2025 ЖЫЛҒЫ ӘЛЕМ ЧЕМПИОНАТЫНДА ҚАЗАҚСТАН ҚҰРАМАСЫ ТОП ЖАРДЫ
Ұлыбританияның Ливерпуль қаласында өткен 2025 жылғы Әлем чемпионатында Қазақстан боксшылары айқын басымдықпен жеңіске жетті.

Жарыс қорытындысы бойынша ұлттық құрама жалпы 10 медаль еншілеп, оның ішінде 7 алтын, 1 күміс және 2 қола алып, командалық есепте бірінші орынға көтерілді. Бұл – қазақстандық спорт тарихындағы айтулы жетістіктердің бірі.
Жеті алтын иегері
Қазақстан құрамасының жеңіс шеруін Санжар Тәшкенбай бастады. Ол 50 келі салмақта моңғолиялық қарсыласы Алдарқхишиг Баттулганы айқын басымдықпен ұтып, ел қоржынына алғашқы алтынды салды.
Келесі жеңіс Махмұд Сабырханға бұйырды. 55 келі салмақта ол испаниялық Рафаэль Лосано Серраномен кездесіп, шеберлігін дәлелдеп, кезекті алтынды Қазақстанға сыйлады.
Әйелдер құрамасы да ерекше көзге түсті. 51 келі салмақта Алуа Балқыбекова түркиялық мықты Бусе Наз Чакыроглумен финалда кездесіп, сенімді түрде жеңіске жетті. Ал 65 келі салмақтағы Аида Әбікеева өзбекстандық Навбахор Хамидовамен өткен тартысты бәсекеде жеңіс тойын тойлады.
Ерлер арасында 70 келі салмақта Төрехан Сабырхан жарқырай көрінді. Ол жапондық қарсыласы Сеуонрец Окадзаваны финалда айқын басымдықпен жеңіп, небәрі 19 жасында ересектер арасындағы алғашқы Әлем чемпионы атанды.
Сол салмақтағы әйелдер бәсекесінде Наталья Богданова да алтыннан алқа тақты. Ол финалда аустралиялық Лекейша Перголиді жеңіп, 70 келіде Әлем чемпионы атанған тұңғыш қазақстандық әйел боксшы ретінде тарихта қалды.
Жеті алтынның соңғысын Айбек Оралбай иеленді. Ол ауыр салмақта өзбек боксшысы Жахонгир Зокировты финалда ұтып, Қазақстанның чемпиондық тұғырын нығайтты.
Ұлттық құрамаға үлкен серпін
Бұл жетістік – Қазақстан боксының жаңа дәуірін айқындаған жеңіс. Ұлттық құрама үшін 7 алтын медаль — бұрын-соңды болмаған тарихи нәтиже. Жаттықтырушылардың еңбегі, спортшылардың табандылығы мен жанкүйерлердің қолдауы Қазақстанды әлемдік рингтің көшбасшысына айналдырды.
Ливерпуль төрінде көк байрақты көкке көтерген қазақстандық былғары қолғап шеберлері ел мерейін асқақтатты. Енді оларды алда Азия чемпионаты мен Олимпиада ойындары күтіп тұр.