Экономика

КӨПШІЛІККЕ ЖАБЫҚ ӨНДІРІС: СОЗАҚТАҒЫ УРАН КЕНІШІ ҚАЛАЙ ЖҰМЫС ІСТЕЙДІ?

Қазақстан табиғи уран өндіруден әлемде көш бастап келеді.

Ел жыл сайын әлемдік бастапқы уран өндірісінің шамамен 40 пайызын қамтамасыз етеді. Ал осы көрсеткіштің қалыптасуына үлес қосып отырған негізгі өндіріс орындарының бірі – Түркістан облысы Созақ ауданындағы «Батыс Мыңқұдық» кеніші.

Біз «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық атом компаниясының еншілес ұйымы саналатын «АППАК» ЖШС ұйымдастырған баспасөз турына қатысып, көпшілікке жабық өндіріс орнының жұмысымен таныстық.

Өндіріс аумағына кірудің өзі қатаң талаптармен жүзеге асады. Арнайы рұқсатсыз және қорғаныс киімінсіз кеніш аумағына кіруге болмайды. Бақылау-өткізу бекетінен өткеннен кейін ғана өндіріс алаңына жол ашылады.

Кеніштің алғашқы өндірістік нүктесінде мамандар жерасты ұңғымалық шаймалау әдісі арқылы уран өндіру процесін түсіндірді. Бұл – әлемде экологиялық тұрғыдан қауіпсіз әдістердің бірі саналады. Арнайы ерітінді жер астындағы уран қабатына жіберіліп, кейін құрамында ураны бар ерітінді қайтадан жер бетіне шығарылады. Осылайша табиғи уран өндірудің алғашқы кезеңі басталады.

Келесі нысан – жөндеу және қалпына келтіру учаскесі. Мұнда өндірістегі ұңғымалардың, сорғылардың және басқа да технологиялық жабдықтардың үздіксіз жұмыс істеуі қамтамасыз етіледі. Мамандар жабдықтарды уақытылы жөндеп, техникалық қызмет көрсетеді. Себебі бір ғана жабдықтың тоқтауы өндірістің жалпы процесіне әсер етуі мүмкін.

Өндірістің келесі маңызды бөлігі – диспетчерлік басқару орталығы. Бұл жерде кеніштің барлық технологиялық процесі тәулік бойы бақылауда болады. Ұңғымалардың жұмысы, сорғылардың жағдайы, құбырлардағы қысым және өндірістік көрсеткіштердің барлығы арнайы автоматтандырылған жүйе арқылы бақыланады. Қажет болған жағдайда диспетчерлер жедел шешім қабылдап, өндіріс процесінің тоқтаусыз жүруін қамтамасыз етеді.

Баспасөз туры барысында дайын өнім сақталатын қойма да көрсетілді. Мұнда өндірістен шыққан өнім арнайы бөшкелерде сақталады. Әрбір бөшке есепке алынып, таңбаланады және жөнелтілгенге дейін белгіленген талаптарға сәйкес арнайы бақылауда болады.

Баспасөз туры аясында кәсіпорын басшылығы өндірістегі қазіргі көрсеткіштер мен алдағы жоспарлар туралы да мәлімет берді. Айтуынша, «Батыс Мыңқұдық» кеніші тұрақты өндіріс қарқынын сақтап келеді. Сонымен қатар еңбек қауіпсіздігін күшейту, өндірісті цифрландыру және жаңа технологияларды енгізу бағытындағы жұмыстар жалғасуда.

Кәсіпорын өндірістен бөлек әлеуметтік жобаларға да көңіл бөледі. Компанияның мәліметінше, өңірлердің әлеуметтік-экономикалық дамуына тұрақты түрде қаржы бөлініп келеді. Қаражат денсаулық сақтау, білім беру, спорт, инженерлік инфрақұрылым және тұрғын үй құрылысы бағыттарына жұмсалады. Созақ ауданында да әлеуметтік нысандар мен тұрғын үй құрылысына қолдау көрсетілген.

Сондай-ақ кәсіпорын қызметкерлеріне қолайлы еңбек жағдайын жасауға басымдық берілген. Вахталық кентте жұмысшылардың демалуына арналған жеке бөлмелер, спорт залы, бильярд, үстел теннисі, шағын футбол алаңы және басқа да бос уақытты тиімді өткізуге арналған орындар қарастырылған.

«Қазатомөнеркәсіп» бүгінде табиғи уран өндіру және өткізу бойынша әлемдік көшбасшы компаниялардың бірі саналады. Компания Қазақстан аумағындағы 27 кен орнын игеріп, 14 уран өндіру активін басқарады. Ал Созақ ауданындағы «Батыс Мыңқұдық» кеніші осы үлкен өндірістік жүйенің маңызды буындарының бірі ретінде еліміздің стратегиялық саласының дамуына өз үлесін қосып келеді.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button
Close