр.

Қазір директорлар кеңесінің мүшелері салық салу мақсатында қызметкерлер санатына жатқызылады. Жаңа ережеге сәйкес, олардың табысына негізгі салықтық шегерім қолданылмайды.

Ұсынылып отырған өзгерістерді 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап енгізу жоспарланған.

Еске салайық, Қазақстанда жаңа Салық кодексі 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енді. Салық реформасы бұған дейін бизнес өкілдері мен сарапшылар арасында кеңінен талқыланып, бірқатар сын-пікірге де себеп болған.

Қаржыгер Расул Рысмамбетов жаңа салықтық талаптардың шағын және орта бизнестің, әсіресе сауда саласының қызметіне әсер етуі мүмкін екенін айтқан. Оның пікірінше, салық жүйесін жетілдіруге бағытталған түзетулерді жедел қарау маңызды.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button
Close