ҚАЗЫҒҰРТТА МЕМЛЕКЕТ АЛДЫНДАҒЫ БЕРЕШЕКТЕРДІ ӨНДІРУДІҢ ТИІМДІЛІГІ ТАЛҚЫЛАНДЫ
Қазығұрт ауданында мемлекет алдындағы берешек қарыздарды өндіріп алу жұмыстарын жетілдіруге арналған ведомствоаралық кеңес өтті.

Басқосуға аудан әкімі Азизхан Исмаилов, аудан прокуроры Руслан Абдраимов және аудандық соттың төрағасы Дәулетияр Машрапов жетекшілік етті. Жиынның негізгі мақсаты – мемлекетке тиесілі берешектерді өндіру барысын саралап, жауапты мекемелердің өзара іс-қимылын күшейту арқылы жұмыстың нәтижелілігін арттыру.
Кеңеске аудан әкімінің орынбасарлары, аппарат басшысы, құқық қорғау органдарының өкілдері, дербес бөлімдердің жетекшілері, жауапты мемлекеттік мекемелердің басшылары және жеке сот орындаушылары қатысты. Қатысушылар қазіргі ахуалды жан-жақты талдап, қордаланған мәселелерді шешудің нақты жолдарын қарастырды.
Жиын барысында екі негізгі мәселе күн тәртібіне шығарылды. Алғашқысы – аудан көлемінде көлік салығы бойынша қалыптасқан берешектерді өндіру жұмыстарының қазіргі жағдайы. Бұл жөнінде Қазығұрт ауданы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы Қанат Төлендиев баяндама жасап, салықтық берешектің көлемі, оны азайту бағытында қолға алынған шаралар және алдағы кезеңге жоспарланған жұмыстар туралы кеңінен мәлімет берді. Сондай-ақ берешегі бар азаматтармен жүргізіліп жатқан түсіндіру жұмыстары мен заң аясында қабылданып жатқан шараларға тоқталды.
Күн тәртібіндегі екінші мәселе сот орындаушыларының өндірісіндегі қарыздарға арналды. Бұл бағыт бойынша аудандық экономика және қаржы бөлімінің басшысы Сейдрахым Сайлауов баяндама жасап, орындалуы тиіс атқарушылық құжаттардың жай-күйі, өндірістегі істердің саны және берешектерді өндіру барысында кездесетін өзекті мәселелер туралы ақпарат ұсынды. Сонымен қатар өндірістегі құжаттардың орындалуын жеделдету үшін жауапты мекемелер арасындағы өзара байланыс пен үйлестіруді күшейтудің маңыздылығын атап өтті.
Кеңес барысында қатысушылар мемлекет алдындағы қаржылық міндеттемелердің уақытылы орындалуы бюджет кірісінің тұрақтылығына тікелей әсер ететінін айтты. Осыған байланысты берешектерді өндіру жұмыстарын жүйелі ұйымдастыру, жауапты мекемелердің бірлескен іс-қимылын күшейту, ақпарат алмасуды жетілдіру және әрбір атқарушылық істі тұрақты бақылауда ұстау мәселелері кеңінен талқыланды. Сондай-ақ берешектердің көбеюіне әсер етіп отырған себептер сараланып, оларды азайтуға бағытталған ұсыныстар ортаға салынды.
Жиын қорытындысында аудан әкімі Азизхан Исмаилов жауапты сала басшыларына анықталған кемшіліктерді қысқа мерзімде жоюды тапсырды. Сонымен қатар әрбір мекеме нақты іс-шаралар жоспарын әзірлеп, берілген тапсырмалардың орындалуына жоғары жауапкершілікпен қарауы қажеттігін айтты. Оның сөзінше, мемлекеттік міндеттердің сапалы орындалуы – барлық мекеменің ортақ жауапкершілігі.
Өз кезегінде аудан прокуроры Руслан Абдраимов «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып, мемлекет алдындағы берешектерді өндірумен қатар алимент төлемдерін өндіріп алу мәселесіне де ерекше назар аударды. Ол заң талаптарын мүлтіксіз сақтау, атқарушылық құжаттардың орындалуын жеделдету және бұл бағыттағы жұмысты жандандыру үшін жауапты мамандарға нақты міндеттер жүктеді.
Ал аудандық соттың төрағасы Дәулетияр Машрапов әрбір атқарушылық іс бойынша жеке талдау жүргізудің маңызын атап өтті. Оның айтуынша, сот шешімдерінің уақытылы орындалуы заң үстемдігін қамтамасыз етудің маңызды көрсеткіші болып саналады. Сондықтан барлық жауапты органдар бірлесе әрекет етіп, мемлекетке тиесілі қаражаттың толық әрі уақытылы өндіріліп алынуына күш салуы қажет.
Жиын соңында қатысушылар көтерілген мәселелер бойынша ұсыныстарын айтып, алдағы уақытта жауапты мекемелердің үйлесімді жұмысын жалғастыру арқылы мемлекет алдындағы берешектерді өндіру көрсеткішін жақсарту бағытындағы шаралар тұрақты бақылауда болатынын жеткізді.



