Без рубрики

СОЗАҚ АУДАНЫНДА АРДАГЕРЛЕР АРАСЫНДА БИЛЬЯРД ТУРНИРІ ЖОҒАРЫ ДЕҢГЕЙДЕ ҰЙЫМДАСТЫРЫЛДЫ

Созақ ауданында аға буын өкілдеріне құрмет көрсету, олардың белсенді өмір салтын ұстануына жағдай жасау және қоғамдағы рөлін арттыру бағытында түрлі іс-шаралар тұрақты түрде ұйымдастырылып келеді.

Өмір бойы ел дамуына еңбек етіп, қоғамның қалыптасуына үлес қосқан ардагерлердің тәжірибесі мен ақыл-кеңесі әрдайым жоғары бағаланады. Сондықтан ардагерлердің басын қосатын мәдени және спорттық шаралар олардың бос уақытын тиімді өткізіп қана қоймай, өзара қарым-қатынасты нығайтуға және белсенді өмір сүруіне оң ықпал етеді.

Осы бағыттағы тағылымы мол шаралардың бірі – «Белсенді ұзақ өмір және тең қоғам» әлеуметтік қызметтер көрсету орталығында өткен аудан ардагерлері арасындағы бильярд турнирі болды. Ұлы Жеңістің 81 жылдығына арналған бұл спорттық дода ауданның әрбір ауылдық округі мен елді мекенінен келген қариялардың басын қосып, олардың шеберлігі мен тәжірибесін саралайтын маңызды алаңға айналды. Турнир тек жеңімпаздарды анықтаумен шектелмей, аға буын өкілдерінің белсенділігі мен өмірге деген құлшынысын көрсеткен ерекше шара ретінде есте қалды.

Турнирдің ашылу салтанатына аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков қатысып, ардагерлерге жылы лебізін білдірді. Аудан басшысы өз сөзінде елдің бүгінгі дамуы мен қоғамның қалыптасуына ардагерлердің қосқан үлесі зор екенін атап өтті. Олардың ұзақ жылдар бойы түрлі салада адал еңбек етіп, кейінгі буынға өнегелі жол қалдырғанын жеткізді. Сонымен қатар қатысушыларға сәттілік тілеп, мұндай шаралардың аға буынның денсаулығын нығайтып, белсенді өмір салтын жалғастыруға мүмкіндік беретінін айтты.

Шара барысында ауданның қоғамдық өміріне және өңірдің дамуына өзіндік үлес қосқан бірқатар ардагерлер марапатталды. Оларға Түркістан облысы әкімінің арнайы Алғыс хаттары табысталып, көп жылғы адал еңбегі мен қоғамдағы белсенді қызметі үшін «Ерен еңбек иесі» және «Ардақты ардагер» төсбелгілері берілді. Бұл марапаттар ардагерлердің ұзақ жылдар бойғы қажырлы еңбегіне көрсетілген құрмет пен лайықты бағалау болды.

Аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков турнир қатысушыларымен бірге бильярд ойынына қатысып, ардагерлермен еркін форматта әңгімелесті. Кездесу барысында аға буын өкілдері өздерінің өмірлік тәжірибелерімен бөлісіп, қоғамдағы түрлі мәселелер жөніндегі ой-пікірлерін жеткізді. Мұндай ашық кездесулер ұрпақтар арасындағы байланысты нығайтып, ардагерлердің қоғам өміріндегі орны ерекше екенін тағы бір мәрте көрсетті.

Өз кезегінде аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қабылбек Еспенбетов сөз сөйлеп, тарихтың ең ауыр кезеңдерінде ел үшін жанын қиған майдангерлердің ерлігі ешқашан ұмытылмайтынын атап өтті. Ол Ұлы Отан соғысындағы Жеңіс жолында күрескен ата-бабаларымыздың рухына құрмет көрсету – бүгінгі ұрпақтың қасиетті борышы екенін айтты. Сонымен қатар жарысқа қатысып отырған ардагерлерге ақжарма тілегін білдіріп, турнирдің жоғары деңгейде өтуіне және қатысушылардың сәтті өнер көрсетуіне тілектестік танытты.

Аудандық бильярд турниріне Созақ ауданының әр ауылдық округі мен елді мекенінен келген ардагерлер қатысуда. Жарыс екі жас ерекшелігі бойынша ұйымдастырылып, әр топтағы қатысушылар өзара мықтыларды анықтауда. Бірінші топта 63 пен 70 жас аралығындағы 15 ардагер бақ сынаса, екінші топта 70 жастан асқан 20 қария өз шеберліктерін көрсетуде. Бұл өз кезегінде ардагерлердің жас ерекшеліктеріне қарай тең дәрежеде сайысқа түсуіне мүмкіндік береді.

Бильярд – тек дәлдік пен шеберлікті қажет ететін ойын ғана емес, ол адамның зейінін, сабырын және ойлау қабілетін дамытатын зияткерлік спорт түрлерінің бірі. Сондықтан мұндай турнирлер ардагерлердің физикалық белсенділігін сақтап қана қоймай, олардың сергек өмір сүруіне, жаңа достық қарым-қатынастар орнатуына және бос уақытын тиімді өткізуіне жағдай жасайды.

Бүгінде Созақ ауданында ардагерлерге деген құрмет ерекше мәнге ие. Аға буын өкілдерінің қоғамдық өмірге белсенді араласуына, олардың денсаулығын нығайтуға және әлеуметтік белсенділігін арттыруға бағытталған жобалар тұрақты жүзеге асырылуда. Осындай спорттық жарыстар – ұрпақ сабақтастығын нығайтып, үлкенге құрмет, кішіге ізет қағидаларын дәріптейтін маңызды бастамалардың бірі.

Аудан ардагерлері арасында ұйымдастырылған бильярд турнирі де осы игі мақсаттардың айқын көрінісі болды. Жарыс қатысушыларға өзара тәжірибе алмасуға, шеберліктерін шыңдауға және көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Алдағы уақытта да осындай тағылымы мол, тәрбиелік мәні зор шаралар жалғасын тауып, Созақ ауданындағы аға буын өкілдерінің белсенді өмір салтын қалыптастыруға өз үлесін қоса беретіні сөзсіз.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button
Close