СОЛТҮСТІК ҚАЗАҚСТАНДА 15 МЫҢ ЖЫЛДЫҚ МАМОНТ СҮЙЕГІ ТАБЫЛДЫ
Солтүстік Қазақстан облысында тарихи тұрғыдан аса құнды олжа анықталды. Жергілікті тұрғын балық аулау кезінде ұзындығы шамамен 1 метр болатын мамонттың сүйегін тауып алып, оны археолог Анатолий Плешаковқа тапсырған. Мамандар дереу табылған аумақты зерттеуге кірісті.

Ғалымдардың айтуынша, сүйек шамамен 15 мың жыл бұрын өмір сүрген мамонт дәуіріне тиесілі. Бұл тек бір бөліктің табылуы ғана, қалған қаңқа топырақ астында жатуы әбден мүмкін. Археологтар келесі жылы жоспарлы қазба жұмыстарын жүргізуді жоспарлап отыр. Егер толық қаңқа немесе сол кезеңдегі адамдардың құрал-саймандары табылса, ол Солтүстік Қазақстандағы алғашқы палеолит ескерткіші ретінде ғылымға енгізілмек.
Қазақстан аумағында мұндай олжалар сирек кездеседі. Бұған дейін Шығыс Қазақстан мен Павлодар өңірлерінен мамонт сүйектерінің жекелеген фрагменттері табылғанымен, толықтай сақталған үлгілер анықталмаған. Сондықтан СҚО-дағы жаңа табыс ғалымдар үшін ерекше құнды болып отыр.
Мамонт сүйектерінің табылуы тек палеонтологтарға ғана емес, тарихшылар мен археологтарға да маңызды. Бұл деректер сол дәуірдің климатын, жануарлар дүниесін, тіпті алғашқы адамдардың қоныстану аймақтарын зерттеуге жол ашады. Егер сүйектермен бірге еңбек құралдары немесе от іздері табылса, бұл өңірде адамдардың ежелден өмір сүргенін дәлелдейтін сенсациялық жаңалық болмақ.
Сарапшылардың айтуынша, Қазақстан жері мұз дәуірінде ірі жануарлардың миграция жолында болған. Мамонттар негізінен Сібір аумағында көптеп табылса, олардың іздері біздің елде сирек кездеседі. Сондықтан СҚО аумағындағы бұл табыс әлемдік ғылым үшін де маңызды.
Жергілікті тұрғындардың мұндай олжаларды дер кезінде мамандарға хабарлауы – ғылым үшін үлкен көмек. Себебі көптеген құнды жәдігерлер қарапайым азаматтардың қырағылығының арқасында анықталып келеді. Бұл жолы да кездейсоқ табылған сүйек Қазақстан тарихына жаңа парақ қоса алады.
Қазіргі таңда сүйек зертханалық сараптамаға жіберілді. Мамандар оның нақты жасын, түрлік ерекшеліктерін және сақталу деңгейін анықтап жатыр. Алдағы жылдары арнайы экспедиция ұйымдастырылып, табылған жер толық зерттелмек. Егер сүйек жақсы сақталса, болашақта ол аймақтық музей қорына қойылуы мүмкін. Ғалымдар бұл олжаны Солтүстік Қазақстанның көне тарихын жаңаша ашатын маңызды қадам деп бағалап отыр.