SHYNDYQ.KZ АҚПАРАТТЫҚ ПОРТАЛЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ АЙГЕРІМ ЕСБОЛАТҚЫЗЫ «АҚПАРАТ САЛАСЫНЫҢ ҮЗДІГІ» ТӨСБЕЛГІСІМЕН МАРАПАТТАЛДЫ
Түркістан облысында Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күні жоғары деңгейде аталып өтті.

Мереке қарсаңында өткен салтанатты жиында қоғамдағы өзекті мәселелерді көтеріп, ел мен билік арасындағы ашық диалогтың қалыптасуына үлес қосып жүрген журналистерге құрмет көрсетілді. Солардың қатарында Shyndyq.kz ақпараттық порталының директоры Айгерім Есболатқызы Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің «Ақпарат саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталды.
Айгерім Есболатқызы – Түркістан өңіріндегі өзекті мәселелерді батыл көтеріп, олардың шешілуіне ақпараттық қолдау көрсетіп келе жатқан тәжірибелі журналист. Ол басқаратын Shyndyq.kz ақпараттық порталы жылдар бойы халықтың мұң-мұқтажын билікке жеткізіп, қоғамдағы маңызды тақырыптарды тұрақты түрде жариялап келеді. Өңірдегі әлеуметтік мәселелер, инфрақұрылым, тұрғындардың талап-тілегі мен қоғамдық бақылауды қажет ететін түйткілдер порталдың назарынан тыс қалған емес. Осындай табанды еңбектің нәтижесінде мемлекеттік марапатқа ие болуы – тек жеке жетістік емес, бүкіл редакция ұжымының еңбегіне берілген жоғары баға.
Мерекелік іс-шара барысында Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен кездесіп, кәсіби мерекелерімен құттықтады. Өңір басшысы журналистиканың қоғамдағы орнына тоқталып, ақпарат саласы қызметкерлерінің ел дамуы мен халықтың ақпаратқа қолжетімділігін қамтамасыз етудегі еңбегін ерекше атап өтті. Сонымен қатар салаға сүбелі үлес қосқан бірқатар журналистке алғыс хаттар мен ведомстволық марапаттар табысталды.
Биылғы мерекенің тағы бір ерекшелігі – Түркістан облысында алғаш рет өңірлік журналистерге баспана кілттерінің берілуі болды. Мемлекет есебінен салынған 66 пәтердің екеуі Түркістан облысының БАҚ өкілдеріне табысталды. Пәтер кілтін «Хабар» арнасының өңірлік инженер-операторы Ерболат Әбішов пен Созақ аудандық газетінің жауапты хатшысы Нұрсұлтан Шертаев иеленді. Қуаныш иелері Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа және Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровке қолдау көрсеткені үшін алғыстарын білдірді.
Мерекелік кештің шырайын белгілі тележүргізуші Гүлнұр Оразымбетова кіргізді. Арнайы Астанадан келген жүргізуші кешті жүргізіп қана қоймай, көрермендерге әннен шашу шашты. Сондай-ақ түрлі музыкалық аспаптарда өнер көрсеткен әртістердің әсерлі бағдарламасы мерекелік кештің сәнін арттыра түсті.
Журналистерге көрсетілген бұл құрмет – ақпарат саласының қоғам үшін маңызын айқын аңғартатын маңызды қадам. Ал Shyndyq.kz ақпараттық порталының директоры Айгерім Есболатқызының «Ақпарат саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталуы – өңірлік журналистиканың дамуына қосылған сүбелі үлестің лайықты бағаланғанының жарқын көрінісі.



