Қоғам
«ӨНЕРЛІ ӨЛКЕ»: БӘЙДІБЕК АУДАНЫ ОБЛЫСТЫҚ ӨНЕР ФЕСТИВАЛІНІҢ КЕЛЕСІ КЕЗЕҢІНЕ ЖОЛДАМА АЛДЫ
Түркістан қаласында «Өнерлі өлке» облыстық өнер фестивалі өтті. Төлеби мен Бәйдібек ауданының мәдени көші киелі қала тұрғындары мен қонақтарына мерекелік көңіл-күй сыйлады. Қазылар алқасының шешімімен бәйдібектік өнерпаздар келесі кезеңге жолдама алды.

Шарада Бәйдібек ауданы әкімінің орынбасары, аудан әкімінің міндетін уақытша атқарушы Бақыт Қырғызалиев құттықтау сөз сөйлеп, қос аудан өнерпаздарына сәттілік тіледі.
Олар ақындар айтысы, дәстүрлі терме, ұлт аспаптар ансамблі, эстрадалық жанр, би өнері, вокалды-аспаптық ансамбль, «Ауылдың алты ауызы» (әжелер ансамблі), салт-дәстүрлер көрінісі сынды жанрлар бойынша бақ сынады. Жалпы фестиваль аясында қолөнер шеберлерінің көрмесі, суретшілер жұмыстары, аудан жетістіктері мен кітап көрмелері ұйымдастырылды.
Биылғы фестиваль ережесіне өзгерістер енгізілді. Жалпы үш кезеңнен тұрады. Жеребе арқылы жұптасқан аудан-қалалар бірінші кезеңде сайысқа түсіп, үздік өнер ұжымдары келесі айналымға жолдама алады. Ақтық кезеңде үздіктер анықталады. Өнерпаздардың өнері жанрлар бойынша кәсіби қазылар алқасымен бағаланып, ұлттық нақыш пен сахналық мәдениетке баса назар аударылады және ұйымдастырушылық деңгейіне баға беріледі.
Өнер додасына Облыстық мәдениет және халық шығармашылығы орталығының директоры, ҚР Мәдениет саласының үздігі Мейіржан Алиакбаров, ақын, Облыстық мәдениет басқармасының бөлім басшысы Мұқағали Кенжетайұлы, ҚР Мәдениет саласының үздігі, айтыскер ақын, «Айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің Халықаралық одағының» Түркістан облысы филиалының төрағасы Тұрар Тілеулиев, ҚР Мәдениет қайраткері, композитор, Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-дің оқытушысы Әлімбай Ботақараев, Облыстық мәдениет және халық шығармашылығы орталығының хореограф Ақниет Әмзехан қазылық етеді.
Айта кетейік, Түркістан облысы әкімдігінің қолдауымен Облыстық мәдениет басқармасы, Облыстық мәдениет және халық шығармашылығы орталығының ұйымдастыруымен мамыр-шілде айларында өтеді. Өнерлі көштің керуенін ертең, 24 мамыр күні Арыс қаласы мен Созақ ауданы «Керуен сарай» кешенінде сағат 19:00-де өнер көрсетеді.